Кектенсем де көкiрегiме от енiп…

Кектенсем де көкiрегiме от енiп,
ауырсам да көк теңiзше жөтелiп,
қажымастан, қиналмастан екi аяқ
келедi әлi менi өмiрде көтерiп.
 
Аяқ — малай, түк демейдi өлгенде,
тiк тұрады мыйым әмiр бергенде.
Достарыммен жарыстырған осы аяқ,
бұ дүнияға тәй-тәй басып енгенде.
 
Кейбiреуге қарамастан кетiп ем,
неге кеттiм? Әлге дейiн өкiнем.
Сонда дағы көңiлiмдi осы аяқ
көтерiп жүр жоғары жер бетiнен.
 
Жас жаныммен жарқын сырға бөленген,
екi аяғым қоштаспасын денемнен.
Бұ дүнияда оңды-солды шапқылап,
тiрлiктiң бiр арнасында келем мен.
 
Көңiлде бар хош иiстi гүлге орын,
көкiрегiмде сезем жатқан мұң жоғын.
Табаныма көп қараймын жалтақтап,
қу тiрлiктiң баспасын деп кiр жолын.
 
Көп тiлеймiн, адам үшiн iләйiм
таң боп атып, Шолпан болып туайын.
Табанымда жұрт жеркенер кiр болса,
сүртпе, өзiм көз жасыммен жуайын.
 
15.08.1963

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *