Шабытпен тебiрендi жаным ендi…

Шабытпен тебiрендi жаным ендi,
ащы ойлар, кетiңдершi бәрiң ендi.
Ләззәтқа жан дүниямды бөлеп алған
жырлаймын мен өмiрдi — дәрiгердi.
 
Баспаңдар бос қағаздар үстелiмдi,
сүймеймiн жалған жырды қысқа өмiрлi.
Аңғарсын жырларымнан замандастар,
соқпаққа солар үшiн түскенiмдi.
 
Танытып бар әлемге келбетiмдi,
өмiрдi сүйем күймен тербетудi.
Ұмтылдым жас болсам да, ұлы жолға,
жүрем бе күтiп өсу, ер жетудi.
 
Зуылдап күндер өтпек, гүл көктемек,
әр адам бар тапқанын тiрнектемек.
құр қалсам маған деген сыбағамнан,
үйiмде жата аламын кiмге өкпелеп?
 
Сондықтан, жылдар, жарқын жолығыңдар,
сыйлыққа адал әппақ көңiлiмдi ал.
Жазбаған өлеңiмде болашағым,
жазылған өлеңдерде өз өмiрiм бар.
 
Сол менiң жан жұлдызым жымың қаққан,
кiм сүйген, бiрақ оны, кiм ұнатқан?
…Теңiздей буырқанып жатпасам да,
болармын бiр ақ бұлақ күлiп аққан.
 
1962

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *