Мен Сыр бойынанмын. Мен 1946-ыншы жылғы апрель айының 3-i күнi №103 разъезде‚ темiржолшының отбасында дүниеге келгенмiн. Содан болса керек‚ қазақтың дағдылы кәсiбi малға қарағанда‚ темiрдiң жай-жапсарын жақсы бiлемiн. Оның үстіне әкем (бiз оны — аға‚ шешемiздi — апа дейтiнбiз) Әйдiлдә әрi жырау‚ әрi ұста‚ әрi қолының мiсекерi бар жан-жақты кiсi едi. Оның үстіне атамыз Алдамжар ескi ақ патша мен Совет кезiнде 25 жыл бойы ел басқарып жүргенде‚ әкем мұсылманша бiраз жерге дейiн оқыған‚ өте дiндәр кiсi болатын. Ол маған жастайымнан “Құранның” сүрелерiнен аяттарды жаттатып‚ жатарда кәлима қайыруға, т.б. үйреттi. Өзi үнемi: “О дүнияға барғанда‚ аллатағала бәндәдан жер бетiндегi iсi туралы араб тiлiнде сұрайды екен. Ал бiз арабша бiлмеймiз”‚ — деп кәдiмгiдей уайымдап отырушы едi. Содан бастап менiң бала кезде аса бiр сиқырлы тiлдей көрiнген арабшаны‚ фарсышаны үйренсем деген арманым көкейiмнен кетпейтiн болды. Кейiннен осы екi тiлдi өз бетiммен үйренуiме‚ негiзiнен‚ сол бала кездегi жағдай себепшi болды. Әкем маған үнемi Фирдоуси‚ Саади‚ Хафиз‚ Науаи‚ Жәми‚ Мақтымкули және де басқа Шарқының шайырлары‚ олардың кiтаптары туралы әңгiме айтып отыратын. Оның үстіне бiздiң елдi ерте заманнан бермен қарай “Сыр елi — жыр елi” дейдi. Шынында да‚ бiздiң елде бiр ауыз өлең шығармайтын‚ бiр ауыз терме айтпайтын кiсiнi кездестiре қою қиын. Оның үстіне өз әкем Әйдiлдә бұрынғы жыраулар мен шайырлардың өлең-жырларын‚ ескi қиссаларды көп бiлетiн‚ шаршы топқа түспесе де‚ ауыл үйдiң арасында өнер көрсететiн жырау кiсi едi. Ол кiсi ұлы жырау Балқы Базардың жиенi боп келетiн‚ ал шешем Жұмагүл Сыр бойының екiншi бiр сүлейi — Қарасақал Ерiмбет шайырдың екi ата жердегi туысы едi.
Сондықтан ба‚ менiң қаршадайдан құлағыма сiңгенi сол жыраулар мен шайырлардың өлеңдерi болатын. Соларды мен жастайымнан жаттап өстiм. Сүйтiп осының әсерiнен болса керек‚ 4-5 жасымда бiрдеңелердi былдырақтатып‚ өлең құрастыруды әдетке айналдырған бiр жайым бар. Ол сонау 1950-iншi жылдары едi. Мен апам Айсұлудың жазғандарына қарап отырып‚ алты жасымда хат таныдым. Содан мектепке барғанымда оқуды жақсы үлгерiп кеттiм. Үш-төрт класты бiтiргеннен кейiн‚ ауылдағы бiр молда кiсiде болатын қолжазбаны ат пен түйедей қалап алдырып‚ әкем маған ескi қиссаларды көшiрттi. Ол дәптерлер менде әлге дейiн бар. Мен ендi аздан кейiн әлгi көшiрiп алған қиссаларды жермай шамды жағып қойып‚ әндетiп оқитын болдым. Ол кездерi көне мұралардан бiзге танысы “Қыз Жiбек”‚ “Айман-Шолпан”‚ “Көрұғылы”, “Дариға қыз”, “Шәкiр-Шәкiрат”, “Сал-Сал”, “Мақпал-Сегiз” сықылды қиссалар едi. “Едiге”‚ “Орақ-Мамай”‚ “Мәулiмнияз” тәрiздi ноғайлының қиссаларын жыраулар айтуға ол кездерi қорқатын. Мен ағамнан: “Неге олай?”— деп сұрағанымда‚ ол: “Оған Iстәлiн лұқсат етпейдi”‚ – деп қысқаша ғана жауап қайыратын. Мен сонда Сталин қазақша бiле ме екен‚ оны түсiне ме екен‚ әлгi қиссаларды айтуға неге рұқсат бермейдi екен, т.б. деп таңғалып‚ бiр қызық қиялға бататынмын.
Сол жылдары бiздiң елде Соқыр жырау дейтiн бiр жүйрiк кiсi болды. Оның шын аты — Ержан. Ол жастайынан әлдеқандай аурудың салдарынан көр боп қалған екен. Мен бала кезiмде Соқыр жыраудың қисса айтқанын талай рет тыңдадым. Шын мәнiнде‚ о кiсi ұлы далада дөреген ұлы жыраулардың ең соңғы көзi болатын. Мен кейiнiнен Кете-Шөмекейдiң жырауларының жырлағандарын тыңдай жүрiп‚ олардан жүзге жуық қиссаны жатқа бiлетiн әрi оларды жырлайтын Ержан жыраудың әлдеқайда көш iлгерi жатқандығын‚ құлашының аса кең екендiгiн анық аңғардым. Сол кездерi бiздiң разъезде соған елiктеп‚ жыр‚ терме айтатындар өте көп едi. Солардың iшiнде термешi Әбдiрахман‚ әншi Есмахан‚ күйшi Шәпiлдер есiмде қалыпты. Одан тыс‚ бала кезде маған қатты әсер еткен Жартыбай дейтiн кiсi едi. Үй-күйi жоқ‚ жанынан өлең шығаратын ол ауылдың жекеменшiк малын бағып‚ әркiмнiң үйiне кезекпе-кезек қонып жүретiн. Оның қонған үйiнiң қонақасысы дұрыс болмағанын сынап жазған өлеңдерi ел арасына тез арада-ақ тарап кететiн. Бала кезде соған елiктеп мен де бiрдеңелердi жазатын болдым. Кейiннен өлеңдi көптеп жаза бастадым. Ол дәптерлерiм әлi күнге дейiн менде сақтаулы тұр.
Сол елуiншi жылдары қазақша тасқа басылып шыққан кiтаптар өте аз болатын. Қиссалар мен ертектер кiтап боп сирек шығатын. Мәселен‚ мен “Қазақ ертектерi” мен С.Мұқановтың “Сұлушашын” сол жылдары шаққа дегенде қолға түсіргенмiн. Жалпы ол кездерi бiздiң мектептiң оқулығына кiрген Махамбет‚ Абай‚ Жамбыл‚ Нұрпейiс‚ Сәбит‚ Тайыр сықылды жырау-шайырлардың өлеңдерi мен Сәбит‚ Мұхтар‚ Ғабит‚ Ғабидендердiң қарасөзiнен басқа оқитынымыз мүлдем жоқ та болатын. Ол кездерi Қасым‚ Әбдiлдәлардың, т.б. аты-жөнi белгiлi болғанымен‚ олардың кiтаптары бiздiң қолымызға онша тие бермейтiн. Сол 1956-ыншы жылдары мен М.Әуезовтың алты томдығын‚ Сәбиттiң “Өмiр мектебiн”‚ “Оянған өлке”‚ “Қазақ солдаты”‚ “Қаһарлы күндер”‚ “Курляндия”‚ “Болашаққа жол”‚ “Өмiр ұшқыны” деген роман-хикаяларды оқып шықтым. Ол кездерi бiздiң батырлар туралы жырларымыз онша көп басыла қоймайтын. 1957-iншi жылы “Ер Тарғынның” жұқа кiтапша боп жарияланған нұсқасын мен дүкеннен сатып алдым. Ол менiң кiтапханамда әлге дейiн сақтаулы тұр. Одан кейiн қазақтың ескi ертектерi‚ жырлары бiртiндеп шыға бастады. Оларды мен құныға оқыдым. Содан 1958-iншi жылдан кейiн‚ Сәкен‚ Бейiмбет‚ Iлиястардың бiр томдықтары жарық көрдi‚ соның iзiн ала қазақша шығатын кiтаптардың саны көбейе бастады. Махамбет‚ Әбдiлдә‚ Тайыр‚ Дихан‚ Әбу‚ Ғали‚ Қалмақан‚ Қасым‚ Абдолла‚ Қалижан‚ Хамит‚ Тоқаш‚ Сырбайлардың томдары да сол жылдары жарық көрдi. Содан кейiн атақты “Жас қанат” дейтiн жинақ жарыққа шықты. Ол жинақ бұрындары елдiң ескi жырауларының өлеңдерiн жаттап өскен маған мүлдем қатты әсер еттi. Оның үстіне ол жылдары үгіт-насихатқа‚ жалаң ұранға негiзделген қазақтың өлең-жырларында жеке кiсiнiң iшкi сырын айтуы‚ жалпы лирика деген өте сирек кездесетiн. Осы ыңғайда жазған Әбдiлдә‚ Қасымдардың өлеңдерi өте аз болатын. Ендi мына жинақтан мен қазақ өлеңiнiң‚ әсiресе‚ лириканың жаңа үлгісiн көргендей болдым. Ол кездерi қазақтың батырлар жырының үрдісiнде тәрбиеленген‚ алғашқы нәрселерiн бұрынғы жыраулардың үрдісiмен шұбыртпалы‚ толық үндес емес ұйқастарды қолданып жазып жүрген маған мына жинақтағы өлеңнiң шалыс ұйқастырылып‚ жеке-жеке шумақ боп келуi‚ қазақы құлаққа аздап жат естiлетiн сөздiң орамдары‚ теңеулер мен метафоралар‚ он бiр буынды қара өлеңдегi төрт буынды боп келетiн соңғы сөздiң түбiрiне дейiн толық етiп ұйқастырылуы маған жаңалық боп көрiндi. Ендi соны үйренуге‚ солайша жазуға тырыстым. Мен оларды оқи келе‚ сол кездегi қазақ шайырлары Iзтай‚ Зейнолла‚ Сағи‚ Тұманбай‚ Шәмiл‚ Бекен және басқалардың бiз бiлетiн бұрынғы үрдістен ажырап‚ өлеңнiң жаңа түрін жасауға бел шешкендiктерiн‚ олардың‚ негiзiнен‚ романтик Байрон мен Пушкиндi өздерiне басты нұсқа етiп алатындықтарын анық көрдiм. Содан кейiн мен совхоздың кiтапханасынан орыс жазушыларының қазақшаға аударылған шығармаларын оқи бастадым. Сондағы ең алғашқы оқығаным‚ ұмытпасам‚ Пушкиннiң 1949-ыншы жылы жарық көрген‚ өте қалың‚ мұқабалы‚ үлкен бiр томдығы едi. Одан кейiн орыстың басқа шайырларының кiтаптарын оқыдым. Содан соң оларды өз тiлiнде қалай жазды екен деген оймен ендi оларды орысшасынан тiкелей оқуға көштiм. Мен ендi совхоз бен мектептiң кiтапханаларына барып‚ В.Шекспирдiң сонеттерiн‚ А.Пушкин‚ М.Лермонтов‚ Ф.Тютчев‚ Н.Некрасов‚ А.Плещеев‚ поляк А.Мицкевич‚ А.Фет‚ А.Майков‚ А.Блок‚ С.Есенин‚ В.Маяковский‚ М.Исаковский‚ А.Твардовский‚ Я.Смеляков‚ К.Симонов‚ С.Щипачев‚ А.Сурков‚ Э.Асадов‚ авар Р.Ғамзатов‚ өзбек Х.Әлiмжан‚ Зүлфия‚ тәжiк М.Тұрсынзада және басқалардың өлеңдерiн орысшасынан оқи бастадым. Мен бiрде совхоздың дүкенiнен А.Твардовскийдiң “Избранное” деген бiр томдық өлең кiтабын 1961-iншi жылғы август айының 20-сы күнi сатып алдым. Оны оқу менiң ой өрiсiмдi өте кеңейткендей болды. Маған оның‚ әсiресе‚ аса қарапайымдылығы‚ жасандылықтың жоқтығы‚ өлеңмен әңгiмелейтiн тәсiлi қатты ұнады. Оның маған және бiр ұнағаны — осы жинағына енген поэмалары‚ соның iшiнде‚ “Теркинi” едi. О кездерi қазақ поэзиясында мұндай дүние жоқ болатын. Ол кәзiрде де жоқ. Және де оның “Теркин”‚ “Страна Муравия”‚ “Бiр қиырдан бiр қиыр” атты поэмаларын қазақ тiлiне Қ.Аманжолов‚ Ғ.Қайырбеков‚ Қ.Тоғызақовтар онша сәттi аудара қойған жоқ. Мен ерiнбей-жалықпай оларды орысша түпнұсқасымен салыстырып шықтым. Кейiннен қазақшаланып шыққан С.Есениннiң жинағын да‚ Л.Толстойдың “Соғыс және бейбiтшiлiк”‚ М.Шолоховтың “Тынық Дон” деген эпопеяларын да‚ А.Чеховтың әңгiме‚ хикаяларын да түпнұсқаларымен салыстыра отырып оқып шығып‚ қазақша аударманың түпнұсқадан мүлдем алшақ жатқандығына көзiм жетiп‚ ендi орыстың жазушыларын тек қана орыс тiлiнде оқуға көштiм. Осы бүгінге дейiн аударма кiтапты оқымаймын.
Сол жылдардан бастап мен жеке кiтапхана жинауға қатты құмарттым. Әрi жаңадан сатып алған кiтабымның алдыңғы бетiне сол жылды‚ сол күндi жазып отыруды дағдыға айналдырып алдым. Бүгіндерi де сол әдетiмнен еш жаңылып көрген емеспiн. Оның үстіне бұл нәрсе менi шыдамдылыққа‚ төзiмдiлiкке‚ кiтапты құрметтеуге үйреттi.
