Өкініш

Ағайым аяқ астынан ауырып, қаладағы ауруханада жатқанына көп болды. Бiрде қолым бос кезiнде көңiлiн сұрағалы бардым. Жолығуға бiр себептермен бас дәрiгер рұқсат етпей, ұзақ күтуге тура келдi.
Коридорға шыққанымда, бейтаныс бiр кiсi отыр екен. Үлкен, күректей күстi қолы оның қара жұмысшы екенiн сонадайдан бiлдiрiп тұр. Үстiнде ескiлеу фуфайка, аяғында керзi етiгi бар. Ат жақтылау келген, басы сопақ кiсi танауының астындағы қара мұртын қысқалап қырқып, тiкiрейтiп қойыпты. Түрiнен мiнезi ауырлау, сөзге онша жоқ, тұйықтау адам екендiгi байқалады.
Мен сәлемдесiп, оның жанындағы орындыққа жайғастым. Ол ұзақ уақыт үндемей, томсырайып, жерге қарап отырды. Көңiлi пәс. Ауыр қайғы еңсесiн езiп тастаған сияқты. Ақыры ол үнсiздiкке шыдамай:
— Қай ауылдан боласың? — дедi.
Мен жай-жапсарымды баяндадым.
— Осында жаңғыз балам науқастанып жатыр едi, соған келгенiм…
Мен:
— Балаңыз не ауру едi? — деп сұрадым оның сөзiнiң аяғын тоспай.
Ол ауыр күрсiндi.
— Оны түсiндiру ұзақ әңгiме. Жарайды, саған басынан бастап айтайын. — Ол әңгiменi бастап жiбердi. — Мен осы қаладан алпыс шақырым жердегi, мына Байқожа стансасы жақтағы ақ қой сапқозында тұрамын. Мамандығым тас қалаушы. Үй тұрмысымыз жаман емес. Сол сапқозды құрушылардың бiреуiмiн. Өмiрiмде жаман атақ алып көрген жоқпын. Бiрақ кеуiлiмде бiр арман болды. Жұбайым қосылғалы бала көтермеген едi. Жас та болса келiп қалды. “Баласыз үй — мазар” деп дұрыс айтқан ғой. Үйге кiрсем, бiр суық, қызғылықсыз дүнияның ортасында жүргендей боламын. “Егер балам болса, өмiрi тiлегенiн алдына әкеп қояр едiм”,— деп қиялдаушы едiм. Көршiм екеумiз жұмыстан бiрге үйге қайтқанымызда, әкесiн көрiп, бес жасар Нұрланы алдынан жүгiрiп шығып, мойынына асылатын. Сол мезет менiң жанымның сезiмiн бiреу сиқырлы қолмен толқытып жібергендей көрiнушi едi. Екiншi рет жұмыстан жаңғыз қайтуға тырысатынмын.
Кейбiреулер баласына жекiрiп жатса, осылардың сәбиге айқайлауға қалай дәтi шыдайды екен деп, iшiмнен толғанатын едiм. Олар балаға деген махаббаты жоқ жандар сияқты боп көрiнетiн.
Сүйтiп жүргенде жұбайым бала көтерiп, аман-есен босанды. Қуанышым қойныма сыймады. Нәрестенi бесiкке салам дегенше, түрлi ойыншықтар сатып әкелiп қойдым. Дүнияның шексiз көп бақыты бiр басыма келiп қонғандай. Ойымнан балам шықпайды. Жұмыс кезiнде де көз алдыма елестейдi де тұрады.
Жылдар өттi. Оның бетiн қақпай, ерке қылып өсiрдiм. Үлкен кәтелiк осыдан басталды, — деп, ол ауыр күрсiндi де, әңгiмесiн әрi қарай жалғастыра түстi. — “Iше берсiн, өскесiн айтпасам да iшедi. Үйретiндi ақыл ақыл бола ма?” — деп өзiмдi өзiм жұбатып жүре бердiм. Жұбайым да өзiмдей оның бетiн қақпайтын.
