Қараңғы, қапас түндерде,
жоғалса көзден қыр-дүзiм,
арбалсам сыйқыр гүлдерге,
жарқырай бершi, жұлдызым.
Адассам арман жолында,
iздесем тынбай Сыр қызын,
торықсам дағдыр торында,
жарқырай бершi, жұлдызым.
Сапырса тынбай телегей,
маржандар жуса гүл жүзiн,
қайырлап қалсам кемедей,
жарқырай бершi, жұлдызым.
Сапарлар алыс шаршатса,
қабағын түйсе қырмызым,
тыйыштық бiр сәт аңсатса,
жарқырай бершi, жұлдызым.
Алтын боп жүр ғой арзандар,
мұң шалмас жақсы нұр жүзiн,
жоғалмас нағыз маржандар,
жарқырай бершi, жұлдызым.
1962