Мен сол жылдары одан да басқа шайырлардың өлеңдерiн көп оқуға тырыстым. Және де олардың өлеңдерiн сол кездерi-ақ қазақшалауға талап етiп те көрдiм. Оған себеп темiр жолдың бойында туылып-өскен менiң разъезге кеп тоқтаған жолаушы пойызымен үнемi әрлi-берлi жүріп жататын орыстарды ертерек көрiп‚ ертерек тiл сындырғандығым едi. Жалпы темiр жолдың бойында өскен қазақ балалары орысшаны ауыл балаларына қарағанда ертерек үйренедi. Оның үстіне мынадай бiр жағдай маған қатты ықпал еттi. Ол кездерi бiздiң үй темiр жолдың бойында‚ “Түбек” деп аталатын‚ №100 разъезде тұратын едi. Сонда бiр күнi аласа тамның төбесiнен секiрiп ойнап жүрген кезiмiзде‚ Соңғыбайдың баласы Қуаныш деген менiң досым жерге жайсыздау түсіп‚ белi аздап шойырылып қалды. Оны содан емдеуге Қазалы стансасындағы темiржолшылардың емханасына алып кеттi. Ол кездерi темiр жол бойы жергiлiктi жерге бағынбайтын‚ ол Орынбор темiр жолы деп аталатын да‚ Мәскеуге тiкелей қарайтын. Содан әлгi Қуанышты Қазалыдан әрi Мәскеуге емдеуге алып кеттi. Одан ол бiр жылдан соң емделiп‚ тәуiр боп қайтып келдi. Сонда менiң бiр таңғалғаным‚ — осы бiр жылдың iшiнде Қуаныш қазақшаны мүлдем ұмытып қалыпты! Бiз балалар оның орысшасына қатты қызықтық. Ол ендi бұрынғы қазақ класынан көшiп‚ орысша оқитын болды. Мен де соған уаланып‚ орысша оқығым келiп едi‚ дiндәр ағам “орыс боп‚ шоқынып кетесiң” деп қарсы болды. Содан кейiн мен орыс тiлiн жақсылап үйренуге бел будым. Бiрде Қазалыға барғанымда‚ кiтап дүкенiнен “Орысша-қазақша сөздiк” сатып алдым. Осы Сауранбаевтың басқаруымен шыққан қалың сөздiк менде әлге дейiн сақтаулы тұр. Соны ақтара отырып‚ ендi орыс тiлiнiң грамматикасын оқи бастадым. Аздан кейiн орыс тiлiнiң күрделi сөйлемдерiн жақсылап түсіне бастағандай болдым. Оның үстіне орыс шайырларының‚ әсiресе‚ Пушкин‚ Лермонтов‚ Толстой‚ Есенин‚ Твардовскийлердiң шығармаларын жиi оқитындығым тiлдi меңгеруiме көп септiгiн тигiздi. Және бiр айтары‚ ол кездерi қазақ ауылдарында орыстар бола бермейтiн. Бiздiң совхозда тұратын немiстер мен бiр-екi үй орыстың семьялары қазақша сөйлейтiн. Соның себебiнен ауылда орысша сөйлеп‚ ауызша жаттығуға еш мүмкiндiк жоқ едi. Мен сол себептi де орыс тiлiн‚ негiзiнен‚ ауызша сөйлеп үйренуге емес‚ кiтаптан оқып‚ оның толық түсінуге‚ өз ойымды орысша жазып жеткiзуге барынша күш салдым. Сол талабым кейiннен маған көп пайдасын тигiздi‚ — университетте оқып жүрген кезiмде орыс тiлi арқылы мен араб‚ фарсы тiлдерiн оқып‚ зерттеп үйрендiм. Әрине‚ мұның бәрi орыс тiлiнiң арқасы едi. Сол тiлдi белгiлi бiр дәрежеде бiлгендiктен‚ мен 19-ыншы ғасырда жасалған орыс әдебиетiнiң озық үлгілерiн орыс тiлiнде‚ өз қатарларыма қарағанда‚ ертерек оқыдым деп айта аламын. Мен 1965-iншi жылы Алматыға оқуға түсуге келгенiмде‚ өз қатарларыммен бiрге‚ кезiнде өзiме қатты әсер еткен 60-ыншы жылғы ұрпақтың өкiлдерiнiң бiразының орысша кiтапты оқымақ түгел‚ орыс тiлiн нашар бiлетiндiгiн‚ тiпте кейбiрiнiң бiлмейтiндiгiн де анық көрген кiсiмiн. Мұны айтып жатқан себебiм‚ — ол кездерi орыс тiлiн бiлмесең‚ Батыс Европа елдерiнiң әдебиетiн бiлу де мүмкiн емес едi. Ол жағдай бүгінде де баршылық. Оның үстіне тiл үйрену талабы менi орыстың сол кездегi баспасөзiмен ертерек табыстырды.
Ол бiр аумалы-төкпелiсi көп қызық жылдар болатын. Партияның 20-сыншы съезiнен кейiн Кеңес мемлекетiнде өзгерiс жиi боп кеттi. Ендi бұрынғы шағын колхоздар iрiленiп‚ үлкен бiр ұжымға айналды. Олардың көбi бертiн келе совхоз боп қайта құрылды. Сондай жағдай әдебиетте де болып жатты. Жалпы сол 60-ыншы жылдары бiздiң әдебиет түгел‚ күллi орыс әдебиетiнде де үлкен-үлкен өзгерiстер болды. Ендi бұрындары онша жиi басыла бермейтiн Блок‚ Есениндердiң өлеңдерi жеке жинақ боп‚ бұрынғыға қарағанда толықтырылып жарық көре бастады. Сол жылдары Е.Евтушенконың өлеңдерi “Новый мир” журналында жиi жарияланатын болды. Оның 1959-ыншы жылы жарық көрген “Взмах руки” дейтiн кiтабын мен Қазалыдағы кiтапханадан алып оқыдым. Кейiнiнен оны уақытында барып кiтапханаға тапсыра алмадым да‚ ол кiтап менде қалып қойды. Сол жылдары онымен үзеңгiлес шыққан А.Вознесенский‚ Б.Ахмадулина‚ Р.Рождественскийлердiң өлеңдерiмен‚ О.Сүлейменовтiң “Солнечные ночи” дейтiн жинағымен (бұның алдында оның “Казахстанская правда” газетiнде жарияланған “Жер‚ адамға тағзым ет” деген поэмасын оқыған болатынмын және бiр таңғалғаным Ю.Гагарин мен туып-өскен жерге жақын Төретам деген стансадан ғарышқа ұшқан едi) сол алпысыншы жылдары (оны 1962-iншi жылғы ноябрьдiң 11 күнi Қазалыдағы дүкеннен сатып алдым‚ ол кiтап менде сақтаулы тұр) таныстым. Ол кездерi бiзге қазақтардың орысша жазатындығы басқаларға қарағанда артықшылығы сияқты‚ бiр түрлi қызық боп көрiнетiн. Оның үстіне ол кездерi “ұлы орыс халқы”‚ “ұлы орыс әдебиетi”, т.б. деген уағыз бiздiң құлағымызға күнде газет-журналдар мен радиолардан құйылып жататын. Сондай бiр күндерi мен “Новый мир” журналында жарияланған Ш.Айтматовтың “Алғашқы мұғалiм” деген хикаясын оқып шықтым. Сол жылдары А.Солженицын‚ В.Аксенов‚ А.Гладилин‚ В.Чивилихин‚ В.Амлинский, т.б. сықылды орыстың кейiннен атағы шыққан жазушыларының кiтаптары жарық көре бастаған едi. Олармен қатар мен Н.Гоголь‚ И.Тургенев‚ Л.Толстой‚ А.Чехов‚ Салтыков-Щедрин‚ М.Горький‚ М.Шолохов‚ А.Толстой‚ К.Федин‚ француз әдебиетiнен Стендаль‚ Бальзак‚ Мопассан‚ Золя‚ испан Сервантес‚ венгр Ш.Петефи‚ немiс әдебиетiнен Гете‚ Шиллер‚ Гейнелердiң‚ ағылшын Шекспир‚ Дефо‚ Байрон мен Шелли‚ шотланд Р.Бернс‚ американдық М.Твендердiң кiтаптарын‚ Шығыс поэзиясынан Фирдоуси‚ Саади‚ Низами‚ Хәййәм‚ Хафиз‚ Жәми‚ Науаилардың, т.б. кiтаптарын құныға оқыдым. Бұған бiрден бiр себеп болған мен оқыған орта мектеп пен “Қазалы” қой совхозындағы кiтапханалардың әдеби кiтапқа бай екендiгi едi. Онда тiпте шешен‚ авар‚ ноғай тiлдерiндегi кiтаптар да болатын. Совхоздың кiтапханасы жыл сайын “Новый мир”‚ “Юность”‚ “Звезда”‚ “Молодая гвардия”‚ “Вопросы литературы”‚ “Наука и жизнь”, т.б. тәрiздi журналдармен қатар‚ орысша‚ қазақша күнделiктi шығатын баспасөздi үнемi жаздырып алып отыратын. Соларды оқудың жаңа өсiп келе жатқан бозбалаға қатты әсер ететiндiгi өз-өзiнен белгiлi. Оған қоса‚ сол Кеңес заманында “Книга – почтой” дейтiн бiр мекеме болатын. Ол өзiңнiң қалаған кiтабыңның атын айтып‚ хат жазып жiберсең болды‚ сол дүниелерi поштамен салып жiберетiн. Менiң осы мекеменiң арқасында сол кездерi Мәскеу‚ Ленинград‚ Ташкент‚ Алматыдан алдырған кiтаптарым әлге дейiн бала кездiң ең бiр қымбат мүлкi ретiнде менде сақтаулы тұр. Соның бiрi — Сыр сүлейi Тұрмағамбеттiң 60-ыншы жылдары жарық көрген “Рүстем-Дастаны”. Оны оқу маған фарсы поэзиясына есiк ашқандай әсер еттi. Оның үстіне Шығыстың алыптарының‚ өзбек поэзиясының өз тiлiнде шыққан кiтаптарын оқу да мен үшiн қызық бiр дүнияға кiрiп кеткендей әсер еттi.
Сол елуiншi жылдардың аяғына таман бiздiң елге ертеректе Қарақалпақстанға ауып кеткен Сыр бойының қазақтары қайтып келе бастады. Олар өздерiмен бiрге өзбек‚ қарақалпақ‚ түркмен жазушыларының кiтаптарын ала келдi. Солар арқылы мен туыс елдердiң әдеби кiтаптарын‚ қиссалары мен ертектерiн өзбек‚ қарақалпақ‚ түркмен тiлдерiне оқып түсінудi үйрендiм.
Менiң екiншi бiр қызыға оқыған нәрсем — В.Белинский‚ Н.Чернышевский‚ Н.Добролюбовтардың сын мақалалары едi. Соның iшiнде маған қатты ұнағаны Белинскийдiң Пушкин жайлы жазған мақалалар циклы болатын. Оның үстіне ол кездерi Белинскийдiң сын кiтаптары қазақшаға аударылып шыққан да болатын. Содан кейiн бiрде менiң қолыма Л.Толстойдың тоқсан томдығының 30-ыншы томында жарияланған “Об искусстве” деген трактаты түсті. Оны тез арада оқып шығып‚ қатты ойға қалдым. Содан бастап мен Толстойдың барлық жазғанын түгел оқып шығуға тырыстым. Оның “Война и мир”‚ “Анна Каренина”‚ “Воскресенье” деген романдарын‚ “Қажымұратын”‚ басқа да әңгiме-хикаяларын қанша рет қайталап оқығанымды бүгіндерi өзiм де бiлмеймiн. Жалпы Толстой мен Пушкин‚ Есенин мен Твардовский‚ Фирдоуси мен Хафиз (оның “Лирика” деген Мәскеуден шыққан кiтабын Қазалыға барғанымда‚ 1964 жылғы январьдың 9-ы күнi сатып алдым‚ ол да менде әлге дейiн сақтаулы тұр) менiң бүткiл өмiрiмде қайта айналып соғып тұратын‚ қайта-қайта оқитын кiсiлерiм болып алды. Бiр кездерi олардың әдебиет туралы айтқан пiкiрлерiн жеке дәптерге көшiрiп алып та жүрдім. Одан тыс сол алпысыншы жылдардың бас жағында “Жұлдыз” журналында М.Қаратаевтың сын мақалалары жиi жарияланып жүрді. Оның сол жылдары жарық көрген “Туған әдебиет туралы ойлар”‚ “Қазақ әдебиетiнде социалистiк реализмнiң қалыптасу жолдары”, т.б. деген кiтаптары әдебиеттiң қыр-сырын жаңа-жаңа түсінiп келе жатқан маған көп нәрсенiң бетiн ашқандай болған-ды. Содан бастап мен “Литературная газета” мен “Қазақ әдебиетi” газеттерiнде жарияланатын сын мақалаларды үзбей оқуды әдетке айналдырып алдым. Жалпы ол кездерi күнделiктi баспасөзде қазақтың белгiлi алым-сыншылары Қ.Жұмалиев‚ Е.Ысмайылов‚ Т.Нұртазин‚ Ә.Қоңыратбаев‚ Қ.Нұрмақанов‚ А.Нұрқатов‚ Б.Сахариев және басқалардың сын мақалалары жиi жарық көретiн. Со кездерi екiншi бiр оқығаным Ә.Тәжiбаевтың “Өмiр және поэзия” дейтiн кiтабы едi. Одан кейiн М.Әуезовтiң жаңадан жарық көрген “Әр жылдар ойларын” оқып шықтым. Оның осы кездерi жарық көрген “Қараш-қараш оқиғасы” дейтiн әңгiме-хикаяларының жинағы мен “Абай жолындағы” сөйлемдерiнiң құрылысына алғашқы кезде жатырқай қарап‚ оларды бiр түрлi түсінбей де жүрдім. Оның сырын орыс тiлiн жақсылап зерттеп‚ үйренгеннен кейiн барып бiлгендей болдым. Әрине‚ бұл арада не оқып‚ не қойғанымды айтып жатқанда‚ оқушы жұртшылыққа өзiмдi жақсы жағымнан көрсетейiн‚ мақтанайын, т.б. деген ешбiр ойымның жоқтығын тағы да ескерте кетпекпiн. Ол кездерi бiздiң кiтаптан басқа ермегiмiз болмайтын. Ол жылдары қазақ ауылдарында бүгінгi телеайна‚ радио‚ магнитофон, т.б. дегендер атымен жоқ едi‚ оның бәрi алпысыншы жылдардан кейiн барып бiртiндеп ауыл өмiрiне ене бастады. Сол себептi де‚ ол жылдары жұрт кiтапты көп оқитын‚ жастар жағы ән текстерiн‚ өздерiне ұнаған өлеңдердi альбомдарына көшiрiп алатын. Мен де соны өз басымнан кешiрдiм. Осы жағдай менiң кейiнiнен кiтапты үзбей оқитын бiр дағдыма айналып кеттi. Келе-келе осы кiтапқұмарлығым бозбала кезiмде-ақ менiң әдебиеттiң қыр-сырын түсінуiме қатты ықпал жасады десем‚ еш артық айтқандығым болмайды.
Мен бұған дейiн өз өлеңдерiмдi Алматы‚ Қызылорда‚ Қазалыдан шығатын газеттерге жиi жiберiп түратынмын. Бiрақ оларым басылмай‚ анау жетiспейдi‚ мынау жетiспейдi, т.б. деген хат алып тұратынмын. Бiрде 1959-ыншы жылы Қазалы ауданының газетi “Социалистiк жол” дейтiн газетте жарияланған бiр шолу мақалада менiң өлеңдерiмнен үзiндi келтiрiп‚ ол туралы сын ескертпе айтқан да болатын. Содан “Лениншiл жастан” көпке дейiн хабар болмай кеттi. Ақыры ол өлеңдер 1962-iншi жылғы февральда “Сәт сапар” деген айдармен жарық көрдi.
Осы өлеңдерiм шыққан кезде мен ойда-жоқта Қарағанды облысының Саран деген қаласында педучилищеде оқып жатқан Бейсекеева Тыныштық деген қыздан хат алдым. Оның әдебиетті жақсы түсінетiндiгi сол хатынан анық көрiнiп те тұрды. Ол кейiннен маған Есениннiң бiр томдығын салып жiбердi. Мен онымен Алматыға оқуға кеткенше дейiн үзбей хат жазысып тұрдым. Бұл өз алдына үлкен бiр әңгiме.
Сол алғашқы өлеңдерiм жарық көргеннен кейiн көп ұзамай‚ 1962-iншi жылдың жазында атақты шайыр З.Шүкiров арнайы алғысөз жазып‚ бiр топ өлеңiмдi Қызылордадан шығатын “Ленин жолы” дейтiн газетте жариялады. Содан кейiн мен өлең өнерiн мүмкiндiгiнше жақсылап меңгерiп алуға ден қойдым. Оның үстіне сол жас кезде мен бiр ғана өлең емес‚ басқа да өнердiң түрлерiн үйренiп көруге де талаптандым. Сол жылдары аздап сурет те салдым‚ нота жазуын үйренiп‚ аздап ән де шығарып жүрдім. Сол тұста бала кезiмнен тартатын домбырамен қатар‚ мандолина‚ баян‚ аккордеондарды да тартуды үйренiп алдым. Дегенмен де менiң негiзгi көздеген нәрсем әдебиет едi. Сол жылдары өлең жазумен қатар‚ мен жас кезiмнен Н.Гоголь‚ Л.Толстой‚ А.Чехов‚ М.Шолоховтың шығармаларын оқығандықтан‚ солардай қарасөз жазсам деп арман де етiп жүрдім. Соның әсерi болса керек‚ әлi өлеңнiң қыр-сырын толық меңгерiп алмай жатып‚ алғаш рет әңгiме де жаздым. Оның бiреуi аудандық газетте жарияланды да. Сол жылдары Л.Толстой мен М.Шолоховтың төрт кiтапты романдарын жете оқып шығып‚ өзiмiздiң Сыр бойының тарихынан сондай кiтап жазсам деп те армандайтын болдым. Соны әсерiнен болар‚ қарасөзде әлi де толық тәжiрибе жинақтап үлгермегенiме қарамастан‚ 1965-iншi жылы “Қара нөсер” дейтiн романымды жаза да бастадым. Оның бiрiншi кiтабын аяқтай берген кезiмде‚ мен өзiмнiң әлi де қарасөз жазуға дайын еместiгiмдi сезiп‚ ендi роман жанрын‚ жалпы қарасөздiң құпиясын толық зерттеуге кiрiстiм де‚ роман жазуды уақытша доғардым. Содан әлгi романды 1970-iншi жылы қайта қолға алып‚ араға уақыт салып‚ үздiк-создық жаза жүріп‚ оны 1977-iншi жылы аяқтадым. Одан тыс мен сын мақала жазуға да бала кезден бастап талап қылған едiм. Бiр мысал. Сол жылдары “Тұңғыш кiтап” дейтiн сериямен сол кездегi жас шайыр‚ формалист деп қатты сыналып жүрген Ж.Қыдыровтың алғашқы жинағына пiкiр жазып‚ оны “Лениншiл жасқа” жiберген едiм. Аздан соң маған редакциядан хат келдi. Онда: “Өзiмiздiң газетте iстейтiн Ж.Қыдыровтың жинағы туралы мақала жариялағанымыз газеттiң этикасына жатпайды. Бекдiлдә‚ оқуыңды бiтiргеннен кейiн‚ сенiң әдебиет факульттерiне барғаның жөн болар едi”‚ — деп жазылыпты. Хаттың соңында бөлiм меңгерушiсi Ә.Кекiлбаевтың қолы тұр. Бұған дейiн мен Чеховқа елiктеп‚ медицина саласына барып оқимын, болмаса физмат‚ политехника саласы бойынша мамандық алам ғой деп жүрушi ем‚ мына хат ендi менiң әдебиетке бiратола бет бұруыма қатты әсер еттi.
Осы кезде‚ 1964-iншi жылдың февраль айында Оңтүстік өлкесi бойынша жас жазушылардың кеңесi Шымкент шәрiнде өтетiн болды. Ол кездерi Хрущевтiң жиi болатын реформасының салдарынан Қызылорда‚ Шымкент‚ Жамбыл облыстары Оңтүстік Қазақстан өлкесi боп қайтадан құрылған едi. Оған Қазалы ауданынан газеттiң бас редакторы Сейiл Боранбаев пен сол кездерi он бiрiншi класта оқып жүрген мен қатынасатын болдым. Сонымен‚ Сейiл екеумiз “Шымкент” деген мейманхананың бiр нөмiрiне орналастық. Бұл — менiң үлкен қаланы бiрiншi рет көруiм әрi әдеби ортаға алғаш рет араласуым. Ол кездерi бiраз көрiнiп қалған Нәсiреддин Серәлиев‚ Қомшабай Сүйенiшов тәрiздi сол кездегi жас жазушылармен‚ өзiм сықақ өлеңдерiн жатқа бiлетiн‚ атақты Асқар Тоқмағамбетовпен‚ Қызылорданың газетiнде өлеңдерi жиi шығып тұратын‚ Қызылордадағы пединститутта оқитын Серiк Сейтмағамбетов‚ Жанұзақ Қожабергенов‚ орысша өлең жазатын Лиза Қосмұхаммедовалармен таныстым. Олар менен бiраз жас үлкен едi. Мен сол кеңеске қатынасушылардың iшiндегi ең жасы боп шықтым. Сонымен ертеңiне драма театрында жиналыс басталды. Оған қатысуға Алматыдан Әбдiлдә Тәжiбаев‚ Мұхамеджан Қаратаев‚ Бауыржан Момышұлылар келген екен. Сол жиналыста Әбдiлдә баяндама жасап‚ жалпы қазақ поэзиясының бүгінгi жағдайын‚ дәрежесін шола айтып кеп‚ Төлеген Айбергеновтiң алғашқы шыққан жинағына тоқталып‚ ол жөнiнде жылы пiкiр айтты. Мен сонда Төкеңдi алғаш рет көрдiм. Ол орта бойлы‚ арықша келген‚ лып етiп ширақ қозғалатын‚ көмiрдей қап-қара шашы бұйраланып тұратын қара сұрлау жiгiт екен. Осы жиналыстың кезiнде Әбдiлдәның өзiмнiң қолыма көптен берi тимей жүрген‚ 1960-ыншы жылы шыққан екi томдығының екiншi томын (оның бiрiншi томы жоқ болып шықты‚ 1964 жылғы февральдiң 24-i күнi) сатып алдым. Мен сол жиналыстан бiр түрлi қанаттанып қайттым. Әсiресе маған атақты жазушыларды көру‚ олардың жүріс-тұрысы‚ сөйлеген сөздерi, т.б. қатты әсер еттi.
Осы кеңестен елге қайтқанда тағы бiр көзiм жеткен нәрсе — әдебиет саласында жақсы бiлiм алудың‚ жазушының жалпы мәдениетiнiң жоғары болуының керектiгi‚ ауыл арасындағы өлеңшiлердiң шамасында қалып қоймаудың қажет екендiгi болды. Ол кездерi Мәскеу мен Ленинградтан “Книга – почтой” арқылы кiтаптар алып дәнiгiп қалған мен ендi әдебиет жағына баруға бекем бел буып‚ Москвадағы Әдебиет институтына оқуға түссем деп ойладым. Ол кездерi ол институттың күндiзгi бөлiмi жабылып қалған едi. Ол бөлiм Хрущев орнынан түскеннен кейiн‚ 1965-iншi жылдың күзiнде барып қайтадан ашылды. Мен оның конкурсына өз өлеңдерiмдi жолма-жол аударып‚ сол жылғы жаздың басында жiберген едiм. Оның нәтижесi сол 65-iншi жылдың сентябрьiне таман белгiлi болатындықтан‚ биыл оқуға түсе алмасам‚ армияға кететiнiмдi‚ әлi күзге дейiн уақыт барын‚ конкурстан өте алар‚ өте алмасымды ойлап‚ уақытты бекерге зая кетiрмейiн деп‚ мен сол 65-iншi жылдың жазында‚ июнь айының 13-i күнi Алматыға оқуға түсуге келдiм. Ондағы ойым — конкурстан өтiп жатсам‚ Москваға тартып тұрам ғой дегендiк едi. Бiрақ КазГУ-ге жолым болып‚ оқуға түсіп кеттiм. Оның үстіне Отан соғысына қатынасқан‚ Ресейдегi жағдайды өз көзiмен көрген ағам менiң Москваға барғанымды қаламады. О кiсi 1966-ыншы жылы университеттiң бiрiншi курсын бiтiргеннен кейiн‚ Москвадағы Университеттiң шығыстану факультетiнiң араб немесе фарсы бөлiмiне оқуға барсам ба дегенiмде (оның жүзеге асатын ретi де болып едi)‚ тағы да: “Орыстан қатын алып‚ орыс боп кетесiң. Әрi өзiң жаңғыз баласың”‚ — деп жiбермей қойды. Жалпы о кiсi орыстанған қазақтарды ұнатпайтын. Және де мен өлең жазумен әуреленiп жүргенде‚ бүгінгi шайырлардың өлеңдерiн тақпақтап оқып бергенiмде‚ Сыр бойының жырауларының толғау-жырларын жатқа бiлетiн ағам оларды жақтырмайтын. Жалпы о кезде бiздiң ауылда тұратын ересек кiсiлердiң арасында кiтапқұмарлар көп болатын. Мәселен‚ бiздiң бiр туысымыз Қосбергеннiң Нағашыбайы деген ағамыз сол совхозда дүкеншi болып iстедi. Бiр шаруамен дүкенге қашан барсам да‚ о кiсi көзiлдiрiгiн киiп ап‚ кiтап оқып отыратын. Ол бiрде маған Пушкиннiң 1949-ыншы жылы шыққан бiр томдығын оқып шыққанын айта кеп: “Осы да өлең бе? Не айтып отырғанына адам түсінбейдi”‚ — деген едi. Мұның бұрын ақыл-өсиет айтатын термелердi тыңдап үйренген Сыр бойы қазақтарының лирикаға үйренбегендiгiнен туған бiр сырын‚ жалпы бүгінгi поэзиямыздың қазақтардың қарапайым тiлiнен бас тартып‚ жаттанды‚ жасанды бiр тiлмен жазылып жүргендiгiн мен көптен кейiн барып түсіндiм. Мен кәзiрде сол пiкiрдемiн. Шындығына келгенде‚ бiздiң “алып-салып” т.б. деп бүгіндерi тасырта мадақтап жүрген‚ талай атақты‚ сыйлықты алған‚ кезiнде iрi-iрi қызметтерде болған танымал шайырларымыздың өлең кiтаптарын қазақ халқы бүгінде де оқымайды. Оған менiң көзiм талай рет жеттi де. Бұл да о кездерi жаңа талаптанып жүрген мен үшiн бiр қатты ескерер сабақ болды.
Менiң он бiр жылдық мектептi жақсы бағамен бiтiрген соң‚ 1964-65 жылы ауылда киномеханиктiң көмекшiсi‚ сосын клубтың меңгерушiсi боп жұмыс жасағаным тiрлiкке деген көзiмдi ертерек ашты. Сүйтiп өзiмнiң әлi де болса балаң албырт қиялдың жетегiнде жүргенiмдi сездiм. Бұл жағдай менi көркемделген әдебиет пен күнделiктi өмiрдегi шындықтың арасының өте алшақ екендiгiн ертерек сезуге итермеледi. Ендi бұрындары Пушкин‚ Лермонтовтардың, т.б. ықпалында‚ олардың “асқақ стилiнiң” ауазасында жүрген мен ендi Некрасов‚ Кольцов‚ Никитин‚ Маяковский‚ Твардовский‚ Есенин‚ Щипачев‚ Смеляков‚ Л.Мартынов‚ Евтушенколардың жазғандарын қайтадан оқып‚ қайтадан басқаша бiр ой түйiп‚ әсiресе‚ Е.Евтушенконың 1965-iншi жылы “Юность” журналында жарияланған “Братск ГЭС-i” поэмасының (оған алғысөздi Я.Смеляков жазған болатын) кiрiспе тарауындағы атақты дұғасын оқып‚ оның Пушкин‚ Лермонтов‚ Тютчев‚ Блок‚ Есенин‚ Маяковскийлердiң бастарын бiр жерге қосып‚ жаңа бiр стиль жасасам деген талабын көргеннен кейiн‚ мен де өзiмше “синтез” жасауды көздеп‚ Пушкиннiң “асқақ стилi” мен Некрасов бастаған халықшыл топтың‚ әсiресе‚ Есенин мен Твардовскийлердiң өлеңдi қалың бұқараға түсініктi боп келетiн барынша қарапайым жазу үрдісiн‚ Шығыс поэзиясындағы пәлсәпашылдықтың бастарын бiр жерде тоғыстырмақ боп‚ өзiмше талап қылған болдым. Сүйтiп жүріп Маяковский‚ Вознесенскийлердiң үлгісiмен өлеңде тосын тәжiрибе де жасап бақтым. Менiң бүйтуiме Есениннiң өз өлеңдерiнде тропты қызық етiп‚ тiпте тiлдiң заңдылығына қарсы келетiндей‚ қайшы етiп қолданатындығы бiрден бiр әсер еттi. Мен Маяковскийдiң үгіт жағын алмадым да‚ оның батылдығын‚ өмiршеңдiгiн, т.б. алуға тырыстым. Ал Есениннен лиризмдi‚ Вознесенскийден метафорашылдықты алғым келдi. Сүйтiп бiрер жылдап тәжiрибе жасап‚ өлеңнiң ырғағын‚ теңеуiн‚ бояуын бұзып‚ оларды қиындатып қолданғанды жөн көрдiм. Соның әсерiнен менiң өлеңдерiмдi түсіну қиынға соқты‚ олар бiр түрлi күңгiрт тартып кеттi. Менiң үйтуiме сол кездерi өзiмнiң аумалы-төкпелi жастық‚ бозбала кезiнде болғаным да қатты әсер еттi. Ендi мен бұрынғы қарапайымдылықтан безiп‚ өлеңдi қолдан қиындатып‚ қолдан жаңаша сөз жасап‚ айтар ойды тұспалдап‚ жұмбақтап жеткiзетiн бiр “стиль” жасауға құмарттым. Оған А.Вознесенскийдiң сол жылдары жарық көрген “Үшбұрышты алмұрт” дейтiн жинағындағы өлеңдердi (оны маған 1964-iншi жылы февраль айында‚ Қазалыға барған сапарында М.Мақатаев берiп кеткен едi) оқуым ықпал еттi. Соның алдында‚ бiрер жыл бұрын‚ Жұмекеннiң “Балауса” дейтiн ең алғашқы жинағын оқып‚ оның Тұманбай‚ Сағиларға өте ұқсамайтынына таңғалған едiм. Ендi маған осы екi шайырдың араларында бiр ұқсастық бардай боп көрiндi. Сүйтiп мен бұрынғы үйренген поэзиядағы анықтық‚ қарапайымдықтан жерiп‚ қолдан жасалған жұмбақ бiр жазудың мәнерiне көшiп алдым. Соның әсерiнен кейiнiректе де толық арыла алмай‚ бiраз уақыт бойы эксперимент жасауға “кетәрi” еместiгiмдi оқта-текте көрсетiп те жүрдім. Оның үстіне маған Олжастың “Солнечные ночи”‚ “Арғымақтар” деген жинағындағы бұрынғы заман‚ тарих‚ батырлар, т.б. туралы жазылған өлеңдерi де ықпал етпей қоймады. Оның осындай бiр топ өлеңiн Әбiш Кекiлбаев аударып‚ “Жұлдызда” бастырды. Оның үстіне Олжасты о кездерi Н.Тихонов Мәскеуде шығатын беделi бiр газетте “Арғымаққа мiнген ақын” деп мақала жазып мақтағаннан кейiн‚ әдебиетке жаңа-жаңа келе бастаған маған осы жол‚ өлеңдi тақпақтап оқуды үрдіске айналдырған эстрада әдебиеттіндегі бiрден бiр дұрыс бағыт сияқтанып көрiндi. Мен о кезде Зұлқарнайдың бұл жөнiнде айтқан сын пiкiрлерiне онша құлақ аса да қоймадым. Сол кездерi мен қазақтың батырларын сөйлететiн монологтар мен “Ассалаумаликүм‚ Дүние” деген поэма да жазып тастадым. Оларда өзiм күнде көрiп жүрген Сыр бойының сары даласын соншама асқақтатып‚ ғажайып бiр ертектегi дүниядай етiп суреттеуге тырыстым. Ол кездерi мен Маяковскийдiң шығармаларын‚ әсiресе‚ “Облако в штанах”‚ “Хорошо”, т.б. атты поэмаларын‚ ол туралы жазылған “Творчество В.В.Маяковского” деген үлкен бiр зерттеу кiтабын оқып шығып‚ өз өлеңдерiмде қазақтың ауыз-екi қарапайым сөздерiн кеңiнен қолдануға тырыстым. Сол Маяковскийдiң “О любви” деген поэмасының әсерiмен шешендiкке‚ дiлуарлыққа негiзделген “Жан сәулем” дейтiн драма түріндегi шағын поэма да жаздым. Осы арада бiр айтатын жәйт‚ — жастайымнан қиссалар мен дастандарды көп оқығандықтан ба‚ мен ол жылдары қазақ поэзиясында жарық көрген дастандарды көп оқитын едiм. Солардың iшiнде Iлиястың “Күйшi”‚ “Құлагер”‚ “Күй”‚ “Дала”‚ Сәкеннiң “Көкшетау”‚ Сәбиттiң “Сұлушаш”‚ Хамиттiң “Бiздiң ауылдың қызы”‚ “Үлкен жолдың үстінде”‚ “Құрманғазы”‚ Қалижанның “Ақан Ақтаев”‚ “Мариям Жагор қызы”‚ Жұбанның “Жыр туралы жыр”‚ Исаның “Құралай сұлу”, т.б. сықылды дастандары болатын. Оның үстіне сол алпысыншы жылдары қазақ баспасөзiнде шағын поэмалар жарияланып та тұратын. Бiрде мен “Лениншiл жастың” бiр бетiн толықтай алып жарияланған О.Сәрсенбаевтың “1961 жыл” деген ақ өлеңмен жазылған поэмасын оқыдым. Ол со кездерi қазақ әдебиетiнде аса мадақталып жүрген П.Неруда‚ Н.Хикмет‚ В.Незвал‚ В.Луговскойлардың атақты поэмаларының рухында жазылған екен. Дегенмен де ұйқасқа үйренiп қалған мен оның ұйқасы жоқ ақ өлеңiн қабыл ала қоймадым. Аздан соң менiң қолыма Пабло Неруданың “Всеобщая песнь” деген поэмасы тидi. Оқып көрiп ем‚ маған оның кiсi таңғаларлықтай ештемесi де жоқ сияқты боп көрiндi. Сол жылы мен оның өлеңдерiн қазақшалап‚ ақ өлеңге салып та көрдiм. Бiрақ ол тәжiрибелерiм өзiме ұнамағандықтан‚ оны аударуды қойдым.
Жалпы сол 60-ыншы жылдар қазақ әдебиетiнде лирика жанрының бекем орнығып‚ қалыптасу жылдары болды десем‚ артық айтқандығым емес. Ендi Жамбыл‚ Нұрпейiстердiң iзiмен ешкiм де Ленин‚ Сталин‚ партияны мадақтаған өлең жазбайтын болды. Оған “Жас қанатпен” бiрге‚ оның iзiн ала шыққан “Жырға сапар”‚ “Жас дәурен” деген ортақ жыр жинақтары қатты әсер еттi. Сол жылдары “Жол басы”‚ “Таңғы шық” деген ортақ жинақтар да жарық көрiп‚ қазақ прозасының жаңа үлгісi боп көрсеттi. Жалпы әдебиетте лиризм бекем орын алды. Ендi жас шайырлар бұрынғы ақыл-өсиет‚ уағыз айтудан бас тартып‚ өз бастарына тән жан-күйiн өлең етудi көздедi. Осы жағдай 1965-iншi жылы Әбдiлдәның жарық көрген “Өткеннен бүгінге” дейтiн жинағында (оны Қазалыға барғанымда‚ 1965-iншi жылы январьдың 28-i күнi сатып алдым) өзiнiң бiздiң поэзиямызда берiк орын тепкендiгiн айғақтады. Әрине‚ ол жылдары қазақтың сол кездегi жас шайырларының арасында газет поэзиясымен‚ публицистикамен айналысқандар да көп болды. Мәселен‚ Мұқағали 70-iншi жылдарға дейiн осы саладан қол үзе алмады. Сүйтiп‚ қазақ өлеңiне лиризмнiң келуi бұрынғы дастандарымыздың‚ сюжетi бар поэмалардың “тозып қалғандығын” көрсеткендей де болды. Жоғарыда айтылған Оразбектiң поэмасы‚ Олжастың публицистикаға толы‚ сол жылдары аяғы жерге тигiзiлмей мақталған “Адамға‚ Жер‚ тағзым еті”‚ Жұбанның “Мен — қазақпыны” соның бастауында тұр едi. Дегенмен де Пушкин‚ Лермонтов‚ Байрондардың әсерiнен қол үзе алмаған‚ романтикаға толы поэмалар да жазылып жатты. Соның бiр көрiнiсi — Шүкiров Зейнолланың бұрынғы аңыз-ертегiнi сюжет етiп алған‚ лирикаға толы поэмалары болатын. Соларды оқи жүріп‚ өзiм де шағын поэма жазсам деп талап қылдым. Сол алпысыншы жылы ең алғаш жазған шағын дүнием “Дариға” деген едi. Оның толық нұсқасын кейiннен жоғалтып алдым‚ тек кәзiр қолымда оның бiр бөлегi ғана бар. Одан кейiн мен бiрнеше шағын поэма жаздым. Оларда Пушкин‚ Лермонтов‚ Твардовскийлердiң “Цыгандар”‚ “Полтава”‚ “Кавказ тұтқыны”‚ “Демон”‚ “Бiр қиырдан бiр қиыр” тәрiздi поэмаларының әсерi баршылық. Әрине‚ мұның бәрiн кiсiнiң шәкiрт кезiнде басынан өткеретiн жағдайлары деп есептеймiн. Кiм-кiм де әдебиет туралы толық‚ бiртұтас түсінiкке келуi үшiн өзiне дейiн болған‚ өзiнен бұрын кiтап жазған әр түрлi жазушының тәжiрибеханасынан өтедi‚ содан әсер алады‚ соның ықпалында өз нәрселерiн жазады‚ кейiннен сол әсерден құтылып шығуға тырысады. Бұл‚ әсiресе‚ жас кезде өте-мөте көп ұшырасады. Мен де сол көпке таныс “ескi” жолдан өттiм. Оған қоса поэзия жайлы әлi де ой-пiкiрiм толық қалыптасып үлгермеген мен осындай үлкен бiр екi бағыттың екi арасында әрлi-берлi толқып бiраз жүрдім. Содан ақыры қандай да шайырдың болмасын өзiнiң жазу мәнерi‚ өз жолы‚ өмiр туралы өз түсінiгi, т.б. болуы керек деген бiр ой түйдiм. Оған келуге менiң Твардовскийдiң‚ Смеляковтың томдарын қайтадан оқығанда‚ олардың өз өнерлерi туралы жазған пiкiрлерi‚ Пушкиннiң кейiннен жас кезiнде жазған өлеңдерiн есейген кезiнде қайтадан толықтай өңдеп шыққан бiр жайы‚ Феттiң өлеңдерiнiң сұлу болып келуi‚ оның стилiнiң әсемдiгi‚ Есениннiң алғашқы өлеңдерiндегi шынайы суреткерлiгi, т.б. басқаша бiр ой салды. Соның себебiнен олардың алғашқы және кейiнiнен жазған өлеңдерiнiң арасында онша көп алшақтық сезiлмейдi‚ басқаша айтсақ‚ олар үнемi бiр арнада болып‚ ешқайда толқымағандай‚ бiр мәнермен жазып жүргендей боп әсер етедi. Соны ескерiп‚ мен бұрынғы өлеңдерiмдi қайтадан оқи бастадым. Олардың кейбiреулерiн қайтадан жазып‚ екiншi нұсқасын жасап‚ бар жазғанымды бiр iзге түсіруге тырыстым. Сүйтiп өзiммен тұстас шыққан жалпы нөпiрдiң жуан ортасында қалып қоймай‚ еркiмнiң ықпалында кетпей‚ өз қолтаңбамды‚ жазу мәнерiмдi қалыптастырсам дедiм. Сол себептi де әбден пiсiп-жетiлу жағын ойлап‚ мен өлеңдерiмдi баспасөзге өте сирек ұсынып жүрдім. Бұл өзiме өзiмнiң талапты қатты қоюыма кеп ұласты. Соның салдарынан мен 66-69-ыншы жылдары жазған‚ жалпы көлемi 5 мың жолға жуық‚ экспериментке толы‚ қиын метафоралары көп‚ жәй кiсiнiң түсіне қоюы қиын өлеңдерiмдi өртеп жiбердiм. Кәзiрде олардың бiрен-сараңы ғана менде сақталып қалыпты. Осындай әрлi-берлi толқудың әсерi болса керек‚ сол тұстары менiң жалпы көркемделген әдебиеттен жерiген шақтарым да болды. Ол кездерi мен Шығыс тарихымен айналысып‚ Ю.Крачковский‚ В.Бартольд‚ С.Толстов‚ Б.Ғафуровтардың, т.б. еңбектерiн оқып‚ тарих мен әдебиет ғылымы саласында кiтаптар да жазғым келiп жүрді. Сонымен қатар араб‚ фарсы тiлдерiн белгiлi бiр дәрежеде үйренiп‚ фарсы поэзиясы‚ Шығыстың философиясы‚ орта ғасырларда жасаған жиһангездердiң жазған сапарнамаларымен танысып‚ оларды бiраз зерттедiм. Ол жылдары музыканың тарихымен де‚ теориясымен де айналыстым.
Мен 1965-iншi жылы КазГУ-дың филология факультетiне оқуға түспек боп‚ Қазалы стансасынан “Москва — Алматы” жүйрiк пойызына июнь айының 11-i күнi мiндiм. Қызық болғанда‚ мен түскен купеде Шалқар жақтағы қайын жұртынан қайтып келе жатқан‚ сол кезде “Көкпар” деген әңгiмесiн “Лениншiл жаста” жариялап үлгерген жас жазушы Дүкенбай Досжанов әйелiмен бiрге келе жатыр екен. Онымен танысқаннан кейiн‚ ол менiң өлеңдерiмдi оқығандығын айтып‚ Алматыға келгесiн хабарлас‚ оқуға түсуге көмектесем меп менi бiраз емексiтiп тастады. Ол о кезде Алматы облысының “Жетiсу” дейтiн газетiнде қызмет iстейдi екен. Алматыға келгеннен кейiн‚ сол редакцияға барып ем‚ Дүкенбай әлi қызметке шықпаған екен. Екiншi рет барғанымда оның сөзi онша тиянақты болмады‚ сосын неде болса өз бағымнан көрейiн дедiм. Үшiншi рет бiр шаруамен сонда барғанымда‚ осы газетте қызмет ететiн Бекен Әбдiразақов‚ Әдiлбек Абайдiлдәновтармен таныстым. Менiң баяғыда “Лениншiл жастағы” бiр топ өлеңiмдi жариялаған осы Бекен болатын. Содан кейiн өткен жылдан берi таныс Мұқағалиды көрдiм. Ол мен сатып алған К.Симоновтың өлеңдер жинағының алғашқы бетiне: “Оқуға түстім деп қуанып кел” деген тiлегi мен үйiнiң адресін жазып бердi. Сол жылы жолым болып‚ мектепте түгелдей “беске” оқыған мен өз күшiммен оқуға түсіп кеттiм. Кейiнiнен Алматыда қалып‚ газеттерде‚ баспаларда қызмет iстедiм. 4-5 өлең кiтабымды жарияладым‚ ұлы Фирдоусидiң “Шахнамасынан” дастандарды аударып‚ екi рет кiтап етiп шығардым. Содан түскен азын-аулақ тиын-тебенге кооператив үй сатып алып‚ 1976-ыншы жылы қызметтi тастап‚ әдеби жұмысқа мүлдем алаңсыз берiлдiм. Сол жылдары “Қара нөсер”‚ “Жықпыл” және төрт кiтаптан тұратын “Ұлы сел” атты романдарымды жазып шығардым. Ол кездерi менiң өлең кiтаптарымның бәрi де қысқартылып‚ жұлмаланып‚ бүлiнiп шықты. Содан кейiн мен өлеңдi жаза жүре‚ оларымды жарыққа шығаруға асықпадым. Оның үстіне менiң өлеңге деген ой-пiкiрiм мүлдем күрт өзгердi. Проза‚ поэзия жайлы сын мақалалар жаза жүріп‚ мен жалпы әдебиеттiң ерекшелiгi‚ мiндетi, т.б. туралы өзiмше бiр ойға келгендi мақұл көрдiм. Оған және бiр түрткi болған жағдай‚ — менiң өлең кiтаптарымның баспаның редактурасынан әбден жұлмаланып‚ қиылып‚ адам танымайтындай “масқара” боп шығатындығы едi. Содан кейiн мен өзiм 1966-ыншы жылдан берi жазып жүрген “Қара нөсер” деген романымды 1981-iншi жылы зордың күшiмен жарыққа шығардым. Содан кейiн төрт кiтапты “Ұлы сел” дейтiн тарихи романым мен “Жықпыл” дейтiн романымды кiтап етiп жарияладым. Олар жарық көрiп жатқан кезде менiң өз өлеңдерiмдi баспасөзде жариялауға да‚ жеке кiтап етiп шығаруға да онша құлқым соқпады. Оған және бiр себеп‚ ол жылдары өлең кiтаптарының көлемi бiр-екi баспа табақтан аса қоймайтын. Ол кездегi қазақтың шайырларының қолы он баспа табаққа елуге келген кезiнде шаққа дегенде жететiн. Ал бұл көлем маған тарлық ететiндей көрiндi. Оның үстіне мен 70-iншi жылдары ұлы Фирдоусидiң “Шахнамасын” аударып‚ екi рет көлемдi кiтап етiп шығарған болатынмын. Оны түгел аударам дегенiме сол кездегi қызылкөз шалдар‚ “Шахнаманы” қосылып аударған болайық, т.б. деген талаптарына көнбегендiгiм үшiн қатты кедергi жасады‚ тiпте бiрде олар Жазушылар Одағында мен туралы арнаулы бiр жиналыс өткiзiп‚ онда менi әбден “талқандады” да. Мен бiрақ бiреудiң еңбегiн пайдаланып‚ оңай олжа тапқысы келген қызылкөздердiң айтқандырына көнбедiм. Содан кейiн “Шахнаманы” түгел аударудың жолы кесiлiп қалды да‚ ендi өз шығармаларымды жазуға көштiм. Сүйтiп жүргенде Кеңес өкiметi тарап кеттi. Соның салдарынан өкiмет тiкелей көмектесудi қойғаннан кейiн‚ кiтап шығару деген қиямет қайым болған бiр заман басталды. Ол жайында бүгінгi жұртшылық жақсы бiледi.
Ендi мен жалпы көркемделген әдебиет жайлы ой-түсінiгiм қалыптасып‚ бiр арнаға түсті-ау деген кезде‚ жалпы поэзияның мiндетi халықтың тұрмыс-тiршiлiгiн‚ тағдыр-талайын‚ ой-пiкiрiн‚ жан күйiн суреттеп көрсету‚ ол жеке кiсiнiң не сезiп‚ не қойғаны‚ ой-пiкiрi мен сол заманда жасаған халықтың жалпы дүнияны түйсiнуiмен‚ пәлсәпасымен тығыз астасып‚ сол арқылы өзiнiң ауқымын кеңейтуге тиiс‚ ол жәй ғана салқын публицистика болмай‚ қаны бар‚ жаны бар дүния болуы керек, т.б. деген бiр түсінiкке бекем кеп тiрелген шақта‚ 40 жылдан астам уақыт бойы жазған өлеңдерiм мен дастандарымды қайтадан қарап шығып‚ оларды барынша iрiктеп‚ бiр том етiп шығарғанды жөн көрдiм. Оған ең алғашқы жазған өлеңдерiмнен бастап‚ ең соңғы кездерi жазғандарымды‚ өлең өнерiн үйренiп жүргенде алғаш жасаған аудармаларымды енгiздiм.
Сүйтiп мен алпысқа қараған шағымда‚ кәдiрмендi оқушы жұртшылыққа ұзақ жыл бойы жазған дүнияларымның басын қосып‚ тұңғыш рет бiр том етiп ұсынып отырмын. Оларым елдiң рухани кәдесiне жарап жатса‚ еш арман жоқ.
14.08.2005
(Бір томдыққа жазылған алғысөзден)