Лев Толстой. Филипок

(Л.Н.Толстойдан. Болған уақиға)

Филипок деген бiр бала бар едi. Бiрде балалардың бәрi мектепке кеттi. Солардан қалмайын деп, Филипок та құлақшынын киiп, мектепке бармақшы болып едi, анасы оны көрiп:

— Әй, қайда барасың? — деп сұрады.

— Мектепке, — дедi бұл қибыжықтап тұрып.

Анасы:

— Сенiң әлi оқуға жасың жеткен жоқ, бармайсың, ұйден шығушы болма, — дедi де, жұмысына кеттi.

Филипоктың әкесi таңертең орманға кеткен болатын. Аулада ешкiм жоқ. Избада Филипок пен пеш үстiнде жататын кәрi әжесi екеуi ғана қалды. Аздан кейiн әжесi ұйықтап қалды. Филипоктың жаңғыз өзiнiң iшi пысты. Сосын ол сыртқа шықпақ боп, құлақшынын iздеп едi, оны таба алмады. Содан соң Филипок әкесiнiң көнесiн кидi де, избадан шығып, мектепке қарай жүрдi.

Мектеп селодағы шiркеудiң арғы жағында болатын. Филипок өздерi тұратын көшемен жүрiп келе жатқанда, мұны танитын иттер үрiп шықпады. Ол ендi басқа аулаға келгенде, әуелi мұны танымайтын Жучка деген, содан соң Волчок деген екi ит әупiлдей үрiп шыға келдi. Олардан қорқып кеткен Филипок қаша жөнелдi, иттер оны қуа жөнелдi. Зәресi ұшқан Филипок айқайлап қашып келе жатып, бiр жерде сүрiнiп кеттi де, жалп етiп етпетiнен құлап түстi. Оны көрген бiр мұжық үйiнен шығып, иттердi қуып жiбердi де, бұған қарап:

— Әй, сотанақ, қайда бара жатырсың? — деп сұрады.

Қатты қорыққан Филипок оған жауап берместен, шапанының етегiн қолымен ұстап ап, екi өкпесi өшiп, жүгiре жөнелдi. Ол сол бетiмен мектепке келсе, сыртқы аулада ешкiм жоқ екен. Мектептiң iшiнен балалардың шуылдағаны естiледi. Сол арада Филипок: “Iшке кiрсем, оқытушы қуып жiберетiн шығар?” — деп сескенiп аз тұрды. Сосын не iстесем дедi. Бұл кейiн қарай жұрейiн десе, иттер қабады, мектепке кiрейiн десе, мұғалiмнен қорқады.

Осы кезде мектептiң жанынан су алып бара жатқан бiр әйел мұны көрiп:

— Әй, сотанақ, басқа балалар оқып жатқанда, сен оқымай, нағып сексиiп тұрсың? — дедi.

Ендi Филипок батылданып, мектепке кiрмек болып, басқышқа шықты да, есiктi ашты. Мектеп iшi балаларға толы екен. Олардың бәрi улап-шулап, азан-қазан боп жатыр. Ортада мойынында қызыл шалмасы бар мұғалiм әрлi-берлi жүр. Ол мұны көрiп:

— Сен кiмсiң, а? — дедi қаттырақ сөйлеп.

Филипок дереу құлақшынына жармасып, оны басынан сыпырды да, ештеме демедi.

Мұғалiм тағы да:

— Сен кiмсiң? — дедi.

Филипок үндемедi.

— Әй, сен неге ұндемейсiң? Әлде тiлiң жоқ ба?

Филипок қатты сасып, не дерiн бiлмедi.

— Сөйлегiң келмесе, үйiңе қайт.

Филипоктың сөйлегiсi келiп-ақ тұр едi, бiрақ қорыққанынан оның тамағына тас тiрелiп қалғандай болды. Ол сосын мұғалiмге қарады да, кенет жылап қоя бердi..

Мұғалiм оны аяп кеттi. Ол мұның басынан сипап, Филипоктың кiм екенiн балалардан сұрады.

— Бұл Филипок, Костяның iнiсi. Оның оқығысы келедi, бiрақ оны шешесi жiбермейдi. Ол кәзiр мектепке ұрланып келiп тұр.

— Ә, солай ма? Онда сен ана ағаңның қасына барып отыр. Мен бүгiн анаңмен сөйлесем, сенi мектепке жiбер деп айтам.

Содан соң мұғалiм Филипокка әрiптердi көрсете бастады. Филипок оларды бiлетiн, аздап ежелеп оқи да алатын едi.

— Кәне, мына әрiптердi қосып оқып көр.

Филипок:

—Хве-хви, -ле-и-ли, -пеок-пок, — дедi.

Бәрi ду күлдi.

—Жарайсың, — дедi мұғалiм. — Сенi оқуға кiм үйретiп жүр?

Сонда Филипок батылданып:

—Ол… ол… Костя, — дедi. — Мен сондай алғырмын, бәрiн де бiрден қағып алам.

Мұғалiм сол арада оған:

— Сен үйтiп мақтаншақ болма, сенiң әлi де оқып үйренуiң керек, — дедi.

Сол күннен бастап Филипок балаларға қосылып, мектепке баратын болды.

(1961 жылы аударылды)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *