Сарғайған сан заманның Сырдария,
не заман куә болып тұрғанына.
Жатудан ол қалайша зерiкпеген,
ғасырдың тұмшаланып құндағында?
Ол көрдi не сұмдарды жайғыш ылаң
мерт болды бойында сан байғұс ұлан.
қоймалжың ылайытқан сарғыш суы
халықтың сарғайғандай қайғысынан.
Ол кезде алпауыттар алшақтаған,
тұрды оны үрт мiнездi қоршап ғалам.
Мүмкiн, оның жиналған болар суы
қыздардың көз жасынан моншақтаған.
қайғысын ол заманның арқалады,
шаршады Сыр бойының шартарабы.
Тас-түнек сол дәуiрден үйренгендей
тұнжырап түксиюдi жар қабағы?
Ол көрдi ездiң ердi қор қылғанын,
шалдардың жас қызды ерте солдырғанын.
Iздеген жерұйықты Асан шалды
бiлмейдi ел қондырмаған, қондырғанын.
Бiр кезде келдi Iскендiр оны ұнатып,
өткiзбедi ол толқынын жамыратып.
өлiм сырын iздеумен өттi қорқыт,
қобызын таң азаннан аңыратып.
Одан соң болды мұнда талай батыр,
олар да өштi. Жасалды талай ғапыл.
Бүгiнде Сыр айдыны шал-тарихтың
кескiнiн көрсететiн шарайна бiр!
Бiз соны сақтап есте отыралық,
жадқа оны кейiнгiнiң тоқыры анық.
қарасам деймiн мен де болашаққа,
шежiренi сол айнадан оқып алып…
1963