Өзiңнiң әппақ жаныңдай
бұлт жүздi аспан — айнада.
Бұйығып жылқы жалындай,
жатты егiн қалың — айнала.
Түсiп ек жаңа ораққа,
уақыт не еткен жылдам-ақ,
баратын қыздай қонаққа,
жиектен тұрды Күн қарап!
Бар жұмыс бiттi. Бел жазып,
бiр сүрттiк терiн маңдайдың.
Демiн бiр алды кең жазық,
жұмыстан қайтқан жандайын.
Келемiз бiздер оңаша,
жусан тұр бiзге жол берiп.
Шомамыз ойға тамаша,
сезiмнiң iшегi тербелiп.
Толқиды менiң жас жаның,
көздерiң бiр нұр тастаса.
Сүйемiн сенi басқаның
сүйгенiнен мүлдем басқаша.
Кеудемде жатқан арманның
жеткiзе алман бiр бөлшегiн.
Кең дүния маған бар жаның,
берсе де ақыл өлшемiн,
асығам неге, — бiлшi өзiң,
Бұ не өзi от па, жалын ба?
Өзiңе деген бiр сезiм
келедi қаулап жанымда.
Кез туар сырды ақтарар,
дәрияша ағып, бөгелмей.
Сол сезiм мәңгi сақталар
толғанып туған өлеңдей.
1962