Сырдария, жағаңа мен жүз бардым…

Сырдария, жағаңа мен жүз бардым,
толқыныңды толқыныңнан қызғандым.
Бiр қылықпен ала қашып кетесiң,
суға шайған орамалын қыздардың.
 
Айдыныңда жүрсем кейде шомылып,
ақ көбiкке қалам әбден көмiлiп.
Таппай тыным сарқыраған ағысың,
жатады су жарқабаққа соғылып.
 
Айдыныңа қонған әне астамдап,
қылт-қылт етiп құлдырайды қасқалдақ.
Шыр айнала үйiрiлгенде иiрiмiң,
мен қараймын екi көзден жас парлап.
 
Сұлу Сырым, дүр дүния боп ашылдың,
айтшы, бiзден сырды қандай жасырдың?
Тұра тұршы бiздi атамен жалғайтын
арқаны боп өткен бағзы ғасырдың.
 
23.08.1963

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *