Қыс бойы күткен сағынып…

Қыс бойы күткен сағынып,
мамырдың соқты самалы.
Өрiк тұр бантик тағынып,
ашылды гүлдiң қабағы.
 
Жаңғырып, түлеп дала да,
жамылды жасыл көрпесiн.
Шомылып нұрға сары ала,
жасантты жасыл жер төсiн.
 
Аспан да ашық айнадай,
тазарған бұлттан бетi көк.
Қалар ма кеуiл жайнамай,
түскендей кеңи көкiрек.
 
Құрбым-ау, көзден нұр аулап,
барайық алыс аулаққа!
Өзгеден озып шығандап,
салайық сайран тау жақта!
 
Сағындық оның ауасын,
шыныдай мөлдiр көк бейне.
Кеуденiң тауып дауасын,
жүрейiк жасыл беткейде.
 
Алайық еске өткендi,
күлейiк сақ-сақ құлпырып.
Көрсек деп керiм көктемдi,
қанша адам күттi ынтығып?!
 
Қанша адам мамыр жаңбырын
жыл бойы күттi жабыға?
Туды ойға көктем, барлығын
алмастан мүлдем жадыңа,
 
Құрбым-ау, келшi, келшi ендi!
Сыйлашы күлкi — дәрiңдi!
Көтершi жайнап еңсемдi,
жаңғыртшы жарқын жанымды!
 
1962

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *