Демалыс күнi едi. Жұмыстан шаршағандықтан ба, бiлмеймiн, тұла бойым сырқырап қозғалтпай қалыпты. Таңғы гимнастикамды жасадым да, тамақ iшуге отырдым.
Ұйқыдан оянам, тамақ iшем дегенше түс те болып қалды. Су қайнаған шiлденiң күнi. Даладағы аптап үйдiң iшiн жандырып жiбердi. Тұла бойым ыссылап кеткесiн, Сырдарияға барып шомылып қайтқым елдi.
Майкамды қолыма алып, сыртқа шығып едiм, қарақоңыр жалаңаш бұлшық еттерiме күн сәулелерi отша қадалды. Бiр көшенi айналып өтiп, Сырдарияға өтiп баратын едiм. Жол ұзақтау болғасын, тезiрек жүрдiм.
Мен дарияның жарқабақтау жерiнен шыққым келдi. Жүрiп келе жатқаныңда тiк жардан өзен көрiнбейтiн. Осы жолы да сондай болды. Дарияға жақындай бергенiмде, күшiктiң шәуiлдеген әлсiз даусы шықты. Әлгi дауыс бiресе ащырақ, бiресе аянышты боп естiледi.
Мен дарияның жарқабағының үстiне шыққанымда, жағадан сұрғыш, ақ маңдай тазы күшiгiн көрдiм. Ол жағада әрi-берi шапқылап жүр. Кенет менi көрдi де, шәуiндеп үрiп қоя бердi. Даусы аянышты. Күшiктен көзiмдi ала бергенiм сол едi, өзеннiң ортасынан ңапалаған дауыс шықты. Жалт қарасам — бiр қыз бала суға батып-шығып барады. Дереу жардан қарғып түстiм де, қалай тез-тез шешiнгенiмдi бiлмеймiн, суға қойып кеттiм. Ыстықтаған денемдi қоймалжың су дiрiлдетiп жiбердi. Қызға қарай жүзе жөнелдiм. Дарияның бұл тұсы енсiз болатын. Жүзудi жақсы бiлмесем де, қорықпаған себебiм сол едi.
Қызға жан ұшырып жеттiм. Су бетiндегi жыбырлаған аз ғана толқын да оны тұншықтыра түскендей. Талықсыған қыз мойныма жабысты. Табан астында сасып қалдым. Құшақтап алған қыз жүзуге мұрша берер емес. Бiр-екi рет су да жұттым. Аз ғана минуттар iшiнде басыма мың-сан ой асығыс кiрiп шықты. Кәйтсем де бiр амал iстеу керек болды.
Оның әшейiндегi нәзiк қолдары мойыныма ажырасмас темiрдей құлыпталып қалған сияқты. Батып-шығып жүрiп, қыздың қолдарын әзер дегенде жаздым да, жiңiшке белiнен сол қолыммен құшақтап алып, жағаға қарай малти бастадым. Анда-санда қызға қарап қоям. Оның қорқыныштан бақырайып кеткен қара көздерiнде дәрмесiздiк, үрей, ажал елестерi көрiнедi. Соны көрiп, өзiмнiң де зәрем ұшып кеттi. Ендi сәл кiдiрсем, тұңғиық аяғымнан төмен қарай тарта жөнелетiндей.
Бiр қолыммен, аяғыммен малтып келемiн. Жаға да жақын қалды, бiрақ қалжырауға айналдым. Құшағымда қыз емес, басқа бiр қорқынышты нәрсе келе жатқандай. Қорқынышты ойлардан ба, болмаса шаршадым ба, көзiм қарауыта бастады. Қолымның да бұлшық еттерi ауырды. Сарылдаған қатты ағыстан бiр талай жерге дейiн ыққан екенбiз, мен оны жағиада жатқан киiмдерiме қарап бiлдiм. Сүйтiп келе жатқанымда, кенет оң аяғымның бақайы қайыр топыраққа тидi. Сол екен, үмiт оты жарқ ете қалғандай болды. Ендi алға қарай ұмтылып, бойымды тiктеп, бой алдым да, қызды қос қолыммен көтерген қалпы ылай суды шолпылдата кешiп, жағаға шықтым. Байқаймын, ол талмаусырап қалған сияқты. Дереу оны жерге жатқыза сап, бiр кiтаптан оқығаным есiме түсiп, қолдан жасанды дем алдыра бастадым.
Ол он жетi жастардағы ақ құба, нәзiк денелi, әдемiше келген қыз екен. Қорқыныштан болар, бетiнде бiр тамшы қан жоқ. Күрiш сабағындай сары шаштары суланғандықтан қаралау тартыпты. Үстiнде купальнигi бар. Жұмыр ақ сандардың бетiнде мөлдiр тамшылар сырғанайды. Кеудесiне таңған бюстгальтерi дулыға секiлдi екi омырауын мүшесiн жасырып тұр. Мен оның қолдарын жоғарыл-төмендi қимылдатқан сайын, әлгi дулығалар дiр-дiр етедi.
Аздан соң қыздың аузы-мұрнынан су кеттi. Қаттырақ дем ала бастады да, жарты сағаттан кейiн ол есiн жиып, өзiнiң тыр жалаңаш күйi жағада жатқанынан қымсынып қап, қолымен жер тiреп, орнына тұрды. Бөтен адамды көрген соң, ұялған болуы керек, тез-тез киiне бастады. Соның арасында күшiк те жеттi. Бұл жолы ол үрмедi, тек еркелеп, құйрығын бұлғаңдатып, менiң қолымды иiскеледi. Мен оның арқасын сипаладым. Күшiк жып-жылы тiлiмен қолымды жалады.
