Сен дегенде ойымды он бөлемiн,
қандырасың жанымның шөлдегенiн.
Кейбiреу жүр бiздермен араздасып,
жасыра алмай кеулiнiң көрмегенiн.
Күдер үздi ол соншама неге менен,
кеуделерiн олардың не бөлеген?
Мүмкiн, маған қия алмай, қызғана ма,
көзiңдi бiр жылы нұр себелеген?
Жарқырады кеудемнiң жазы бүгiн,
сен сыйладың жаныңның назы — гүлiн.
Алтын сезiм құйғандай пәк жаныма,
майда ғана самалдай нәзiк үнiң.
Нәзiк үндi сүйкiмдi сыры ағылған,
тыңдай берем шыққанша құмарымнан.
Олар, мүмкiн, қызғанар бала үнiңдi,
бiр бақытқа бөленген құлағымнан?
Олар неге бiздердi қаламайды,
жанымды қатал күдiк жаралайды.
Қабағына бiр кесек ойды орнатып,
ұстаз да дегендейiн жарамайды.
Махаббатсыз дүния болмас едi,
дейтұғын ұстаз да абзал жолдас едi.
Ол осыны кенеттен неге ұмытқан?
Болмаса… қызғана ма ол да сенi?
Кейде үйiңе барсам мен ызғар ала,
«Мен қарауыл, мен сақшы қыз балаға»,
дегендей үредi итiң шабалаңдап…
Апырау, ол да сенi қызғана ма?
1963