Айналамда дауыл соғып, шаң ұшып…

Айналамда дауыл соғып, шаң ұшып,
жатады ылғи бiр ақ түтек жарысып.
Топырағы ұшып кетiп бiр жердiң,
бiр жерлерге жатыр күлдер жабысып.
 
Қара дауыл азынап бiр тұрғанда,
түлемейтiн, жүдемейтiн қыр бар ма?
Жапан дала қалады бiр жайнақтап,
көз аштырмас құм бораны тынғанда.
 
Әбiгерге салып бiтер ауылды,
желпiлдетер түндiгiң мен бауыңды,
жақсы көрем жазғытұрым соғатын,
терiскейден түтеп қара дауылды.
 
Кейбiр дауыл iзгi адамды тапқандай,
күңiренедi әлемге оны мақтардай.
Кейбiр дауыл жамандардың iздерiн
жер бетiнен сүртiп бара жатқандай.
 
15.08.1963

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *