Бижiгiт мазасыздана бердi. Өзiн өзi қолдан зорлап басып, қаншама сабырлы болуға тырысқан сайын, соншама дегбiрiн қашырып, бiресе ауылда өткен бала шағы, студент кезi, Жанатпен танысқаны, бiресе елде тұратын әке-шешесi, олардың тiршiлiгi, өзiнен оларға еш көмектiң жоқтығы қайта-қайта оралып, мұның басынан шықпай қойды. Сосын есiне ойда-жоқта басталып кеткен осы сапары, Алматыда қалып бара жатқан жас келiншегi Жанат, жалақ сары Серiкжан Төлегенов, редакциядағы қазақынамай жiгiттер түстi. Бiрде олардың айтқан әңгiмелерi, кеу-кеу сөздерi мұның құлағына самбырлап келгендей болды. Сосын ол ойын бiрдеммен бөлгiсi кеп, орнынан тұрып, купенiң аздап тершiген, сырттағы шам жарықтары құбыла түсіп жатқан, төменгi жағына аздап қырау тұрып қалған терезенiң қалың әйнегiнен тысқа қарады. Бұл кезде қаладан ұзап шығып, Шамалғанға қарай бет алып келе жатқан жүйрiк пойыздың екi жағында үнемi қапталдасып отыратын далалық басталып кеткен де екен. Тақтайдай тегiс жазықтың созылып барып тiрелген тұсында Алатаудың сұлбасы шөккен түйелердiң керуенi сияқты боп қарауытып көрiнедi. Оның бер жағында созылып жатқан далалық үлкен күйтабақ тәрiздi жәйiмен айналып жатқан жайқын бiрдемеге ұқсайды. Ай сүттей жарық. Оның сарғыш сәулесi жерге дiр-дiр етiп түсіп, себездеп төгiлiп тұр. Кенет вагон шайқалақтап кеткенде, аңдаусыз тұрған бұл ерiксiз теңселiп, қолымен жоғарғы полкадан ұстай алды. Сол сәтте бұған төгiлiп тұрған ай сәулесi де шайқалақтап, ұйтқи қозғалып, төгiлiп кеткендей боп көрiндi. Сосын Бижiгiт бойын тiктеп, жаңғыз өзi келе жатқан бос купеде отыра бергендi жөн көрмей, аз-маз тұрды да, жастығының астындағы темекiсiн шырпысымен қоса алып, шарайналы, ысырмалы есiктi жауып, тамбурға қарай беттедi.
Бұл келгенде тамбурда екi орыс жiгiтi мен бiр кекселеу қазақ кiсi темекi шегiп, әңгiмелесiп тұр екен. Олар бұл келгенде орын берiп, шеттеп барып тұрды. Сосын айтып жатқан әңгiмелерiн әрi қарай жалғастырды:
— Қазақстан деген бай ғой. Жылда-жылда миллиард пұт астық бередi.
— Мұнда нағыз интернационализм! Ұлтқа бөлiп, алалау мұнда деген жоқ.
— Оның рас. Мен өткен жылы ана Өзбекстанда болып ем, онда дүкенде бар ғой… орысша сөйлесең, жауап та бермейдi. Бiрде асханаға барып тамақ iшейiн деп ем, заказымды алмай, өзiмдi қуып шықты.
— Ойбай, оны айтпа! — дедi әлгi қазақ кiсiсi қосарланып. — Оларды қой, надандар ғой. Олар деген орта ғасырдың жабайылары емес пе? Жалпы осы ұлтқа бөлудi қою керек қой.
— Сонда қалай? — дедi орыс жiгiттiң бiр шәпестеуi ыржиып.
— Совет халқын жасау керек. Ана Американың паспорттарында ұлт деген тармақ жоқ. Онда тек қана “американец” деп жазылады. Бiзде неге сондай болмайды, а?
— Ендi шамалыдан соң солай болады. Өткенде Суслов солай деп баяндама жасаған жоқ па? — дедi екiншi орыс жiгiт.
— Сонда қай тiлде сөйлеймiз? — дедi Бижiгiт олардың әңгiмесiне ерiксiз қыстырылып.
— Қай тiл нес? — дедi кексе қазақ екi иығын қиқаң еткiзiп. — Әрине, ортақ орыс тiлiнде сөйлеймiз. Кәзiр онсыз да сол тiлге көшiп жатқан жоқпыз ба?
Алматыда жүргенде мұндай орыстанып кеткен қазақтардың талайын көрген Бижiгiт оның таласып, сөз жарыстырып жатпайын деп үндемедi. Сосын темекiсiн шегiп, қырау тұрып қалған терезе қарап, тұра бердi. Аздан соң пойыз жүрісiн саябырлатып барып, бiр үлкен стансаға кеп тоқтады. Бижiгiт дереу темекiсiнiң тұқылын өшiре сап, оны қоыс тастайтын жәшiкке салды да, таза аза жұтайын деп, сыртқа шықты. Олардың бұл келiп тоқтағаны Отар стансасы екен. Сыртта аяз бар. Тоза бастаған асфальттың үстiнде жатқан, көнеленiп үлгерген қасат қар аяқ басқан сайын сықыр-сықыр етедi. Сол арада ол бұлардың есiгi ашық тұрған вагонына қолына екi шамадан ұстаған, басында ондатр бөркi бар бiр келiншектiң кеп, проводникке билетiн көрсетiп, iшке кiрiп бара жатқанын байқады. Неге екенi белгiсiз, сол арада бұл оны өзi келе жатқан бос купенiң бiр орнына барып жайғасатын шығар деп ойлады. Келiншек бұған көз қиығын да салмастан, проводникке бұрылып, орнынының қай купеде екенiн сұрады да, аяғын тез басып, iшке кiрiп кеттi.
Бижiгiт кеудесiн кере дем алып, әскери кiсiлер әрлi-берлi жүрiп жатқан, естуiнше құпия гарнизондар бар деп еститiн Отардың кiшкене тапал тамдарына, перронда бұтақтары сидиып қалған қара талдарға, қырау басқан ағаш шарбақтарға қарап, бiраз тұрды. Сосын осы кезде жәйiмен қозғалып бара жатқан пойызды көрiп, Бижiгiт шегiп болған темекiсiн лақтырып тастай сап, жүгiрiп кеп, вагонның кiр-кiр темiр тұтқасына жармасты да, темiржолшының баласы екендiгiн көрсетiп, тепкiшекке қарғып мiндi. Сосын тамбурдың көлденең көтерiлiп тұрған жақтауын аяғымен төмен басып, есiктi жауып, кiлттеп жатқан проводник әйелдiң сыртқы тұлғасына қарап тұрды да, тоңазып кектен бойын қозғап қойып, iшке кiрдi. Содан соң ұзын, енi тар коридормен, қолымен жақтаушалардан ұстай отырып, вагонның орта тұсындағы өз купесiне келдi. Ол купенiң есiгiн аша берiп, iште отырған көмiрдей қара қасты, кең маңдайлы, бояуы қалың етiп жағылған қызыл ерiндi, томпиған қос анары қоңыр көйлегiнiң өңiрiн сыртқа теуiп тұрған, жаңа ғана Отар стансасынан мiнген жас келiншектi көрiп, тұла бойын ду еткiзе бiр жайлы самал үрлеп өткендей болды да, не әрi, не берi аттарын бiлмей, босағада қалт етiп тұрып қалды. Сосын өзiнiң осы қалпын ыңғайсыз көрiп, iшке кiрдi де, өз орнына отырды.
Келiншек бұған қарамастан, төсек-орнын жөндедi де, төмен иiлiп, дорбасынан азық-түлiгiн алып, ортадағы ұзынша үстелге қоя бастады. Ол басын төмен иiп, жоғары көтергенде, өлiмсiреп жанып тұрған электр шамының жарығында бетiне шапқан қан онша бiлiнбейдi, тек оның қысқа етiп қырқылып, ұш жақтары бұйраланып тасталған қара шашы ғана судырап, екi иығына алма-кезек төгiлiп түседi.
Соған қарап отырған Бижiгiт:
— Көмектесейiн бе? Сiзге… қиын емес пе? — дедi.
— Жоға, — дедi келiншек ұзынша үстелдiң астыңғы жағынан тiл қатып. — Ауыр нәсте емес қой. Жолға шыққасын… көптеу алып қойыппын… — Ендi басын жоғары көтерiп, ұзынша үстелдiң астынан шығып, бойын тiктеген келiншек қуақы күлкi ойнаған көзiмен бұған қарады.
— Ендi… жол деген, — дедi Бижiгiт әрi қарай не деудiң ретiн таппай.
Ендi оның ретiн келiншектiң өзi келтiрдi:
— Сiз… алысқа барасыз ба?
— Онша алысқа емес.
— Айып болмаса… қай йерге дейiн?
— Қай йерi жоқ, — дедi Бижiгiт әлденеге сырбойлықтардың кейде “ж” дыбысын “й” деп айтатынын тез ойлап қойып. — Жосалыға дейiн.
— А, солай ма? Онда сапарлас боп шықтық. Мен Қызылордаға барам, — дедi келiншек құдды мұның жерлес боп шыққанына қуанып кеткендей.
— Сонда… сiз… Қызылордалықсыз ба?
— Иә.
— Мына Отарда…
— Онда ағамның бiр баласы служить етiп жатыр едi. Кеше Алматыдан осында келiп, соны көрiп, қайтып бара атырмын. Үйтпесем, ағам ұрысады.
— Ағаңыз соншама ашушақ па?
— Ойбай, оның айтары жоқ, ашушақ болғанда бар ғой, былай, — деп, келiншек жарқ етiп күлiп жiберiп, кiшкене екi жұдырығын көтерiп, маңдайына апарып басты. — Мiне, осындай!
— Немене оның қас-қабағы жазылмайтын бiреу ме?
— Ойбай, оның айтары жоқ. Мiнезi бiрде бие, бiрде түйе. Оған ана жеңгемнен басқа iж бәндә көнбейдi.
— Ойпырмай, ә?!
Бижiгiт тағы да үнсiз қалды. Сосын ол қыс кезiнде жолаушылар сирек жүретiндiгi, жолға шыққандардың көбiне құны арзан деп, билеттi плацкарт вагондарға алатындығы, әсiресе, жұмсақ орындықты купелердiң бос болатындығы туралы ойлады. Кәзiр де бұлар мiнген купенiң екi орны бос. Соған қарап қойып, Бижiгiт әлденеге қалжыңдағысы кеп:
— Сiз осы… батылсыз ғой дейiм, — дедi.
— Неге? — дедi осы кезде дастарханды жөндеп жатқан келiншек бұған көзiнiң астымен қарап қойып.
— Негесi сол? Мына купеде екеумiз ғана. Сонда… қорықпайсыз ба?
— Е, неден қорқам? Сiз немене адам жабайысыз ба?
— Жоға, айта көрмеңiз.
— Ендеше бар ғой, сiз менен қорқыңыз.
— Е, неге?
— Менiң мамандығым қорқынышты. Қалтамда скальпелiм бар, — дедi келiншек күлiп.
— Сiз… шынында да, қорқынышты болдыңыз.
— Айтпаңыз.
Бижiгiт iштей мына келiншектiң ашықтығына, бұрын көрмеген кiсiсiмен емен-жарқын түрде әзiлдесе кеткенiне қарап, не кәрi қыз, не күйеуден шыққан бiреу-ау деп ойлап қойды. Сосын теңселiп келе жатқан вагонның күңгiрт терезеге қарап отырып, Бижiгiт iшiнен: “Жолға шыққанда ана Жанат та өйiстетiн шығар?, — дедi. — Оны кiм бiлiп жатыр? Кешелерi аз күн командировка кеткенiмде, iстеп жүргенi анау… Шамасы, бұрынғылар: “Астыңдағы атыңа сенбе, қойныңдағы қатыныңа сенбе”, — деп дұрыс айтқан-ау! Ол әйелдерi ауылдан шығармай ұстайтын бұрынғы заманда болған ғой. Ал бүгінгi күні әйелдi қалай құлыптап ұстап отыра аласылң? Ол оныңа көне ме? Қайта олар қақшаңдап, сенiмен правом тең, мен де жұмыс iстеймiн деп, екi иығын жұлып жеп жүрген жоқ па? Содан кейiн… оларға сене қою… былай, қиын… — Ол осы арада мектепте бiрге оқыған қыз-қырқынның бәрiнiң тұздығын тұздай құртып үлгерген Молдаштың қолын сiлтеп: “Бұларды қой! Кiлең қаншық!” — дейтiнiн есiне алды. — Сонда… ол дұрыс айтқан ба?” Ол тұла бойына суық шапқандай, одан әрмен бүрiсе тѕстi. Сосын өзiнiң Молдаштың әлгi сөзiн ұмытпай, үйленбей, бiраз уақыт жүрiп алғанын есiне түсірдi. Шынында да, бұл жиырма беске шығып, оңды-солды көрiп болғасын барып қана есеппен үйленген едi. Ол, сырттай бiлуiнше, немере ағасы Рахманқұлов астанадағы үлкен бiр газетте Бас редактордың бiрiншi орынбасары боп қызмет iстейтiн, әке-шешесi Ұзынағашта тұратын, университтетiң химия факультетiнде оқитын Жанат деген толық денелi, кеудесi кең, екi бетi томпақтау келген қызбен бiр қайымын тауып танысып, оны қайта-қайта киноға шақырып жүрiп, ақыры үйленiп тынған болатын. Қазақшасы онша емес, қалада туып-өскен қыз да отырып қалмай, күйеу тапқанына қуанса керек, көп бұлданбай тез келiсiм бере салған-ды. Содан кейiн бұл Қармақшының Сыр жағындағы “Қуіаңдария” деген совхозда бухгалтер боп iстейтiн әкесiне телефон соғып, ресторанда жасайтын тойға керек ақшаның шамасын айтып қиылды. Бұл ер баланың ортаншысы болатын. Бижiгiттiң ағасы Қызылордадағы педагогика институының физика-математика факультетiн жақсы бiтiртiп, сонда оқытушы боп қалған едi. Өзiнен кейiнгi iнiсi әлi сегiзiншi класта оқып жүр. Ал екi апасы Қуаңдария мен Жаңақала жағында тұрмыста едi. Шешесi болса соңғы жылдары ыңқыл-сыңқылы көбейiп, бұған: “Оқуыңды бiтiргесiн, қолымызды ұзарт, ауданға кеп, кәзитке тұр. Сол бiзге жетедi”, — деп қыңқылдап жүр едi. Ендi мұның Алматыда тұратын дүмдi бiреудiң қызын алатынын естiп, шешесi: “Қап, әттене-ай! Төркiнi дүмдi қатындар соған сүйенiп, қандай еркектi де жүнше түтiп тастаушы едi. Сен де соның кебiн киiп жүрме!” — деп, бұған бiраз кейiп те алған болатын. Бiрақ жаратылысында бiреуге әмiрiн жүргiзбесе, бойнына iшкен асы тарамайтын бұл: “Ала шаңның iшiнде қашанғы жүре беремiз? Осы Алматыда да бiр үй болуы керек емес пе?” — деп ойлап, алған бетiнен қайтпаған едi. Ақыры әкесi күңкiлдеп жүрiп, қасына немере iнiсiн ертiп кеп, Алматыда той жасады. Оған салған беттен-ақ үлкен-кiшiнiң көзiнше әрпiл-тәрпiл сөйлей беретiн Жанат та, кекiрейiп қалған құдалары да ұнамады. Бiрер күннен кейiн екiншi Алматы вокзалында пойызға мiнгелi тұрғанында әкесi мұны оңаша шығарып ап: “Қарағым, қайдам, мынауыңның түбi жақсы болса жарады. Әгәр анау-мынау деп, барлығын сiдеттейтiн болса, кеш болмай тұрғанда, жөнiңдi тапқаның жөн. Онымен өмiр сүретiн мен емес, сенсiң. Кейiнiнен өкiнiп жүрме”, — деген едi. Бұл сонда әкесiнiң сөзiн құлағына да қыстырмаған болатын. Содан кейiн жас жұбайлар Алматының СМУ-15 деген жағындағы қос қабатты үйлердiң бiрiнде пәтер жалдап тұрып жатты. Сол екi арада Бижiгiт оңдырып оқымаса да, мұғалiмдердi әке-көкелеп жағалап жүрiп, көбiне оларды тойғанынша суарып, деканның бабын тауып, университтетiң журналистика факультетiн қызыл дипломмен бiтiрiп шықты. Содан кейiн Жанаттың немере ағасы Рахманқұловтың көмегiмен жастар газетiне қызметке тұрды. Ал Жанат болса, Академияға қарасты Химия институтына лаборант боп орналасып та үлгердi. Ол лабораторияның меңгерушiсi iлмиген, екi ұрты iшiне кiрiп, үнемi жағы суалып жүретiн, жасы отыздардан асып қалған, орыс әйелi бар Дәленов деген бiреу екен. Бiрде оны үйiне шақырып, қонақ еткенде, орыс әйелiне жалтақтап қойып, “ортақ тiлде сөйлейiк” деп, аузына қазақша бiр сөз де алмай қойды. Оның үстiне мектепте физика мен химияны нашар оқыған бұл олардың не жайында сөйлесiп жатқанын түсінбедi, тек қана түсінген түр көрсетiп, басын изей бердi. Олар кеткесiн, Бижiгiт қоңылтақсып, iшiнен: “Мұның өзi қалай болар екен? Химия деп, химиямды шығарып жүрмесе?” — деп ойлады.
Алғашқыда бұлар тату-тәттi тұрып жатты. Бижiгiт жұмыстан ерте қайтып, кешкiсiнгi хабар-ошарды көрiп болғасын, қағазын жайып, үстел үстiндегi кiшкене шамды жағып, түннiң бiр уағына дейiн ертең тапсырға тиiстi материалды жазады. Осы кезде керуетте ұйықтап жатқан Жанат толық бiлегiн жұқа көрпенiң сыртына шығарып жiберiп, ыңырысып, әрi қарай бiр аунап түседi. Бұл оған кеуiл бөлмей, жаза бередi. Ендi бiр аздан соң Жанат толық екi бiлегiн басынан аса көтерiп, аузын аша есiнеп алады да, берi қарап аударылып жатады. Соны көрген Бижiгiт, ендi шыдамы таусылып, қағаздарын тез-тез жинап, шамды өшiре сап, жас келiншегiнiң қасына кеп жатады. Ол ұйықтап жатыр деген Жанаттың ояу екендiгiн сонда ғана бiледi. Ендi оның былқылдаған толық омырауын кеудесiне тақап, құшып-сүйiп жатып, бар дүнияны ұмытқандай бiр күй кешедi. Сондайда есiне бұрынғы шалдардың: “Қыздың өз әбiрейiмен ұзатқанға не жетсiн!” — дейтiнi түсе кетедi. Соны ойлағанда, бұл өз өзiнен қысылып бiтедi. Оның себебi бар. Жанат бұл кездескенше дейiн Политехника институының геология факультетiнде оқитын, еңкiштеу келген ұзын бойлы, үнемi екi көзi қызарып, суланып жүретiн, ажарсыздау, жалақ сары Серiкжан деген бiр жiгiтпен табысып, үйленбекшi болған екен. Бiрақ ысқыаяқ Серiкжан берген уәдесiне тұрмай, жамағайыны Геология министрлiгiнде қызмет iстейтiн, Шымкенттiң бiр колхозында тұратын, шелтеңдеген завферма, түрi сарт сияқты, орақ мұрынды, шегiр көздi, тiлiнiң ұшынан тәттiлеп сөйлейтiн Ахметовтың Шәкизада дейтiн қортық, толық денелi, құс мұрын, үкi көз қызымен танысып, соған үйленiп, тез арада министрлiкке жұмысқа тұрып алыпты. Содан лажы қалмаған Жанат университтетте оқып жүре бередi. Бұл онымен дәл осы кезде танысады. Алғашқы кезде Жанат ол жайында бұған дәнеме де деген жоқ. Сосын оның немере ағасының барлығын естiген бұл көзжұмбайлыққа салып жiберген болатын. Ендi Жанаттың қызылкөз Серiкжанмен әңгiмесi болғанын кеш естiп, iштей қобалжып қалған бұл бiрде: “Мен осы… кiмдi алғанмын, а? Оның үстiне… оның жағдайы белгiлi болып шықты ғой”, — деп өз өзiне ызаланған-ды. Бiрақ та Жанатқа сыр бермей, iшiнен тынған болатын. Ақырында бәрiн де қызметқұмарлығы жеңiп, ол: “Өй, онда тұрған не бар дейсiң? Мына жұрт күйеуден шыққан қатынды да алып жатыр ғой. Азар болса, бұ да соның бiрi болар. Одан да осы таныстықты пайдаланып, бiр газеттiң басына отырып алмаймын ба? Содан кейiн… былай қыбын тауып… кәзiр не көп, бай таба алмай жүрген жас қыздар көп, соның бiрiн ептеп-септеп… былай…”— деп, өзiн өзi жұбатып, бәрiн де ұмытуға тырысып, жұмысына кiрiсiп те кеткен едi.
Бiр қызығы, Жанат соншалық қызғаншақ боп шықты. Бұл жұмыстан сәл кешiксе болды, ол қабағын түйiп ап, аяқ-табақты салдырлатып, сөйлемей, ұзақ жүрiп алады да, екi бөлмелi аядай пәтердiң кухнясындағы жаман диванға жатып алады. Соны көрген бұл жiптiктей бола түседi, — жұмысқа уақытында барып, үйiне уақытында қайтады. Мұның осы жайын байқаса керек, газеттiң әдебиет бөлiмiнiң меңгерушiсi, темiр тiс, тапалтақ келген, жалпақ бас Қалихан тырқылдап күлiп: “Бала, байқа. Сен бiлсең, қатын деген балалайка. Бүгін ол — кәмпит, ертең ол — аузыңды аңқит. Сондықтан осы бастан келiншегiңдi жаман үйретпе”, — дейдi. Бұл оның тура айтқан сөзiн дөрекiлiк деп бiлген едi. Сүйтiп жүргенiнде мына қызметiне үйренiп те алды. Бiр аздан соң студент кезiнде кiруге батпай, сыртынан қызыға қарап жүретiн атақты газеттiң редакциясы ендi бұған өз үйi сияқтанып кеттi. Оған етiнiң тез үйренiп кеткендiгi сонша, аз уақыт өтiсiмен, кiшкентайынан аудан орталығындағы интернатта жатып оқып, қақ-соқты ертерек көрiп қалған бұл мұнда iстейтiн жiгiттермен қоян-қолтық араласып та кеттi. Сосын бұл басқалар құсап, алғашқы жазған мақалалаларын бөлiм меңгерушiсi көзiлдiрiгiн киiп ап, қызыл қаламмен сызғылап жатқанда да тоңқылдап, сыр бермедi, — бар-жоғы күлiмсiреп, жөнделген материалды машинисткалар бюросына апарып бередi. Оның көрген, екi көзi адырайған, бұйра шашты, қара сұр реңдi Дина деген қыз: “Өй, осы кiсi де дұрыс, орнында тұрған сөздердi сыза бередi екен!” — деп, әлдекiмге ренiшiн бiлдiрiп жатады. Бұл оған да сыр бермей, күлiмсiрейдi де қояды.
Бижiгiт қаламы төселiп кеткенше осы күйдi басынан кештi. Үш-төрт айдан кейiн ол бөлiм меңгерушiсiнiң қай сөздi, қандай сөйлемдi ұнатып-ұнатпайтынын бiлiп ап, ендi соның ыңғайына жығылып жазатын болып алды. Бiр қызығы, ендi мұның осылай жазғандары бөлiм меңгерушiсiнiң қаламы тиместен зырғып өте шығады. Ол қол қойғасын, бас редактор да көп жөндемейдi. Соны көрiп отырып, бұл iшiнен: “Әр адамның өз жазуы, өз мәнерi бар емес пе? Сонда менiң мұным не?” — деп ойлап қояды.
Бұл үйленгеннен кейiн Орталық Комитетте iстейтiн үлкен бажасы терiскейдегi бiр облыста шығатын газетке Бас редактор боп ауысты да, сол жақтан алған үйлерiне көшiп кеттi. Ендi Жанат екеуi СМУ-15-тегi жалдап тұрып жатқан пәтерлерiн тастап, солардың үйлерiне көшiп алды. Сол екен, мұны қызметке тұрғызған басқа емес, өзiнiң немере ағасы, Алматыдағы пәтердiң қожайыны өз туысы екендiгiн бiлдiретiндей боп, Жанаттың мiнезi күрт өзгере бастады. Алғашқыда бұл оған сенбей қарады, тек бертiн келе жас келiншегiнiң өзiне есеппен, күні, мансабы үшiн үйленген ысқыаяқ бiреу деп қарайтын сыңайын анық байқағандай болды. Бiрақ бұл оған кеуiл бөлмеуге тырысты.
Осылайша аңдысумен жүргенде бес-алты ай да зу етiп өте шықты. Биыл газетке жазылу науқаны нашар өтiп, тиражы азайып кеткендiктен, Бас редактордың қабағы бiр ашылмай қойды. Ол дүйсенбi күні азанда өтетiн шолақ жиналыста бұларға: “Материалды қызықты етiп жаза бiлмейсiңдер. Көтерiп жатқан проблема жоқ. Ана орыс газеттерi қалай-қалай жазады?! Содан үйрену дегендi бiлмейсiңдер!” — деп, ұрысып бiтедi. Содан кейiн мектеп бөлiмiнде iстейтiн бұл демалыс күндерi орталық кiтапханаға барып, педагогика жөнiнен соңғы кездерi жарық көрiп жатқан кiтаптарды қарайды, соның iшiнен керектi жерлерiн көшiрiп ап, оның өңiн мың өзгертiп, мақала жазған болады.
Сүйтiп жүргенiнде февраль айының қақап тұрған кезiнде мұны Бас редактор шақырып ап, комсомолдың бiр жиыны болады, содан материал жазып қайт деп, Көкшетауға командировкаға жiбердi. Бұл аэропорттан түскенде, күн қақап тұр екен. Бижiгiт бүрсеңдеп жүрiп, жиынға қатысып, керектi мәлiметтердi алды да, пединституттың беретiн банкетiне қарамай, пойызбен Алматыға тартып отырды. Бұ Алматыға келгенде, күн май тоңғысыз жылы екен. Жақында жауған, асфальтқа түскен жас қар ерiп, тынымсыз жүрiп жатқан машиналардың дөңгелектерi салған iзден ерiп, қарауытып жатыр. Тек қана ұзын теректердiң бұтақтарына қонып қалған ақша қар ұлпаланып, жерге түспей, күн сәулесiне шағылысады.
Бижiгiт троллейбусқа мiнiп, микроаудандағы үйiне кеп, екiншi қабатқа көтерiлiп, есiктi аша бергенде, әлденеге тоқтай қалды. Iштен әлдекiмдердiң сөйлескен дауыстары естiлгендей болды. Сосын қалтасынан өз кiлтiн алып, құлыптың саңылауына тығып едi, әр жақтан салынған кiлт болғандықтан, құлып ашылмады. Содан кейiн амал жоқ, бұл қоңыраудың түймесiн басты. Аздан соң әр жақтан аяғын жәйiмен алып келе жатқан әйелдiң дыбысы естiлдi. Iштен бiреу есіктегі кішкене тесік — глазокқа қарады да, аз iркiлiп тұрып, ақыры есiктi ашты. Есiктi ашысымен, Бижiгiттiң мұрнына бiрден шарап пен темекiнiң араласқан көңiрсiген исi келдi. Сосын Жанаттың түрiне қарап едi, оның болбыр бетi шырайланып, қаны сыртына теуiп, екi көзi әлденеге мөлдiрей қалған екен. Ол мұны дәл бүгін келедi деп ойламаса керек, алғашында таңырқап аз тұрды да, сосын тез есiн жиып:
— Ау, кiрсейшi. Нағып тұрсың? — дедi. Сосын мұны қолтығынан алып, iшке кiргiздi де, пальтосын шешуге көмектестi. — Тездеп шешiн! Сүлгi ваннада тұр. Тез жуын да, столға кел!
— Ау, қайда асығып барасың? — дедi Бижiгiт оның елпiлдей бастағанынан кiп алып.
— Үйде қонақ бар. Ана заведующий мен министрлiктегi бiр жiгiт…
Мына сөз оның жанына шаншудай қадалды. Кеуiлiне әлдеқандай жат ойлар орала бердi. Ол есiк алдында тұрып шешiнгесiн, пальтосын iлгiшке iлдi де, портфелiн көтерiп, жататын бөлмеге барып, орындыққа қоя салды. Сосын пиджагы мен шалбарын шешiп, жеңiл киiмiн киiп, ваннаға кiрдi. Ыстық су мен суық судың бұрандаларын ақырын аша отырып, суды қанжылым еттi де, жуына бастады. Сол арада басына: “Үйде күйеуi жоқта қонақ күткенi қалай? Өзi шарап iшiп алыпты. Түрiн қарашы, бал-бұл жанып тұр. Қой, бұл тегiн болмас”, — деген бiр ой шапты.
Бижiгiт iшке кiрсе, үстi жемiс-жидекке, түрлi тортқа, салаттар мен кесiлген колбаса салынған тарелкелерге толы ұзынша үстелдiң екi жағында Дәленов пен бiр сары жiгiт отыр екен. Олар аздап iшiп алыпты. Сосын олар бұған тосырқай қарап:
— Бiздер мына Жанаттың диссертациясының тақырыбын бекiгесiн… — деп, қосарланып мiңгiр еткен болды.
— О не тақырып? — дедi ол жайында естiмеген Бижiгiт таңырқап.
Осы кезде Жанат бұған сырт жағынан тақап кеп, екi оның оң иығына салып тұрып:
— Мен… әлдеқалай болар деп айтпап едiм, жақында диссертациямның тақырыбын бекiттiм. Соған мына азаматтар көмектесiп… — дедi өтiрiк күлiп.
— Е, дұрыс екен, — дедi де, Бижiгiт iшiнен жалақ сарыға қарап: “Мынаусы кiмi болды?” — деп қойды.
Мұның оған қарағанын байқап қалған Жанат әлденеге қуыстанғанын бiлдiрмей:
— Бұ жiгiт Даленовичтiң шәкiртi, министрлiкте iстейдi. Менiң диссертациямның тақырыбы — минералдар ғой. Как раз осы жiгiт iстейтiн бөлiмге келедi. Аты — Серикжан, — дедi.
Сол екен, Бижiгiттiң бойы шымыр ете түскендей болды. Мұның бетiне көзiнiң астымен жымысқылана қарап отырған Дәленов сәл-пәл мырс ете түскендей болды. Еңкiш бойлы, екi көзi қызарып тұрған Серiкжан атанған жiгiт бұған қарай рюмка ұстаған қолын созып:
— Келгенiңiз жақсы болды. Ас иесiмен тәттi деушi ме едi қалай? Осы қазақшаны да ұмытып барамыз. Кәне, таныстық үшiн, — дедi. Сосын ол Жанатқа қарады. — Ау, жан жолдасыңызға құймапсыз ғой. Кәне, маған берiңiз, мен өз қолыммен… — Ол Жанаттың қолынан шишаны алды да, мұның алдында тұрған қылмықын рюмкаға ақ арақты құя бастады.
Бижiгiт рюмкаға құйылып жатқан, мөлдiреген ақ араққа қарап отырып, iшiнен: “Адамдар дәл осындай таза, мөлдiр болса, сонда не болар едi? Олар керiсiнше, осы мөлдiр арақты iшiп алады да, кiр шаруаларды жасайды”, — деп ойлады. Сосын рюмканы алып, Дәленовке қарап:
— Хош келiп қапсыздар, — дедi де, онымен соғыстырмай, арақты бiр-ақ сiмiрдi.
— Оһо, сiз нағыз ана Шолохов жазған… Соколовсыз ғой! — дедi Серiкжан өтiрiк тарқылдай күлiп.
— Шынында да, сондай, — дедi Дәленов жымысқыланып.
— Олай боп жатса… после первого тоста не закусываю болды ғой, — дедi Жанат мұның олармен рюмкасын соғыстырмағанын жақтырмай.
— Онда екiншiсiн құй! — дедi Бижiгiт рюмкасын Жанатқа қарай ысырып.
Жанат бұның жүзiне ұрлана қарап қойып, ақ арақты рюмкаға құйды. Оны Бижiгiт тағы да соғыстырмай алып тастады. Сосын алдында тұрған, не екенi белгiсiз бiрдеменi шанышқымен алып жей бастады.
Мұның әлденеден күдiктенгенiн байқаған Дәленов пен Серiкжан ендi құдды ғылымның тағдыры өздерiнiң қолдарында тұрғандай маңызданып, вакуумдағы эффект, атомның ыдырауы, көмiрсутектiлердiң азайып бара жатқандығы жайлы ұзынсонар бiр әңгiмеге көштi. Жанат олардың сөздерiн ықыласпен тыңдады. Бижiгiт бұл жайында газеттердiң күнде жазып жатқанын есiне алып, құлықсыз отыра бердi.
Күн кешкiре бастаған кезде, әңгiмелерi жараса қоймағанын сезген әлгi екеу орындарынан тұрып, бұлармен қоштасып, үйлерiне кеттi. Олар есiктi жабысымен Жанат долданып:
— Сен немене оларды ұнатпай… қабағыңды түйiп алдың? — дедi де, асханаға алып бара жатқан бiр тарелкенi лақтырып жiберiп, быт-шыт қылды. — Ауылбайский, қазақбайский… колхозник!
— Немене? Кiм колхозник? — дедi Бижiгiт адырайып.
— Кiм болсын! Ол сен!
— Мен бе? — дедi Бижiгiт өзiне не болғанын аңғармай, ашулана түсіп.
— Ендi кiм? Кiсi деген қонаққа жылы шырай көрсетiп…
— Олар қайдағы қонақ? Қазақтың әйелi күйеуi жоқта қонақ шақыра ма екен?
— Ой, ол… это отсталость! Шақырғанда не тұр? Подумаешь… Немене олар менiң… любовниктерiм бе?
— Болмаса, болады.
— Ой, онда жақсы болды ғой. Ана алысқа… курортқа бармай, үйдiң қасынан любовник тауып ап… — дедi Жанат кенет сайқыланып, екi қолымен бүйiрiн таянып, мұның бетiне тура қарап тұрып.
Бижiгiт сол арада оның жүзiне қарап тұрып, Жанаттың болбыраған екi бетiнде ұяттың нышанының да жоқтығын, оның көне тарта бастағанын, қаны қашып, көгiстенiп кеткенiн көрiп, iшiн тартты. Сосын жалт бұрылып кеттi де, кабинетiне кiрiп ап, ертең тапсыруға тиiстi мақаласымен болып кеттi.
Сол түні олар алғаш рет бөлек-бөлек жатысты. Ертеңiне Бижiгiт жұмысқа да ықыласы соқпай, әшейiнде қағаз бетiнде тапырақтай беретiн автоқаламы жалқау тартып, сөйлем сайын сүрiнiп, кiбiртiктей бергесiн, жазуды қоя сап, коридорға шығып, темекi шеккен боп, күні бойы сергелдең халде жүрдi. Осылайша үш күндi өттi. Жанат бұдан мүлдем суынғандай мiнез көрсетiп, тамақты жаңғыз өзi iшiп, бөлек жатып алды. Бұл болса, кабинетiнен шықпады. Ақыры әйелiнiң төбесiнде тайраңдаймын деген ниетiн сезген бұл ертеңiне Бас редакторға барып, әкем ауырып қалыпты дегендi сылтау ғып, бiр жетiге мәулет алып, болған жайдың хақында ата-анасымен кеңесу үшiн Қармақшыға тартып бердi. Мiне, содан жолаушылап келе жатқан бетi осы.
Ол терезеге ұзақ қарады. Сәлден соң үнсiз отыра берудi лайық көрмей, келiншекке қарап:
— Жаңа сiз Қызылордалықпын дедiңiз бе осы? — деп сұрады.
— Иә.
— Сонда… қаланың өзiнде тұрасыздар ма?
— Иә, ана батыстағы көне базар жағында.
— Е, дұрыс екен, — дедi Бижiгiт одан әрi не дерiн бiлмей. — Алматыға қыдырып келген боларсыз?
— Жоға. Кәзiр врачтардың… мамандардың бiлiмiн жетiлдiру деген бар ғой, соған қатысып дегендей… Терапевт болғасын… оның…
— Сол салада iстейсiз бе?
— Иә. Терапевтпiн. Қаладағы орталық ауруханада iстеймiн.
— Ыңғайсыз болмаса, есiмiңiз кiм болады?
— Атым ба? Атым аса қорқынышты, — деп келiншек күлiп жiбердi.
— Соншалықты ма?
— Соншалықты.
— Сонда кiм болды екен, а? — деп Бижiгiт өтiрiк күлiп, көзiн сығырайтты.
— Сiз мектепте… қазақтың қиссаларын оқыған боларсыз?
— Е, оқығанда қандай.
— Сондағы бiр қыздың аты.
Бұл iшiнен өзi оқыған қиссалардағы қыз-келiншектердiң есiмдерiн iшiнен жадына түсірiп көрдi, бiрақ ойына оңтайлысы түсе қоймады. Сосын өтiрiк күлiп:
— Қыз Жiбек пе? — дедi.
— Өй, сiз де бiр. Қыз Жiбек деген нәзiк қой. Менiкi батырдың аты.
— Сонда кiм болды екен, а?
— Ойланыңыз.
—Қанша ойлансам да, есiме түсер емес.
— Онда айтайын, есiмiм — Қарлыға.
— Шынында да, сiз батыр болып шықтыңыз. Баяғы Қобыландыны тұтқыннан құтқарып, кейiнiнен өзiн найзамен шаншатын Қарлыға ғой?
— Дәл өзi.
— Ендеше шаншатын найзаңыз қайда?
— Ау, бiр көрiп отырған құдайы көршiнi шаншып нем бар? — дедi Қарлыға жымиып.
— Ол да рас екен-ау, — дедi Бижiгiт даусын созып. Сосын iшiнен: “Баяғыда осындай бiр жерлес қызбен де таныспаған екенмiн”, — деп ойлап қойды.
Аздан соң пойыз Алматыдан ұзап шығып, Отар стансасына қарай арлап тарта жөнелгенде, қыстың қысқа күні тез батып, қараңғылық орнай бастады. Ендi бағанадан берi дөңгеленiп кейiнде қалып бара жатқан жалпақ жазық көрiнбей кеттi. Соны байқаған Қарлыға орнынан көтерiлiп, терезенiң кiшкене жапқышын жапты да, қыржымданып қалған етегi қысқа көйлегiн қолымен жөндеп, сүлгiсiн алып, сыртқа шығып кеттi.
Бижiгiт төсегiне жатты. Аздан кейiн пойыздың теңселгенiмен бiрге тербелiп, ол қалай қалғып еткенiн де байқамады.
Ол қанша жатқанын сезген жоқ. Бiр уақыттарда тепловоздың жұлқа тартып қалғанынан оянып кетiп, басын көтерiп қараса, купе iшi, бейне қарсы алдына жiбек шымылдық тұтқандай боп, төбеден түскен көгiлдiр жарықтан алакеуiм боп тұр екен.
Бижiгiт сосын терезеге қарай берiп едi, көзi қарсы жақтағы полкада жатқан Қарлығаға түсіп кеттi. Оның үстiне тарта жамылған одеялы төмен қарай ысырылып, ағараңдаған төсi аздап ашылып қалыпты. Ол пысылдап жәйiмен дем алып, кеудесi жоғары көтерiлiп, төмен түскен сайын, төңкерiлген кеседей топ-толық екi анары сәл-пәл дiр ете қалады. Ұйықтап жатқан келiншек түктi де сезер емес.
Бижiгiт темекiсi мен шырпысын алып, сыртқа шықпақ боп, ысырмалы есiктi ақырын ашып едi, коридордағы шамның шақырайған жарығы iшке түскенде, бұл келiншектiң сәл-пәл қозғалып жатқан сынық таға секiлдi қара қасын, iсiне түскен ернiн көрдi. Сосын бiр сәтке селтиiп тұрып қалды да, вагонның астыңғы жағынан тынымсыз тоқылдаған дөңгелектердiң даусын естiп, Қарлығаны оянып кетер деп, сыртқа шығып кеттi. Содан ол жәйiмен жүрiп отырып, тамбурға келдi де, сигаретiн тұтатып, ащы түтiндi аузынан сыздықтатып шығарып, бiраз тұрды. Сол арада неге екенi белгiсiз, Қарлығаның жаңағы қаннен қаперсiз жатқан суретi көз алдына елестеп келе қалды. Өзi бiр қарағанада өңсiз де емес. Қара торының әдемiсi. Дөңгелек жүздi, аздап май мұрындау, орташа бойлы, кеуделi. Әсiресе, көйлегiнiң өңiрiн сыртқа теуiп, бұлтия қалған екi анары мұның көз алдына қайта-қайта көлбеңдеп келе бердi. Сосын ол iшiнен: “Өзiнiң күйеуi бар ма екен? Болса, ол мұны нағып жаңғыз өзiн жiберген? Әлде жоқ па?” — деп ойлап, аз-кем кiдiрдi. Ақырында iшкi бiр даусы: “Сен де осы қызықсың? Оны сұрап нең бар? Әйел деген ретi келiп жатса, неден қашады? Егер ол сенен шошыса, басқа купеге ауысып алар едi ғой. Оның ауыспағанына қарағанда, ол ештемеден де тайынбайды. Осының өзi жеткiлiктi емес пе? Былай.. айналдырсаң, көнгелi-ақ тұр. Сенiң мұныңды кiм бiледi? Ұрғашыны айналдырғанда не тұр? Көнсе, көндi, көнбесе, көнбейтiнi тұр ғой. Еркек болғасын сүйтпей… одан сенiң нең кетедi?” — деп мұны азғыра бастағандай болды. Ендi бiрi: “Қой, танымайтын кiсiге жабысқаның ұят емес пе? Дырдай журналиссiң. Оның өзiмен келiсiп алмай жатып…” — деп басу айтқандай болды.
Бижiгiт темекiсiн шегiп болғасын, iшке кiрiп, шешiндi де, төсегiне қисайды. Жата бере тағы да, Қарлыға жаққа қарап едi, бұ жолы оның тоқ бiлегi одеялының астынан шығып, полканың шетiнен жерге қарай салбырап түсіп кеткен екен. Ұйықтап жатқан келiншек қара торы жүзi манаурап, бiр түрлi iсiнгендей боп, демiн ақырын алып, пыс-пыс етедi. Ара-арасында оның төсiндегi өңiрiн көтерiп, iштен шiреген екi анары дiр-дiр ете қалады. Соны көрiп, Бижiгiт не iстерiн бiлмедi. Сосын тағы да iшiнен: “Баяғыда аталарымыз қыз оятушы едiк деушi едi. Кәзiргiлер соны бiлер ме екен? Оның үстiне мынаны танымаймын. Бiр көре сап, айналырып жатқаным қалай болады?” — деп, толғанып, сәл-пәл абдырап отырды да, ақыры төсегiне жатып қалды.
Ол осы қалпында көзi iлiнбей аунақшып, бiраз жатты. Ойына Жанат, онымен танысқаны, өзiнiң есеппен үйленгенi, өз қатарлары Алматыда пәтер жалдап, орыстың жаман шал-кемпiрiнiң тауықтың кетегiндей бөлмесымақтарында тұрып, қиыншылық көрiп жүргенде, өзiнiң жайлы пәтерге орналаса қалғаны, кешегi жағдай қайта-қайта орала бердi. Мұның iшкi есебi бойынша, ендi бiрер жылдан соң Рахманқұлов Бижiгiттi Қазақстандағы ең беделдi партия газетiне ауыстырады, сосын бұл пәтер алып, дұрыстап орналасады, қызмет жағынан өседi. Сол арада оның есiне бөлiм меңгерушiлiгiнiң орны қашан босайды деп, қартайғанынша әдеби қызметкер боп жүрген кексе кiсiлер түстi. Олар күте-күте әбден қажыған. Өзiнiң қарауындағы қызметкерлерiнiң осы ниетiн бiлетiн бөлiм меңгерушiсi де әбден қулыққа басып, түлкi бұлтаққа салып, сол орыннан өлмей кетпейтiнiн бiлдiрiп бағады. Сүйтiп жүрiп екi жағы да бiр бiрiн шаршатады. Кейде ондайлардың ауру болып жататын кездерi де бар. Осы жайлы ойлағанда, Бижiгiт iштей дiр ете қалды. Сосын: “Сонда мен де әлгiлердей боп, кәртейгенiмше бөлiм меңгерушiсiнiң орны қашан босайды деп жүрем бе? Ал ол босатпай қойса ше? Сонда не iстейiм? Ондайда Рахманқұловтың шапағаты тие қояр ма екен? Оны айтпағанда, оларға күні түскендiктен, күшiк күйеу болғандықтың не жөнi бар? Одан да өз қатарымды тауып ап, елде-ақ жүре бермеймiн бе? Өзi… былай… алып-жұлып бара жатқан қабiлетiң болмағасын”, — деп бiр ойланды. Ақыры бiр шешiмге келе алмай, қарсы полкада жатқан келiншекке бiр-екi рет телмiре қарап, оған тиiсуге батпай, дел-сал боп жата бердi.
Ол түн ортасы ауа проводниктiң есiктi сыртынан өз кiлтiмен ашқан даусынан оянып кеттi. Семiз, аздап ентiгiп дем алатын орыс әйелi:
— Мынау екi орын сiздердiкi, — дедi бiр буат кiлт ұстаған қолымен жоғарғы полкаларды көрсетiп.
— Жарайды, үстi екен. Бiрдемесiн етермiз, — дедi еркек даусы.
Содан кейiн iшке жас шамасы қырықтардан асып қалған екi кiсi кiрiп, шамды шырт еткiзiп жақты да, бұларға бiр-бiр қарап ап, шамадандарын көтерiп, жоғарғы жақтағы қуысқа тығып жiбердi. Содан соң олар дабырласып жүрiп, проводникке барып, төсек алып келдi де, ақ простыняларды жая бастады. Кенет олардың бiрi, Қарлығаға көз түсіп кетсе керек:
—Паһ, паһ! Мына қарындастың кермаралдай керiлiп жатуын-ай! — дедi.
Соны естiген Қарлыға шошып оянып, қымсынып қап, одеялын төсiне дейiн тартып ала қойды.
— Қап, қарындасты оятып жiбердiк-ау! Кешiрiңiз, бiз былай… байқамай, — деп әлгi кiсi кешiрiм сұраған болды.
Қарлыға оларға жауап бермей, iргеге қарай аударылып жатты. Сол арада Бижiгiттiң көзi оның кең жауырынына, толықша мойынына түстi. Соған қарап жатып, ол әлденеге Қарлығаның медик екендiгiн есiне алды. Алды да, оның оқып жүргенде, практикада адам мүрделерiн сойғанын, клеткалар мен бұлшық еттердi тексере қарағанын, ол үшiн адам мүшесi деген жәй ғана ағза, орган ғана екенiн сезiп, өз өзiнен қысыла түстi. Содан кейiн ол жаққа қарамады.
Ертеңiне олар Шымкенттен өтiсiмен, жуынып-шайынып, проводник әкелген шәйдi iшуге кiрiстi. Түнде Жамбылдан мiнген әлгi екеу жолдорбаларын ашып, пiскен қазы-қарталарын ортаға қойып, оны пышағымен тiлiп жатып, бұған қарап:
— Кәне, iнiшек, берi жақынырақ отыр, — дедi. — Бiз Ақтөбеден боламыз. Жамбылға құдалыққа келiп едiк, ендi аулымызға қайтып барамыз.
— Мынадай қыстың көзi қырауда ма?
— Шаруаның ретi солай боп қалды, — дедi оның мосқалдауы. Ол сосын Қарлығаға бұрылып: — Қарындас, сiз де қысылмаңыз, кәне, тамақтан алып отырыңыз, — деп қойды. Сосын қасындағы орташа, мықыр денелi серiгiне бұрылды: — Бас ауырып тұр ғой. Анадан әкелшi, былай… тартып-тартып алмаса, жол қысқармайды.
Мықыр кiсi еңкейiп, дорбасынан бiр бөтелке ақ арақты шығарды. Оны мосқал кiсi қолына ұстап тұрып, пышақпен аузын ашты да, кiшкене үстел үстiнде шайқалып тұрған үш стаканға құя бастады. Сосын Қарлығаға қарап:
— Сiзге құюға ыңғайсызданып отырмын, — дедi. — Әлде… бұған қалай едiңiз?
— Сараң кiсiнiң сұрайтын әдетi емес пе?
— Ойбай-ау, бiр де нөл. Қарындас қатырды. Әкелшi, кесең қайда? — деп, мықырға бұрылды. Сосын ол ұсынған кiшкене кесеге ақ арақты сыздықтатып құя бастады.
— Сiз құймай-ақ қойыңыз, мен жәй ойнап айттым. Iшпейiм, — дедi Қарлыға.
— Жо-о-оқ, оныңыз болмайды. Бiздi бiр де нөл еткенде жақсысыз, ендi iшпейiмiңiз қалай? Бұл түспегiрдi кiм салынып iшедi дейсiң? Осындай алыс жолға шыққанда, уақыт өтсiн деп, былай… ермек қып… — дедi мосқал кiсi Қарлығаның жүзiне қулана қарап тұрып.
— Құймай-ақ қойыңыз, шынында да, мен iшпейiм.
— Жоқ, ол болмайды. Кейiнiнен зорламас болмас па, қинамас болмас па деп жүрсеңiз… Ол сiздерден шығады. Ал, кәнеки, әуелi таныстық үшiн, — деп, мосқал кiсi стаканды қолына ала бердi.
Алғашқыда Бижiгiттiң iшкiсi келмеп едi, ендi неге екенi белгiсiз, ақ араққа аңсары ауа бастады. Бiрiншi стаканды алып қойған соң кеуiлденiп, екiншiсiн де iшiп қойды. Содан соң үшiншiсi келдi. Ендi бiраздан кейiн Бижiгiт қызып ап, екi қолын оңды-солды сермеп, еше сөйлеп отырған мосқал кiсiнiң дауысын алыстан естiгендей боп отыра бердi. Әлгi кiсi болса, Қарлығаға бар еңсесiмен төне түсіп, өзiнiң мұнай өндiретiн буровойда жұмыс iстейтiнiн, сонысын үлкен мәртебе көретiндей сыңаймен, аға мастер екендiгiн қайта-қайта айтады. Соны тыңдап отырып, Қарлыға қасын кере түсіп, сыңқылдап күлiп, ашылып кете берген өңiрiн қолымен қайта-қайта қымтай бередi. Бiраздан соң Қарлығаның онысы Бижiгiтке менiң төсiмдi көрдiңдер ме, өзi қандай әдемi деген сияқты боп көрiнiп кеттi. Сосын өзiнiң түнде оны қозғауға батпағаны, оған Қарлығаның адам қолымен түртуге болмайтын құпия, сиқырлы заттай боп көрiнгенi, кәзiр сол қиялының быт-шыты шығып, оның ет пен сүйектен жаратылған кәдiмгi әйел екендiгiн көрiп отырып, iшiнен таңғала бердi. Сосын: “Шамасы, әйелдердiң топырағы бiр жерден болар. Оларға сөз айтып, өкпелеп… өзi..”, — деп қойды. Сол арада Қарлыға мен мосқал кiсiнiң әзiлдесiп жатқанын естiдi:
—Түнде маужырап жатқасын… сiздi былай ұйқыңыздан оятуға батпай, — дедi мосқал кiсi қарқылдай күлiп.
— Өй, қорқақ кiсiлердiң әдетi емес пе қараптан-қарап шошитын? — дедi Қарлыға сыңқылдай күлiп.
— Сiз бiздi соншалықты қорқақ демеңiз… ашуымыз келсе, былай… бөктерiп кете беретiн жағдайымыз да бар.
— Қайдам, әзiр ондай жiгiттердi көре алмай жүрмiз.
— Не дейдi? Шамасы, сiз ондайларға кездеспегенсiз ғой.
— Ояғын кiм бiлiптi? Әйтеуiр, мен көрген жiгiттер жасықтау боп…
— Қазақ жасық темiрдi былай… көрiкке сап қыздырып, балғамен тапап, шыңдамаушы ма едi?
— Ойбай, ондай ұста қайда?
— Оны iздесеңiз, табамыз.
Бижiгiт сол арада өзiне не болғанын бiлмей кеттi. Бiрақ онысын бiлдiрмей, сылтау айтты да, ол дереу орнынан тұрып, қолына темекiсiн алып, сыртқа шыға жөнелдi. Сосын тамбурға қарай бара жатып, өзiнiң түндегi ойына ызасы келiп, iшiнен: “Тапқан екенсiң перiштенi! Мынаның түрi бөлек қой. Сонда әйел дегеннiң бәрi бiрдей осындай ма? Сонда… қалай болады? Қосағына адалдық, бiр бiрiн жақсы көру деген қайда? Әлде ыңғайы келе қалса, кiм көрiнгенмен кеуiл көтере салу әйелдердiң жаратылысында баяғыдан берi бар нәсте ме? Олай болып жатса, ана махаббат, сүю, күю дегендерiң бос сөз боп шықты ғой? Апырмай, ә?” — дедi. Ол тамбурға кеп, темекi шегiп тұрғанда да, әлгi ойынан арыла алмай қойды. Ақыры өзiне өзi: “Менiң онда не шаруам бар? Қарлығаны бұрын көрген емеспiн, мүмкiн, ол жырқылдақтың дәл өзi шығар. Болмаса күйеу таба алмай жүрген кәрi қыз болар. Жалпы ондағы менiң шаруам қанша? Әркiм өзiне қолайлы деген тiршiлiгiн жасамай ма? Оны жөндеп жатудың не керегi бар? Адамдар, дәл өзi сияқты, осындай сияқты жол үстiнде кездеседi, жолшыбай келе жатып танысады, бiр бiрiне үйленедi, содан кейiн ажырасып кете барады. Мен де Жанатпен осылайша таныстым, осылайша үйлендiм. Ендi жол айрығына тап болдым. Мiне, тағы да жолшыбай Қарлығамен кездесiп қалдым. Ол да менi жолшыбай кездестiрдi. Оның әр жағын кiм бiлсiн. Жалпы өмiр деген жолшыбайлық қой. Жолшыбайлық бар жерде, әйелге мәңгi мендiк бол деуге қандай хақың бар? Ол да саған жолшыбай кездескен бiреу деп қарамай ма? Демек, ол да, мен де — жолшыбайлармыз, жол үстiнде қатар келе жатқандармыз. Ол екеумiз белгiлi бiр жерге дейiн бiрге жүремiз, содан келiсе алмасақ, басқа жолменен кетемiз. Бұл өмiрдiң мәңгi өзгермейтiн заңы емес пе? Сонда… жаңа басталған өмiр жолының басында тұрып, менiң сары уайымға салынғаным қалай? Ол… ол… дұрыс емес қой. Одан да ретiн тауып, әйелдiң бiрiн алып, бiрiн салып, өмiр сүргеннен артығы жоқ! Олардың iшiнен тұрақты бiреуi кездессе, кезiнде көре жатармыз”, — деп, ол iштей бiр тұжырымға кеп, қолын бiр сiлтедi.
Аздан кейiн Бижiгiт купесiне қайтып кеп, бәрiн де ұмытып, уылдап-шуылдасқан үшеуге қосылып, отыра бердi…
1966 жыл
(“Лениншiл жас”, 21 сентябрь, 1967 жыл)