Қатайған жаңа қанаты…

Қатайған жаңа қанаты,
ақ үрпек жүндi жас қыран,
таусылып төзiм, тағаты,
жем iздеп тау-тас астынан.
 
Бұлқынып, дүр-дүр сiлкiнiп,
тыншытпай жанын от қайрат,
ұядан ұшты да ұмтылып,
саңқылдап шықты көкте ойнап.
 
Еркiндiк тиiп ең алғаш,
ауаны тiлiп самғады.
Қапаста өскен шемен жас
алысып желмен арлады.
 
Жанары жанып жалынша,
даланың тiнттi белдерiн.
Төскейден тағы табылса,
көрсетпек күшiн ол керiм.
 
Қырсыққан шақта көзiне
шалынбай қойды алтайы.
Түскендей тағдыр тезiне
ашуы қозып сұмпайы,
 
Зеңгiрде жүрдi қалықтап,
жас қыран кенет қағынды.
Қарады қайта анықтап,—
көзiне қызыл шалынды.
 
Тағысы дүздiң шыдар ма,
суылдап ақты жемтiкке.
Шүйлiгiп келiп ұрарда,
бiлмедi не еттi, ол тiпте.
 
Қызыл деп көктен шалғаны
құсбегi қойған аң екен.
Құтқармас құрсау жан-жағы,
құрулы жатқан жаң екен.
 
Жемтiктi бүрген жас қыран
ұмтылды қайта шығуға.
Жұлқынды шырмау астынан
зеңгiрде дабыл ұруға.
 
Ақыры қашты мажалы,
көр ендi тектi құсыңды:
отырды кектi, назалы,—
тағдырға мойын ұсынды.
 
1963, ауыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *