Кiшкене Саян әжесiнiң мойнына асылып отырып, оның маңдайындағы жол-жол болған әжiмдерiн көрiп қалды.
— Әже, — дедi Саян, — мынау маңдайыңдағы жолақтар немене?
— Әй, қарашығым, ол бинеттен тұскен әжiм деген болады. Талай өмiр зардаптарын көрген жылдардың белгiсi ол, құлыным. — Әже ауыр күрсiндi. Оның бетiнен қайғы табы көрiндi.
Аяулы әжесiн табан астында қамықтырып алғанына Саян өзiне iштей қатты өкпеледi. Әжесiмен бiрге ол да кеуiлсiз күйге түстi. Жас баланың кеуiлiнде аяушылық сезiмi туды. Сондықтан ол әжiм деген бәленi құртқысы келдi.
— Әже, ол ендi мәңгi кетпей ме?
— Неге кетпесiн, жаным. Онан да сен сол әжiмнiң қалай пайда болғанын тыңда. — Әже тағы да ауыр күрсiнiп ап, әңгiмеге кiрiстi. — Ол кезде мен де сендей бала едiм. Бiрақ мен бақытты болғаным жоқ. Жас кезiмнен ата-анамнан жетiп қалып, өлмеу үшiн Саржан деген байға малайлыққа жалдандым. Саржан деген бай қоңқақ мұрын, адырайған шегiр көзi, ашушақ адам едi. Сол байдың қорлығында есiл өмiрiм еңiреумен өте бердi. Қанша жұмысын жақсы iстегенмен, алатыным қарғыс, жейтiнiм таяқ. Бәйбiше шаңқылдап маза бермейдi. Осындай азапты тартып, сол байдың босағасында он жыл өмiр сүрдiм. Мен от жетiге кеп тұрғанымда, төңкерiс болды. Алғашқы кезде оның не нәрсе екенiн түсiнбедiм. Әйтеуiр, “байдың малын жарлыларға бередi екен” деген сыбыс желдей гуледi. Мен сол күндi асыға күтiп жүрдiм.
Бұрқаған зәрлi қыстың ортасы едi. Иттей ұлыған жел шапанымның шалғайын тынымсыз желпiлдетедi. Уақыт өткен сайын бойым мұздап барады. Асыға басып, жүрiп келемiн. Осы сапарға қалай шыққаныма өзiм де таңғаламын. Бүгiн күндiз бай менi жазықсыздан-жазықсыз соққыға жыққан едi. Соған ашуланып, бай үйiнен безiп кеттiм. Алдында ғана: “Жетiм-жесiрлердi Кеңес үкiметi асырайды екен”,— деген хабарды естiген едiм. Алдымдағы бар үмiтiм сол ғана. Әрбiр қадам басқан сайын алдымнан жарық сәуле нұрын шашып тұрғандай болады. Сол елес бiрде көрiнiп, бiрде жоқ болады. Асыға басып жүрiп келемiн. Әбден жаурадым. Буынымнан әл кетiп, көзiм қарауытып, басым айналғандай болады. Айнала боран. “Өлдiм ғой”, — деп ойладым. Алдымнан ажал қасқыр сияқты маған қарай аузын ашып ұмтылғандай болады. Жүрiп келе жатып, бiр жерге келгенде сүрiнiп кетiп, етпетiмнен құладым. Тұрайын десем, тұра алмаймын. Басым айналып кеттi. Ендi бiрде көзiмдi ашсам, бiр үйде жатырмын. Басым зырқ-зырқ ауырып көтертпейдi. Айналам толған ақ халатты мейiрбан жандар. Кейiн бiлдiм, мен сол боранда, баяғы құлаған жерiмде үсiп өлуге жақындағанда, екi жолаушы үстiмнен шығып, Кеңестiң ауруханасына әкеп тапсырыпты. Сол ауруханада табандаған үш ай бойы емделiп жаттым. Аурауханадан құлан-таза айығып шығып, қаладағы жұмысшылар мектебiнде оқыдым. Кейiн бiлдiм, сол қалам осы күнгi Қызылорда екен. Оқудан көзiм ашылып, коммунистiк партия қатарына өттiм. Маңдайымдағы әжiмдер — сол тартқан бинеттерiмнiң белгiсi, құлыным, — дедi әже Саянның бетiнен сүйiп.
— Баяғы Саржан қайда? — дедi Саян жас жүрегi тiтiркенiп.
— Саржан ба? Оны өмiрдiң өзенi жуып кеттi. Олар кiр-қоқыс қой, ондайлардан арылдық.
— Сондай жаман заман кәзiр қайтадан орнай ма?
— Жоқ, құлыным. Ол заманды ендi қайтып адам баласы көрмесiн. Ол өмiрдiң аты өштi. Бiз ендi жаңа заманда жасап жатырмыз, — дедi әже Баянды бауырына қысып. Оның жарқыраған кәрi көзiнде бақыт ұшқыны сезiлдi.
Сол кезде Саян iшiнен әжесiнiң маңдайындағы әжiмдерге қарап, соның өшпегенi-ақ жақсы деп бiлдi.
1961