Тыңда, сәулем, үнiмдi тыңда менiң,
сен шалқытсаң жанымның нұрлы әлемiн,
ешбiр адам баласы айтпағандай
ақ жүзiңдi шалқыта жырлар едiм.
Тыңда, сәулем, үнiмдi тыңда менiң.
Жарқырайды көздерiң самаладай,
ақ бетiңде алаулап жанады арай.
Сенiң сыңғыр күлкiңдi естiгенде,
қалай өтем бас имей, бағаламай?
Жарқырайды көздерiң самаладай.
Сөзiмiзде ызғарлы күз жатпасын,
кеудемiзде тоң қабақ мұз қатпасын.
Ажырамай қолымыз болашақта,
бiр қағайық бақыттың бiз қақпасын,
бiр қағайық бақыттың бiз қақпасын!
1962