— Мына күшiк сiздiкi ме? — дедiм мен киiнiп болып, маған жақындай берген қызға қарап.
— Жо-о-қ, осы ауылдiкi болар, — дедi ол дiрiлдеген дауыспен. Өзiнiң аман қалғанын жаңа бiлген оның қуанғаннан жүзi мүлдем қуарып кетiптi.
— Өзi жақсы күшiк екен. Осы болмағанда… мен бiлмеген де болар едiм.
— Жақсылығыңызға мың да бiр рахмет, — дедi ол қолымен су-су болған шашын кейiн қарай бiр серпiп қойып.
— Сiздi… бұрын бұл ауылда көрмеп ем…
— Ол рас. Мен алдыңкүнi Жосалыдан келгенмiн. Осында апайым тұрады. — Ол апа-жездесiнiң атын айтты. Оның бұжыр жездесi осы совхозда ветдәрiгер боп iстейтiн. Ол ылғиында қосауыз мылтығын алып, қаңғыбас иттердi атып жүретiн.
— Атыңыз кiм?
— Менiң атым ба? Атым — Балымша. Биыл он бiрiншiге көштiм.
Ол қысыла күлдi. Оның ақ құба беттерiне қан теуiп, аздап түсi кiре бастады. Сосын менiң өзiне тесiле қарағанымнан бiр түрлi ыңғайсызданып қалды. Оның су-су шашына тағылған ақ бантигi қыздың әлi де балалықтан онша арыла қоймағандығынан хабар беретiндей. Ол қысылып, аяғына киген танкеткасына қарай бердi.
Мен қызбен қоштастым да, үйге беттедiм. Ол жағада қалды. Бiрақ әлгi күшiк оған бiр, маған бiр шапқылап, iзiмнен қалмай қойды. Мен оны жерден көтерiп алдым.
— Сiз осы күшiктi үйiңiзге ала кетiңiз, — дедi қыз анадайдан айғайлап.
Мен басымды изедiм.
Бағанағы айналып өткен көшемен жүрiп келемiн. Күшiк олай бiр, былай бiр жүгiрiп жүр. Сәлден соң ол артымда жиырма қадамдай жерде маған ерiп келе жатты. Бiр үйдiң тұсынан өте бергенiмде, тарс еткен мылтық даусы құлағымды тұндырып жiбердi. Артыма жалт қарасам, күшiк жерде тыпырлап жатыр. Оқ дәл тисе керек, ол артқы екi аяғын бiр-екi рет серiптi де, аздан соң дiр-дiр етiп барып, тынып, жансыз қалды.
Күшiктiң жанында бiр тiзерлеп, оған үңiне қарап отырған мен бiреудiң жөтелген даусын естiп, жоғары қарадым. Қолында күрегi бар, шотмаңдай, бұжыр бет, ала көздi ветврачты көрдiм. Сәлем берiп едiм, ол аузын жыбырлатты да қойды. Күшiктi атқан осы екен.
— Сiз неге жазықсыз күшiктi аттыңыз? Оның обалы бар емес пе? дедiм оған.
Ол жуан даусымен гүр ете түстi:
— Өй сен де бiр. Өзiң былай… дiншiлсiң ғой дейiм. Көшеде иттiң жәй жүруiне болмайды. Ол адамды қауып алса, кәйтесiң? Сосын ол ауру жұқтырып…
— Ол деген асыранды күшiк ой. Ондағы қайдағы ауру?
— Әй, бiлмесең, сенiң бұл арада нең бар? Өткенде бiр жынданған күшiк баламды қауып алып, оны емдетем деп әбдән шығынданып бiттiм. Мынау да соның бiрі. Былай тұр. Мынадан инфекцияның шығуы мүмкiн. Ертең осындай қаңғыған иттерден ауру тарай қалса, санэпидстанцияға не дейiм? Одан аздап айлық алып отырмыз дегендей. Одан да осы тиыш. Кәне, былай тұр, — деп ол жуан қолымен менi керi шегiндiрдi.
Мен оған ештеме дей алмадым. Ол менiң жуасып қалғанымды көрiп, ендi ожарланып қимылдай бастады. Жерде өлiп жатқан күшiктi артқы сирағынан сүйреп апарып, анадай жерге тастады да, үшкiр кiрегiнiң иықшасына аяғын салып, күштенiп, жерге қадап батырды. Сосын кiшкене етiп шұңқыр қазды. Оны қазып болғасын, күшiктiң денесiн оған лақтырып жiберiп, оны құм топырақпен көмдi. Сосын ол құдды күшiк қайтадан тiрiлiп шығып кететiндей көрiп, топырақты аяғымен нығарлай басты.
Сол арада Балымша да жеттi. Ол болған жайды сезгендей:
—Қап! Жезде-ау, оныңыз не? Ол бiр жақсы күшiк едi, — дей бердi.
Бұжыр бет оған қолын бiр сiлтедi:
—Қаңғыбас иттiң жақсысы бола ма екен? Сен қыз да бiр! Әлi соңыңнан талай ит жүгiрер. Соның бiреуiне қор болсаң… көрермiн аяғаныңды…
Балымша не дерiн бiлмей, аяғын ақырын басып барып, дарбазаның есiгiн аша бердi.
Мен де бiр түрлi боп, бұжыр бетке қараудан қаймығып, терiс айналып кеттiм де, үйге қарай жүре бердiм. Содан анадай жерге барып, артыма қарасам, бұжыр бет әлi де әкесiнiң ақысы қалғандай, жас топырақты аяғымен тапап жатыр екен…
09.09.1963 жыл
11 класс