Сәлкенге сабақ қонбады. Талай рет өзiм үйретiп, түсiндiрсем де, айтқанымның бәрi жадынан шығып кететiн. Әбден түңiлген соң: “Көп болса, өзiмдей қара жұмысшы болар”,— деп өзiмдi өзiм жұбатушы едiм.
Сол қалпымен ол он үшке шықты. Ерке болып өскендiктен бе, келе-келе айтқанымды тыңдамайтынды шығарды. Арақ iштi, темекi шектi. Мұғалiмдер талай рет келiп, баланың жағымсыз мiнездерiн айтты. Сөгiс те бердi. Бiрақ етер амалым болмады.
Бiр күнi Сәлкен бiр төбелестерге қатысып, пышақ жұмсапты. Мектептен шығаруға, сотталуға дейiн барды. Жанымды салып, тамыр-таныстардың арқасында дауды бастым. “Балалығы шығар, қояр”, — деп үмiттендiм. Бiрақ ес енген Сәлкен жоқ, баяғы бойы. Ол кейде айталап жоғалып кетiп, үйге оралатынды шығарды. Оған назар аударған мен болмадым. Жаңғыз бала ғой, одан аянарымыз бар ма? Шешесi екеумiз тапқан-таянғанымызды аузына тостық. Қатты айқайлап сөйлеуге дәтiң шыдамайды. Бiрақ қылығы сөйлетпей қоймайды.
Бiрде әйелiм:
— Осы Сәлкен не болып барады? Болса, оңды болсын. Сен оған түсiндiрiп айтсайшы, — дедi.
— Жаңғыз балаға қалай кейимiн? Еркелiгi ғой. Қояр, — дедiм сабырлы түрде.
Сонымен әңгiме басылып қалды.
Бiр күнi көптен көрмеген ағайындарымыз қонаққа келдi. Мәжiлiстiң арақ-шарабы болмаса, қызғылығы бола ма? Дүкенге барсам, арақ таусылып қалыпты. Дереу Сәлкендi мұғалiмiнен сұрап алып, қалаға арақ әкелуге жiбердiм.
Кеш болды. Қонақтарға дастарханды жайып, асты апардым. Есiк жаққа қайта-қайта қарағыштаймын. Сәлкен әлi келген жоқ. “Оған не болды?” — деп мазасызданып қоямын. Түн ортасы болды. Сәлкен оралмады. “Пойызға iлiге алмаған шығар”, — деп алаңсыз ұйқыға кiрiстiм.
Ертеңiне болған жайды бiр-ақ бiлдiм. Сәлкен арақты алады да, iшiп, мас болады. Күн батып қалған соң, кез келген жүк пойызына мiнiп, ауылға тартып кетедi. Жолшыбай қалған бөтелкеге де қол салып, әбдән теңселе мас болғады. Жүйткiген пойыздың ауылдың тұсындағы стансаға тоқтамайтындығын бiлiп, көзi қарауытқан Сәлкен пойыздан жерге секiргенде, шалғайын бiр темiр iлiп қалыпты. Сол кезде… — Кiсi әр жағын айта алмай, еңкiлдеп жылап жiбердi. Домалай аққан жас тамшыларын орамалмен әлiн-әлсiн сүртiп қояды.
Мен:
— Сосын не болды? — дедiм оған жаным ашып.
Ол аз үндемей тұрды да, сөйлеп кеттi:
— Оның шалғайы жыртылып кетiп, жерге құлап түскенде, оң аяғын жинай алмай қалыпты. Сол кезде вагондардың дөңгелегi таптап өте шыққан. Бүгiн операция жасап, оның аяғын кесiптi.
Ол одан әрi сөйлемедi. Қайғыға толы әжiмдi жүзiнде жас тамшылары жылт-жылт етiп сорғалайды. Бейне өкiнiштiң жасы сияқты.
1962 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *