Көзiне қан толып кеткен, отсавкадағы кәрi полковник кобурасынан пистолетiн суырып алып…
* * *
Ол қара дерматинмен мұқият қапталған есiктiң жоғарғы жағында тұрған қара кнопканы басты. Әр жақтан «кө-ө-ке-е-к» деген дыбыс шықты. Кнопканы екiншi рет басуға болмайды. Оны дорба ауыз Шортан жақтырмайды. Онсыз да мұны көрсе жұмақтың iшiне маймыл кiрiп кеткендей кiрпiкшешенше жиырылып отыратын оған бүйтiп жазып қалар жайы жоқ. Ол құлағын түрдi. Түн ортасы ауа бастаған шақ. Қолында баспахананың неше түрлі бояуының қоңырсық исi шығып тұрған, ертең киоскiлерге сатуға түсетiн газеттiң алғашқы нөмiрi. Соны Бас редакторға көрсеттi де, бұл үйіне қайтады. Үйiнiң есiгi…
Ақырын ашылды. Шортан астыңғы ернi салбырап, бұған сүзетiн бұқаша басын төмен салып жiберiп, күдірейiп көзiнiң астымен қарады:
— Келiп қалдың ба?
— Иә.
— Кiр.
Әбен iшке кiрiп, оған газеттi ұсынды. Шортан есiк алдында трып, астыңғы салпиған ернiн тiстелеп, газеттi қарай бастады. Бұл кезекшi болған күні ыңғи осылай есiк алдынан кетедi. Оған да кiнәлi өзi. Алғаш рет кезекшi болғанында, Шортан мұны төргi абажадай бөлмесiне апарып, газеттi қараған, одан-бұдан сыр тартып сөйлескен. Әбен қай бiр алды-артын таразыға салып жататын бозым, аңқылдап берсiн. Сонысы ұнады ма, Шортан шәй iшесiң бе деген. Бұл ұялып, рахмет айтқан. Ол екiншi рет екiншi рет шәй iшесiң бе дегенде де, бұл рахмет айтып, бөлмеден шығып кеткен. Шортан Әбен үшіншi рет келгенде мұны төргi бөлмеге апарған жоқ, есiк алдынан шығарып салды. Содан берi iстейтiнi осы. Өзiн де ататын кiсi жоқ, егер де шәй iшiп…
— Шәй қайнап қалды, — деп, көйлегiнiң iшiне толтыра мақта тығып қойғандай буылтық денелi, адырақ көз қара әйел асүйге қарай өте бердi. Ол жуан аяғын басқан сайын сарғыш паркет жас баланың еңбегiнше былқылдап, жер ойылып бара жатқан сияқтанады. Қолында бiр бөтелке қаймақ.
— Дұрыс сияқты, — дедi Шортан даусын соза сөйлеп. Сосыр бұның бетiне көзiнiң қиығымен қарады. — Мына мақала қалай екен?
— Қай мақала?
— Бәкеңнiң мақаласын айтам.
— Жақсы.
— Қорытқан сен бе?
— Иә.
— Дұрыс, дұрыс. Осы тiл бiлмегенiмiз түбiмiзге жетiп жүр ғой. Сонда орыс тiлiн қазақ мектептерiнде алғаш рет қазақша жүргізу керек, грамматиканы қазақша түсіндiрiп, сөз жаттатқызу қажет. Сонда бала тiлдi тез үйренедi деген пiкiрдi өзi жазды ма?
Әбен ыңғайсызданды:
— Жоқ. Анада өзiңiз авторларға ой салу керек дегесiн… өзiңiз соны қосып…
— Ә, солай де. — Шортан тарғыл бетiн тыржитып бiраз тұрды. — Оның жақсы. Мақала да жақсы.
— Шәй болды. — Қара әйел едендi солқылдата басып кеп, көзiн алаң-ғұлаң еткiзiп қарады.
Шортан үндеген жоқ.
— Оны автормен келiстiң бе?
— Иә. — Әбен өзiнiң өтiрiк айтқанынан аздап қымсынды.
— Шәй болды дейiм.
— Ал, жақсы, демала бер. — Шортан қотанаяқтана басып барып, есiктi ашты. Есiктiң үш жерден құлпы бар екен.
Әбен сыртқа шықты. Құлып үш жерден сылдырлап жабылды. Ол жүгіре отырып, бесiншi қабаттан төмен түстi. Бiрiншi этажға жете бергенiнде, сол жақтағы сырты алба-жұлба дерматинмен қапталған есiктiң әр жағынан мас кiсiнiң даусы естiлдi:
Расцветали яблони и груши…
— Өшiр үніңдi! — Әйел даусы шаңқ-шаңқ етедi. — Көршiлерге маза бер. А то олар арыз жазып, көшiрiп жiбередi.
— Көшi-iрiп? Ха-ха-ха-ха! Немене конституция күні де ән айтуға болмай ма? Это законом не запрешено.
— Замолчи ты, ради бога. Мне надоела твоя бесконечная болтовня про демократию, про войну…
— А, солай де. Ну что ж, конституция күні ән айтуға болмаса, далаға шығып айтам. — Есiк сарт етiп ашылды. Iштен белгiлi профессор шықты. Өзi iшкiштеу. Әбен оған көрiнбей, сыртқа шықты. Бұның iзiн ала профессор да сыртқа шықты. Қыс райын аңғартып, Алматының үстіне мың-сан үпелек шашқандай қар жапалақтап, ери жауып тұр. Масаң, кәрi профессор көшеге шықты да, аяғын аннан-саннан тәлтiректей бiр басып бара жатып, суыққа шалдығып, аздап қарлыққан жуан даусымен барқырай жөнелдi:
Расцветали яблони и груши.
поплыли туманы над рекой.
Выходила на берег Катюша,
на высокий, на берег крутой.
— Мә, саған на берег крутой! — Сол арада қайдан жетiп келгенi белгiсiз еңгезердей екi милиционер оны желкесiнен сүйрелеп, көшенiң шетiнде тұрған мотоциклдiң коляскасына апарып отырғызды да, бiрi мотоциклдың жазысына қарғып мiнiп, оны тез от алдырды. Сосын ағызып ала жөнелдi. Бойы коляскадан әзер көрiнiп, кәрi профессор айғайлап барады:
Выходила, песню заводила…
Әбен өзiн төменде күтіп тұрған редакцияның кезекшi машинасына кеп мiндi.
— Жалко профессора, — дедi шопыр Вася басын шайқап қойып. — Ну как, все нормально?
Әбен басын изедi. Вася «Волганы» от алдырды да, ақырын жүрiп кеттi. Машина екi-үш көшеден өткесiн, қаланы қақ ортасынан екiге жарып жатқан, ортасында талдары жайқалған скверi бар, көлiк екi жақтан қарама-қарсы жүретiн үлкен проспектiге түсті де, батыс жақты бетке алды. Бiр арада жол шетiнде бiр қыз бен жiгiт құшақтасып, сүйісiп тұр екен. Олар машинаны көрiп, құшақтасқан қалпы, ешбiр ыңғайсызданбастан, қолдарын көтердi. Вася бұған қарады:
— Ала кетсек кәйтедi?
— Алайық.
Машина тоқтады. Вася бұл отырған жақтағы аздап ашық тұрған саңылауға басын иiп:
— Молодой человек, қайда барасыңдар? — деп сұрады.
— Молодой? — Жiгiт күлдi. — Оныншы микроға… Екі есе төлеймiн.
— Ну, садись.
Қыз бен жiгiт артқы жаққа жайғасты. Олар отырар отырмастан бiрден сигареттiң ащы исi қолқаны қапты. Қыз сықылықтап күлiп, жiгiттiң жалбыраған шашын тырнағы өсiп кеткен саусағымен сипап, оның иығына асылды да, қайтадан оның ернiне қадалды. Әбен оларды бiрден таныды. Осыдан бiрер күн бұрын университетте мамандық жайлы өткен пiкiрталас кешiне мұның қатынасқаны бар-ды. Сонда осы жiгiттi көрген. Олар екiншi рет шолпылдасып сүйісе бастағанда, Вася шыдамады:
— Ну, молодежь! — Ол ыржиып, басын шайқады.
— Немене қызғанасың ба? — дедi жiгiт дүңк етiп.
— Әрине.
— Неге?
— Мен дәл сендей кезiмде қызбен қыдырмақ түгел, жан қайғы боп соғыста жүргенмiн.
— Қайда соғыстың?
— Батыс майданда.
— Ол қай жер? — Қыз иығын қиқаң еткiзiп, жiгiттiң бетiнен тағы да сүйдi. Оның аузынан арақ исi аңқып тұр.
— Москва бағытында. Ертең бiздiң жауды алғаш рет керi қуған күнімiз.
— Оһо! — Жiгiт қарқылдап кѕлдi. — Мейрам десейшi. Онда, кәне, оны отметим, а?
— Воля ваша.
— Тогда останови машину.
Вася тежегiштi басты. Машина асфалът үстіндегi жас қарға тайғанақтап барып тоқтады. Жiгiт қалтасынан екi бөтелке шарап алып, аузын тiсiен ашып, Васяға ұсынды:
— Мә, iш, фронтовик.
Вася бөтелкенi орталағанша қылқылдатып жұтты. Жұтқан сайын оның жұтқыншағы бүлк-бүлк етедi. Ол iшiп болып, бөтелкенi Әбенге ұсынды:
— На, пей! Вино, во! — Ол бас бармағын шошайтты. — Сухое.
— Заграничное, — дедi қыз аздап мақтаныңқырап.
Әбен де iштi. Таза шараптың қышқылтым дәмi тiлдi аздап үйірдi. Ол бөтелкенi адалап болғасын, оны жолдың шетiне лақтырып жiбердi.
— Рахмет, жiгiт.
— Не за что. Ал ендi бiз iшейiк.
Олар екеуi екiншi бөтелкенi тура аузынан қылқылдатып iше бастады. Олардың iшкенi бар болсын, бiр ұрттайды да, шолпылдасып сүйіседi. Сүйісiп болғасын, тағы да бөтелкенi бiр бiрiне ұсынып, сен же мен же дескен балалардай жырқылдасып күледi. Вася оларды көрiп, басын шайқады:
— Ну молодежъ!
— Давай, фронтовик… дай-ка я тебя поцелую. Ты не против? — Қыз Васяға қара көзiн қиғаштай тастады.
— Пожалуйста!
Қазақ қыз Васяның бетiнен шолп еткiздi. Әбен соны көрiп. iштей тiксiндi: «Қалай жеркенбейдi екен? Қанша дегенмен… басқа… халық қой».
— Вот это наслаждение! — Вася қыздың сүйгенiне ырза боп, көңiлдене бастады. — Моя сука даже целоваться не умеет… — Ол тоқтай қалды. Қыдырымпаз, жүргіш әйелiн Әбеннiң бiлетiнi есiне түсті ме, сәл ыңғайсызданып қалып, онысын сездiргiсi келмей, педальдi басты да, жылдамдықты ауыстырды.
— Ау, сонда бiз немене… құр қаламыз ба? — дедi Әбен күлiп. Бiр жағынан Васяның ыңғайсызданғанын сездiргiсi келмедi.
— Кәнеки, ағай, келiңiз. — Қыз орнына сәл көтерiле түсіп, еңкейiк келдi де, мұның бетiнен сүйдi. Оның ернi қалың екен, былжыраған бiрдеме сол бетiне iз салып өттi. — Сiз осы Хемингуэй емессiз бе? — Ол тауып айттым ғой дегендей, жырқылдап күлдi.
— Немене соған ұқсаймын ба?
— Да. Даже тұлғаңызға дейiн.
— Мен бокспен бiраз шұғылданғанмын.
— И еще журналист, — дедi Вася рулъдi бұрып ап, машинаны көлiк аз кең көшемен жүргізiп келе жатып.
— Вот это встреча! — Қыз қуанғандай алақанын алақанына сарт еткiздi. — Мен сiздi бiр жерде көрген сияқтымын.
— Мен де, — дедi мастау жiгiт тiлi күрметiле сөйлеп.
— Диспутта болар.
— Точно! Жаңа есiме түсті. Сiз бiлесiз бе, бiз жерлеспiз ғой.
— Бiлем.
— Мен сiздiң әңгiмелерiңiздi оқығанмын.
— Қандай екен?
— Сiз Хэмингуэйсiз.
— Жоқ, мұныңыз артықтау. — Мақтаншақтықты жек көретiн Әбен ыңғайсызданып кѕлдi. Бiрақ әлдене iшi жылып сала бергендей болды.
— Осы сiз неге орысша жазбайсыз, а?
— Ол… ендi қазақ жазушысы тек қана қазақша жазуы керек.
— Неге?
— Басқа халықтың мiнез-құлқын, әдет-ғұрпын, ойын басқа тiлде жеткiзу қиын, тiпте ол мүмкiн емес, — дедi Әбен өзiн соңғы кездері толғандырып жүрген бiр мәселенiң шетiн шығарып.
— Сонда қалай! — Қыз таңғалды.
— Оның еш қалайы жоқ. — Алдыңғы орында отырған Әбен артқа қарай сәл бұрылып, қара көлеңкеде жүзi солғынданып көрiнiп келе жатқан қызға қарады. — Жаңа сiз Хемингуэйдi айттыңыз. Ол тек қана ағылшын тiлiнде жазған. Сол себептi де…
— Американ жазушылары ағылшын емес қой. — Қыз ойланған түр көрсеттi. — Дегенмен… ана испан тiлiнде жазатын Латын Америкасыны жазушылары өздерiнiң ана тiлдерiн баяғыда ұмытқан. Соған қарамастан олар… Айтпақшы, сiз негңе ағылшынша жазбайсыз, а?
— Оның маған не керегi бар?
— Керегi-i-i? Онда сiздi дүние жүзі бiлетiн болады. Жұрттың бәрi оқиды. Ал қазақшаны… кешiрерсiз, ауылдан келген кiсiлер болмаса, қалада оқымайды. Например, менiң ата-анам облыстардан келген, ал бiздер осы қалада өстiк, орыс мектебiнде оқыдық. Қайта мен аздап қазақша бiлем, ал менiң подругаларым… мүлдем бiлмейдi.
— Мiне, сол үшінде… қазақша жазу керек.
— Дегенмен… ағылшын тiлi ортақ тiл. Сiз осы ағылшынша бiлесiз бе?
— Аздап, былай… — Әбен қиналды. — Студент кезiмде оқығаным бар. Оның произношениесi қиын екен. Тек қана бiр-екi сөзi есiмде қалыпты.
— О қандай сөз? — Бұл отырған алдыңғы орындықтың арқалығына сүйендi. Оның арық саусағының, демiнiң жақын жерде екендiгiн Әбен анық сездi.
— Ай-ла-вью деген сөздi ғана.
— Ха-ха-ха-ха! Жаман сөз емес.
— Сiз, сiз жазушысыз ба? — масаң жiгiт басын көтерiп, бұған қарады.
Әбен қысылды:
— Олай деуге әлi ертерек. Мен… жаңа бастап жүрмiн. Бiр-екi әңгiмем ғана жарық көрдi.
— Сол да жетедi, — дедi жiгiт тiлi күрметiле сөйлеп. — Сiзбен кездесе қою қиын. Сiз бүгін… бiзбен бiрге болуға қалайсыз?
— Жоға, рахмет. Жұмыстан шаршап келе жатырмын.
— Ол деген немене? Солай ма, Гәуһар? — Ол қызға қарады.
— Солай. Сiз бiзбен бiрге болуға тиiстiсiз.
— Бар, бар. После дежурства мұндай жақсы компания табыла бермейдi, — дедi Вася қуаттап.
Әбен ойланды. Кәзiр үйге барса, әйелiнiң қаны қашқан сұп-сұр жүзін көредi. Ол мұның кезекшi боп қайтқанына сенбейдi. Ертеңгi алтыншы декабрь күні шығатын. ертең киоскiлерге түсетiн газеттiң жаңа нөмiрiн көрсетсе де сенбейдi. Сонда мұны газеттi өзi тасқа басып шығарады дей ме екен? Әбен де әйелiне сенбейдi. Ол мұнымен кездескенше дейiн, он шақты жiгiтпен жүрiп үлгерген екен. Ақыры бәрiн адақтап, кеп мұның етегiнен ұстады. Шамасы, мұны Алматыға бара сала, үй алып, шаш етектен келтiре ақша табады деп ойласа керек, алғашқыда мұның жағдайын жасап, бабын тауып-ақ бақты. Келе-келе мұның әңгiмелерiнiң сирек шығатынын, қызметте де онша өсiп жатпағандығын бiлiп, әйелi бiрте-бiрте салқын тарта бастады. Оған ақыл-кеңес беретiн туған апасы — ауылда бiр бастықтың әйелi. Одан арбақ-тарбақ жазумен жазылған хат келген күні мұның отбасында бiр айғай болмай қалмайды. Содан әйлеi ұрысып, бұның бетiне неше түрлі кiнәнi басады; үйің жоқ, ақшаң жоқ, бастық емессiң… Шынында да, мұның әлге дейiн үйі жоқ. Кәзiр Алматыда қаптап жүрген орыстардың бiреуiнiң үйінде пәтер жалдап тұрады. Пәтерi қожайынның үйінен бөлек демесең, оның шошқа қорадан айырмасы аз. Жалдап тұрған пәтерiнiң еденi арық сиырдың қабырғасындай ырсиып-ырсиып кеткен, оның астында погреб болса керек, үнемi одан суық, әрi сасық бiр леп соғады да тұрады. Соның аузын бiтейiн деп, бұл ауылдан алып келген қара киiзiн жайып тастаған. Дегенмен де сыры оңып, қиюы қаша бастаған ағаш еденннiң әр жер-әр жердегi сызатынан жел соғады. Әбеннiң көз алдына Шортанның үйіндегi паркет, буылтық әйелдiң қолына ұстаған бiр бөтелке қаймақ, сол құйылған қызыл күрең шәй елестедi. Бұл кәзiр паркет деген түсіне де кiрмейтiн пәтерiне барса, Шәмшия бұған қаймағы алынған, дәмi де, татуы да жоқ сылдыраған сүт құйылған, бозамықтанған шәй бередi. Және де етi сүйегiне жабысып қалғандай арық денесiн тез-тез қозғап, жындана аяқ басқаны мұның жынына тиедi. Ал Шортандардың болса… iшiне мақта тыққандай буылтық денелi әйелiнiң қадам басқанына дейiн салмақты, дүмдi. Ол қазынадан тегiнге алған үш бөлмелi, жекеменшiк деуге боларлық кең пәтерiне еш ойланбай барады. Ал бұл кәзiр жалдап тұрған пәтерiне барса…
— Ағай, ағай… — деп, масаң жiгiт мұның құлағына аузын тақап сыбырлады.
Әбен масаң жiгiттiң айтқандарын шала тыңдап отырып, есiне қызметке қалай тұрғанын алды. Әлдекiмнiң көмегiмен ол гаезтке жұмысқа кiргеннен бастап Шортан қабағын ашпай қойды. Аптаның алғашқы күні азанда болатын қысқа жиналыста мұның айтқан сөзiнен iлiк iздейдi де отырады. Мүлт кетсе, ол қорытынды сөзiнде мұны бiр сынап өтедi. Ондайда Оралабев, Кәрiбаевтардың құдайы берiп қалады. Екеуi де ыржалақтап, бiр бiрiнiң сандарын шымшыласып, мәз болады. Неге екенi белгiсiз. олардың кәте пiкiрлерiн Шортан елемей өте шығады. Есiресе, тырыли арық денелi, жалбыраған сары шашы үнемi шашылып жүретiн, сөйлегенде. алдыңғы сарғыш тартқан екi күрек тiсi сойдиып, сыртқа шығып тұратын Сарбаланың дүмбiлез ойлары редакцияда қызу қолдау табады. Бәрi белгiлi. Оның қайнағасы, әйелi… Иә, әйелi қызық адам. Ол қытайы көзiн қиғаштау тастап, үнемi аузын шүртитiп жүредi. Сарбала екеуi бiрге оқығанда, қызға бiрге барғанда бұл оның аузын бiр рет жазғанын көрген емес. Университеттiң бiр-екi курсын оқыды да, Сарбаланың етегiнен ұстап, бәрiн де қойды. Ол десе, Сарбала iшкен асын жерге қояды. Гүлназ болса, оны жек көредi. Оны мансапқұмкар, бақай есеппен үйленген деп ойлайды. Шынында, онысы рас та. Сарбала үйленер алдында әйелiнiң көмегiмен Алматыдан үй алғаннан кейiн онымен ажырасып кетем деп Әбенге бiр сырын да айтқан болатын. Гүлназ соны бiлетiн болса керек, үнемi оны бiрдеме десе, ауызға ұрғандай етiп бетiн қайырып тастап отырады. Оған Сарбала үндей алмайды. Әбен оған таңғалады. Таңғалғанда, бiрде оның көзi шарасынан шыға жаздады. Бұл редакцияда ауылдан жазған бiр кiсiнiң шатпағын қорытып, анығын айтса, қайта жазып, мақала ғып отыр едi, стол үстінде тұрған қара телефон шар ете қалды. Әбен трубканы көтердi:
— Әлө, әлө?
Әр жақтан бiр әйел даусы естiлдi. Әбен оның сөзiн анық ести алмады:
— Әлө, әлө, сiзге кiм керек едi?
— Өзiңсiң.
— Иә, мен тыңдап тұрмын.
— Тыңдағанда… — Әйел даусы iркiлдi. — Сен бiлмейсiң, мен сенi сүйем, мен сенi өлердей жақсы көрем. Бiрақ оны сен неге байқамайсың? Мен бар ғой…
— Иә. — Мұның көзi шарасынан шыға бастады. Әбен iшiнен мына дауыстың кiмдiкi екенiн сездi.
— Бүгін қолың бос па?
— Бос.
— Бос болса, колхозға барып қайтайық. Мен сенi сонда тұратын апама күйеуiм деп таныстырам. Сен үндеме.
— Ол ендi… қиын ғой. — Әбен қарсы алдындағы столда бiр материалды тұқшыңдап жөндеп отырған Сарбалаға қарады. Сарбала мұның әлдеқандай маңызды әңгiмеге кiрiскенiн байқап, сары күрек тiсiн көрсетiп ыржиды. Әбен iштей тiтiркендi: «Подлец! Дурак!»
— Жоқ, сен оны қой, мен…
— Жоқ, мен ойланайын. Ертең телефон соқ.
— Жақсы.
Ертеңiне де осы ит-ырқылжың қайта басталды. Әбен тағы да бас тартты. Қатар жүрген жiгiтке жамандық жасаған дұрыс емес қой. Қой, болмайды. Мұны Сарбаланың өзiне айтып… Жоқ, оның мұны бiлмегенi дұрыс. Үшiншi күні Гүлназ тағы да телефон соқты. Бұл тағы да бас тартты. Ақыры сол өзiне қырсық боп жабысты. Бiр жылдан соң ешқанадй да себепсiз Шортан мұны әдебиет бөлiмiнен мектеп бөлiмiне ауыстырды. Мұның орнынан әдеби қызметкер боп Сарбала тағайындалды. Орта мектептi дұрыстап бiтiрмеген, ауылшаруашылық техникумында оқып жүргенiнде бiр нағашы ағасының көмегiмен кешкi орта мектепте оқыған боп тiзiмге кiрiп, аттестат алған оның бiлiмiнiң өте саяз екендiгі сөйлескен кезде бiрден аңғарылатын. Әбен университетке түспек боп жүрген кезiнде Сарбаламен танысып, оны өзi жататын шағын пәтерге апарып, сөйлескен едi. Сонда-ақ оның журналистика бөлiмшесiне тамыр-таныс арқылы түсіп жатқанын аңғарған. Ол түскеннен соң да оқып жарытпады. Оны емтиханнан әлгi танысы құлатпай шығарады. Үшiншi курсқа өткеннен кейiн студенттi университтетiң басшылары шығартпайды. Үйткенi олар жылына пәленбай бала оқу бiтiрдi, диплом алды, жұмысқа орналасты, оларға бар жағдай жасалды, т.б. деген есептi жоғарғы жаққа берiп отырады. Осылайша оқу бiтiрп жатқандар өте көп. Сарбала да соның бiрi. Ол жаңа орынға отырысымен, қараптан-қарап бұған өшiгiп алды. Бұны басқа бөлiмге ауыстырған күннiң ертеңiне Үндiстанның артистерi гастрольге Алматыға келдi. Шортан Сарбаланы шақырып ап, сол туралы тез материал ұйымдастыру керек деп оған тапсырма бердi. Өмiрi Үндiстан жайлы ештеме оқып көрмеген, оны картадан таба қоюының өзi қиын Сарбала састы. Ақыры ол бұған жалынды. Әбен оның аянышты түрін көрiп, ақыры оған Үндiстанның өнерi жайлы мақала жазып бердi. Сарбала мақаланы алып жатып:
— Гонорарын өзiңе берем, — дедi.
Ертеңiне бүткiл жұрт мақаланы мақтады. Әсiресе, Оралбаев пен Кәрiбаев оның аяғын жерге тигiзбей көпiре жөнелдi. Сарбаланың мағлұматы көп, эрудициясы ұшан-теңiз, жазуы қалыптасқан, осы келiп, газеттiң бағы ашылатын болды деп мақтады. Солардың өтiрiк сөздерiн тыңдап отырып. Әбен iшiнен: «Егерде сол мақаланың астында менiң фамилиям тұрса ғой, олар кәйтер едi? Сөз жоқ, анау жетiспейдi, мынау кем деп сынар едi», — деп ойлап қойды. Олардың сөздерiн шортан да қызу құптады. Соны естiген Әбен шыдамай, қолымен аузын баса берiп, мырс етiп күлiп жiбердi. Бiр шикiлiктi сезгендей, Шортан бұған ала көзiмен қарады. Содан бастап ол мұның iзiне түсіп алды. Қысқасын айтқанда, бұл отырса, — опақ, тұрса, — сопақ. Шортан бүгінде мұның есiк алдынан шығарып салды.
Әбеннiң ойын әлгi екеу бөлдi.
— Ағай, сiз бүгін бiзбен бiрге болуға тиiстiсiз. Мүмкiн, бiз туралы әңгiме жазарсыз, — дедi масаң жiгiт тiлi күрметiле сөйлеп.
— Мақұл. — Әбеннiң әйелiнiң қаны қашқан көк қалмақы бетiн, майсыз сүт құйылған бозамық шәйiн көргiсi келмей кеттi.
— Ур-ра! С нами Хемингуэй! — дедi қыз айғайлап.
Әбен орындығында дЅрысталып отырды: «Тапқан екенсiң Хемингуэйдi? Ол соншалық құдай ма едi? Бар болғаны жазушы емес пе? Соншама мадақтап…» Оның көз алдына Хемингуэйдiң свитер киiп түскен суретi келдi. Бұлардың студент кезiнде жастар соның шығармаларын бiрiнен бiр алып оқитын. Ол мода едi. Бұл да олардан қалыспады. Алғашқыда оған елiктеп те жүрдi. Бiрақ бертiн келе, оның екi адамның сөйлескен сөзiн бiрнеше бетке дейiн созатыны, сыншылардың одан неше түрлі мән-мағына iздейтiнi Әбенге ұнамады. Бұл бiрде оның «Килиманджаро қары» деген әңгiмесi бойынша түсірілген киноны көрдi. Содан соң әңгiменi қайталап оқыды. Оқыды да, онша таңғалмады. Бұл тiпте оның «Шал мен теңiз» дейтiн хикаясына да онша құлай қоймады. Ол бойынша түсірiлген фильмдi де көрдi. Бiрақ, неге екенi белгiсiз, Әбенге оның жазған тұрмыс-тiршiлiгi бүгінгi қазақтарға жат сияқты боп көрiндi. Темiр жолдың бойында туылып-өскен, жастайынан орысшаны жақсы үйренген бұл он тоғызыншы ғасырда жасаған орыс жазушыларының шығармаларын түгелге жуық оқып шыққан болатын. Соның әсерi ме, болмаса, қазақтардың орыстармен қонысының жақындығы ма, әйтеуiр, бұған олардың жазушылары жақынырақ сезiлетiн. Сондықтан да ол ауылдан келе сала, Батыс Европаның қыздары құсап, өзiне қолқа салып жүрген Гүлназдың ұсынысына ыңғайсыдана қараған. Гүлнназ демекшi…
…Төртiншi күні Гүлназ тағы да телефон соқты:
— Сенсiң бе?
— Менмiн.
— Немене, сенiң басқа бөлiмге ауыстырған ба?
— Солай боп қалды.
— Айттым ғой менiмен ойнама деп.
— Сонда қалай? Мен сенiмен қашан ойнадым?
— Ойнағаныңда бұлай болмас едi.
— Сонда… сен немене… таныссың ба?
— Оның саған не керегi бар? Оны мен саған айтам ба? Одан да… былай, ойнап дегендей…
— Вот это да! — Бұл таңғалды. Қарсы бетте отырған Сарбала мұның сөзiн естiп, сұрғылт көзiн жұма, сариғыш екi күрек тiсiн көрсете ыржиды.
— Ал жаңалықты есiттiң бе?
— О қандай жаңалық?
— Бiз үй алдық. Үш бөлмелi. Новосельеге келесiң бе?
— Онда кiмдер болады?
— Өзiмiз. Ана карьерист, мен, сен, арақ-шарап…
— Әйелiммен барайын ба?
— Әйел жiгiттi оңашалап, әйелiмен келсiн деп шақырмайды.
— Түсінiктi.
Түнде олар көпке дейiн ләйлiдi. Шәпеш Сарбала арақ буынына түсіп, аздан соң есiнен тана құлады. Гүлназ оны төргi бөлмеге сүйреп апарып тастады да, қайта шығып, мұның қасына тақала отырды. Үстiне киген ойма омыраулы жiбек көйлегiнiң қиығынан екi анарының шетi шам жарығында жылтырай көрiнедi. Ол етегi кең көйлегiнiң бiр шалғайын ашыңқырап жiберiп, құс еттенген қара, жуан санын аздап көрсете отырды. Қылиланып тұратын екi қоңыр көзi мөлтiлдей қалған.
Соны көрiп, бұл ыңғайсыданды:
— Неге қарайсың?
— Егер сен маған үйленгенiңде бар ғой, мынаның бәрi… Ол чехтардың су жаңа гарнитурын, хрустальдарды, пәтердi қолымен көрсеттi, — сенiкi болатын едi.
— Солай де.
— Әлi де кеш емес.
— Ананы кәйтесiң? — Әбен Сарбала жатқан бөлменi иегiмен нұсқады.
— Оның жарасы жеңiл. Ол маскүнем, қызғаншақ, iшi тар. Қуам да шығам. — Гүлназ бұған тақымын жақындатып, денесiн денесiне тигiзiп, берi ысырылып отырды. — Кел, iшейiк.
Олар рюмкаларын соғыстырды.
— Сен Хемингуэйсiң.
— Да ну!
— Құдай ақына, шыным. Сенiң әңгiмелерiң маған қатты ұнайды.
— Оның несi ұнайды?
— Ты остро чувствуешь современную жизнь, со туралы жазасың. Ал аналар болса бар ғой, тарих, тарих деп, көр қазып кеттi. Өздерi сол заман туралы дұрыс бiле де бермейдi. Өтiрiк ойдан шығарып жазады.
— Оның рас. Кәзiр бiздiң тарихымыздың бүге-шүгесi онша анық емес қой. Сондықтан… әзiрге кiдiре тұру керек.
— Ол ашылған күннiң өзiнде де… осы заман туралы жазу керек. Сен современныйсың, бiрақ өзiң современно өмiр сүре бiлмейсiң. Әйелге жеке меншiгiңдей қарайсың.
— Мұның рас. — Әбен шараптан iшiп қойды.
— Тағы да құяйын ба?
— Құй.
— Құй дейсiң бе? — деп Гүлназ даусын созып, бұған көп мағына аңғартқысы кеп, көзiн қиғаштау тастады. — Ал құяйын. — Ол бұның рюмкасына шарап құйды. — Сен, бәлкiм, қызмет қылғаным үшін бетiмнен сүйерсiң?
— Ол… болады. — Әбен оның бетiнен сүйдi. Оның үстінен француз иiсмайының исi аңқыды.
— Бұған да шүкiршiлiк.
— Ал кәне сол үшін алып тасталық.
— Алсақ, алалық. — Гүлназ шарапты iше бердi де, кiлт тоқтай қалды. — Я слишком пьяна.
— Ол жақсы емес пе?
— Только при одном условии…
— Қандай?
— Ты же мужчина?
— Разумеется.
— Сен ғой боксерсiң. Чемпион болмасаң да, нағыз жiгiтсiң. Ал ол, — келiншек иегiмен төргi бөлменi нұсқады, — былжыраған бiрдеме. Әрi жаман қыздармен көп жүрген. Әрине, мен де етегiме намаз оқыған жоқпын. Мен де жiгiттермен жүрдiм, бiрақ бәрi де ұнамады.
— Сонда саған қандай жiгiт ұнайды?
— Только настоящий джентльмен.
— Мен ондай емеспiн ғой.
— Жоқ, сен джентльменсiң. Сен ешкiмнен қорықпайсың. Пiкiрiңдi ашық айтасың.
— Оны қайдан бiлдiң?
— Бiлем. — Ол бұған ойлана қарады. — Осы саған қай жазушы ұнайды?
— Ол әзiрге құпия.
— Жарайды, оны айтпай-ақ қой. Осының өзi джентльмендiк. Давай, сол үшін я тебя хотъ разок поцелую.
— Я не против.
Гүлназ Әбеннiң ернiне сүлiкше қадалды, жуандау қолымен мойнынан құшақтап. мұны өзiне қарай тарта түсті де, кенет ернiн тартып ала қойды.
— Не болды?
— Сен, нағыз өгiз, бык сияқтысың. — Ол күлiп, мұның бұлшық етi бiлемденген мойынын көрсеттi. — Сенiң осы таза салмағың қанша?
— Таза дейсiң бе? Әлде бөлек-салағын қосып айтын ба?
— Бөлек-салақ? — Ол қиқыладп күлдi. — Ол өзi… қалай болады екен, а?
— Қайдам.
— Мен шынымен сұрап тұрмын.
— Орта салмақ қой.
— А, мой петушок… — Ол жалт бұрылды да, тез керi ысырылып отырды. Сосын төргi бөлмеден сүйретiлiп шығып келе жатқан Сарбалаға алара қарады. — Бар, жат. Бұл жiгiттiк емес. Мен әңгiмелесiп отырмын.
— Се-е-ен… а? — Сарбала көзi айранданып, тәлтiректеп тұр.
— Бар, жат. — Гүлназ оған жетiп барды. Оны өңменiнен керi итере бере сәл iркiлдi. — Мә, ақыр кереңдi iшiп қой.
Сарбала арқты дәмiн сезбестен бiр-ақ тартты.
— Ал ендi жат. Больше былай қарай аттап қадам асушы болма! — дедi де. Гүлназ оны апарып жатқызды да, керi шығып, осы жолы бұған өте тақап отырды. Бiлмегенедй боп, тiзесiн мұның тiзесiне бiр-екi рет тигiзiп алды. — Iшесiң бе?
— Құй.
— Сен ана Хемингуэй iшкен виски с содовойды iшiп көрдiң бе?
— Жоға. Ол бiзде әзiрге жоқ қой.
— Ол жоқ, бiрақ оны табуға болады.
Олар аздан соң мас бола бастады. Екеуi қайта-қайта сүйістi. Әбен Гүлназдың етегi қысқалшалау келген, тылтиып тұрған мини-юбкасының астынан созыла түскен, құс еттенген қара санына қолын жүгіртiп, аздап сипады. Содан соң оны қыса түсті. Гүлназ тартынбады. Тек өтiрiк ыңырсыған боп:
— Ойбай, ауыртасың. Ертең қап-қара боп қалады. Ақырын, — дедi. Ол көзiн жұма түсіп, сыбырлады. — Жатайықшы.
— Жақсы.
Гүлназ мұны қатты құшақтаған қалпы, шалқасынан жата кеттi. Сосын қолымен сипалап, төбеде жанып тұрған шамды сөндiрдi. Ендi үй iшi қара көлеңкеңе боп, бұлардың жүздерi бiр бiрiне қараңғыда тылсым бiр сырға оранғандай боп көрiндi. Масаң келiншек ендi қысылып-қымтырылуды қойып, мұның белiне қол жүгірттi. Әбен одан әрi шыдамады…
Аздан соң Әбен алқына демалып, орнынан тұрса…
Машина тұр екен. Жiгiт артқы есiктi ашып, мұның қолынан ұстады:
— Ағай, жүріңiз.
Әбен машинадан түсті. Жiгiт Васяға бес сом бердi:
— Гуд бай!
— Ну, счастливо, — дедi Вася бес сомды қалтасына салып жатып.
Жiгiт екi бөлмелi пәтерде тұрады екен. Көзге бiрден чехтардың әсем гарнитуры жарқ етiп шалынды. Мұның есiне Гүлназ, Сарбала, гарнитур түсті. Келесi жылы Гүлназ босанды. Сәбидiң атын Эрнест қойды. «Я его от тебя понесла», — дедi ол бiрде бұған сыбырлап. Бұл тiксiнiп қалды: «Жалкая мещанка!»
Әбен орындыққа отырды.
— Ал, аға, танысып қоялық. Менiң атым Кәдiрбек.
— Әбен.
— Оны бiлемiз ғой. Ал мына қыздың аты Гәуһар.
— Жақсы ат екен.
— Ал неден бастаймыз? — Жiгiт екi алақанын бiр бiрiне ысқылады.
— Маған бәрi бiр.
— Шараптан, — дедi Гәуһар. Бұл оған бiр сәт анықтап, тесiле қарап едi, оның дөңгелете қырыққан қоңыр шашы екi иығына төгiлiп тұрады екен. Өзiнiң екi бетi жалпақ, ернi дүрдектеу келген, маңғұл тектес. Көзi үлкен, қоңыр, кiсiге қарағанда, бiр түрлі боп мөлдiрейдi. Оның жүріс-тұрысынан қалада туылып-өскендiгi байқалады. — Сонымен сiз ағылшынша бiлмеймiн дедiңiз ғой?
— Иә.
— Мен ағылшын тiлiнiң маманымын. Қаласаңыз, частно сабақ бере алам.
— Оны… ендi… қайдам. Жұмыстан қол тие қоймайды.
— Оны тигiзу керек. Ал мына жiгiт… — Ол Кәдiрбекке күле қарады.
— Тупой де, — дедi Кәдiрбек тауып айттым ғой дегендей қушық маңдайы, сарғыш бетi қызара түсіп.
— Мен олай дегем жоқ.
— Ендi сөздiң мағынасы сондай ғой.
— Ол соншалықты қиын тiл емес қой, — дедi Әбен сөзге кiрiсiп. Бiр жағынан мына жаңа таныстары сөзге келiп қалар деп қауiп иледi. — Ықылас қойса, оны үйрену онша қиын емес.
— Ендеше уақыт тауып, маған келiңiз. Менiң телефоным мынау. — Гәуһар бiр жапырақ қағазға үйінiң адресiн, телефонының нөмiрiн жазып ұсынды. Әбен оны қалтасына сала берiп, оған көзiнiң қиығымен қарап едi, қыздың күнде өзi жанынан өтетiн, орталықтағы он қабат үйде тұратынын көрдi. Сосын ол Кәдiрбекке қарап отырып, оны қайда көргенiн есiне түсіре алмай қойды. Бiрақ оны шырамытты. Ол ұзын бойы сораңдап, әрi-берi ас қамымен өткен сайын оны қайда көрдiм деп есiне тырысуға тырысты, бiрақ есiне түсіре алмады. Аздан соң Гәуһар асхана жақтан шығып, кiшкене, тапалдау келген журнал қоятын столған дастархан жайды. Соған арап бұл оны Кәдiрбектiң әйелi ме екен деп ойлады. Бiрақ олардың мынадай еркiн жүрістерiне қарап, ол ойынан тез айныды. Ашыналар шығар? Сонда қалай? Бұлар үйленбестен, басы еркiн боп жүре бере ме? Ертең… қалай отбасын құрады? Сол арада Гәуһар өзiнiң басы бостығын аңғартқандай, бiр орындықты қолымен көтерiп әкеп, мұның жанына қойды да, өзi соған отырды. Кәдiрбек дастархан жасады. Оның қимылынан тамағын өзi пiсiрiп, дағдыланып қалғандығы байқалады. Үшеуi кiшкене столды айнала отырғасын барып, ол рюмкаларға шарап құя бастады
— Ағай, сiздiң құрметiңiз үшін алып қоялық!
— Жақсы, бiрақ мен қолпаш сөздi жек көрем.
— Сонда да…
— Просто жақсы компания үшін.
— Браво! — дедi Гәуһар алақанын шапаттап.
Олар рюмкаларын соғытырып, iшiп қойысты.
— Айып болмаса, сұрасам дейiм…Мынау үй кiмдiкi?
— Өзiмдiкi.
— Студент болып жүріп-ақ…
— Папаша алып бертен. Ол ана жақпен… — Кәдiрбек қолымен төбенi көрсеттi. Оны осы қалпында бұны iштей менсiнбегендей сыңай бар едi.
— Ал Гәуһар… — Ол iркiлдi.
— Доспыз.
— Түсінiктi.
Гәуһар берi бұрылды. Оның әйдiк көзi төңкерiле қарағанда, қарашығы шiнтекше жылт-жылт ете қалды.
— Осы сiздерге таңым бар, неге сiздер кәзiргi заман туралы жазбайсыздар?
— Жазып жүр ғой.
— Чепуха. Олар қазақ жастарын бiлмейдi.
— Сонда қалай?
— Оның еш қалайы жоқ. Кәзiргi жазушылардың көбi консерватор. Мәселен, олар половой вопросқа ескiше қарайды. Олар әйелдi жекеменшiгiндей көредi. Ал бұдан арылу керек.
— Сосын?
— Әйел де ер кiсi тәрiздi еркiн болуы керек. — Гәуһар күлдi. — Жiгiттер қызық, өздерi үйленедi де, кiм көрiнгенмен жүредi. Онысын өздерi сөкет көрмейдi. Ал әйелдерi жүре бастаса, оны айыптайды. Мiне, бұл дұрыс емес. Жүрмейтiн болғасын, екеуi де жүрмесiн. Бiрi жүргесiн, екiншiсiне тиым салуға қандай хақы бар?
— Қызық пiкiр.
— Мiне, сiз әңгiмелерiңiзде осы мәселенi көтересiз, мен сiздi сол үшін сыйлаймын.
— Рахмет.
— Сосы сiздiң қаһармандарыңыз ынжық, жылауық емес, шетiнен жiгерлi, нағыз джентльмендер. Соған қарағанда, өзiңiз де джентльменсiз ғой деймiн?
— О это слишком, — деп Әбен күлдi. Ол Гәуһар қызынып әңгiме айта түскен сайын, Кәдiрбектiң түсінiң бұзыла бастағанын байқады.
— Бұл разврат, — дедi Кәдiрбек шарапты ұрттай берiп.
— Қалайша? — Гәуһар оған көзiн төңкере қарады.
— Кiм көрiнгенмен жүргеннiң несi жақсы?
— Бұл дәлел емес. Сен ғой, мәселен, талай қызбен жүрдiң. Ендi менiмен… Айтпақшы, ана алъбомыңды әкелшi.
Кәдiрбек альбомын әкелiп ортаға қойды. Гәуһар оны ашып, iшiнен бiр топ қыздың суретiн алып шығарып. Әбенге көрсете бастады. — Мiне, мынау мектепте оқып жүрген шағы. Мынау студент кезi. Мынау…
Әбен көзiн жыпылықтатып жiберiп қайта қарады. Өз көзiне өзi сенбедi. Жоқ. Дәл өзi. Қарсы алдында Шәмшияның суретi тұр. Кәдiрбек екеуi құшақтасып түсіптi. Астында «Чимкент» деген жазуы бадырайып тұр. Сол сәт оның есiне бағанағы жұмбақ сарт етiп түсе кеттi. Ол әйелiнiң альбомынан осы жiгiттiң суретiн талай рет көрген. Әйелi оны нағашым деп таныстырған. Мәссаған!
— Ал мынау… — Гәуһар басқа бiр суреттi көрсеттi. — Көрдiңiз бе, ол осыншама қызбен жүріп, басқа қыздың сүттен ақ, судан таза болуын қалайды.
Кәдiрбек қызарып кеттi. Жұмған аузын аша алмай, не iстерiн бiлмегендiктен. қайтадан рюмкаларға шарап құйды.
— Хелло, Хем, — дедi Гәуһар. — Iшейiк.
— Не үшін?
— Әдiлет үшін.
— Жақсы.
Әбен шараптың сiрте-бiрте сiңiп, тұла бойын жылыта бастағанын сездi. Шарапты ұрттай iшiп отырып, әйелiмен танысқан кезiн ойлады.
Олар ойда-жоқта танысты. Бұл студент кезiнде ауылған барғанында, жұқа өңдi, қалмақы бет қыз отырыспада бiрге болды. Оны қара, өңкиген Майнаш қайта-қайта айналдырумен болды, бiрақ қыз қырсықтанып, қырын қарап отыра бердi. Бұл оның анда-санда өзiне жылтыраған қысықтау көзiн тастап қойғанын байқады. Мұның қасында Күләш бар. Ол мединститутта оқиды. Әкесi совхоздың бас бухгалтерi. Мектептi орташа бiтiрсе де, ептеп-септеп институтқа түсті. Кәзiр екiншi курста. Шаққа оқып жүр. Жасында өзi де мединститутқа барам деп ойлаушы едi. Мектептi кiлең беске бiтiрсе де, бұған медаль бермедi. Оның үстіне бiр мұғалiм кеп, мұны журналситикаға түс деп азғырып, ақыры көндiрiп тынды. Соған әлге дейiн өкiнедi. Олар бiр уақта билей бастады. Әбен жақсы билей алмайтын, Күләш толық бөксесi кертеңдеп, мұның иығына асылып, жабысып, билеп жүр. Бұларға қарап отырған әке-шешесiнен қымсынатын емес. Биден соң пошта деген ойын ойналды. Әркiм өзiне берiлген нөмiрге қарап, бiр бiрiне хат жазады. Бұл әлгi қалмақ сияқты жiңiшке қызға: «Таныссақ кәйтедi?» — деп тiлдей қағаз жазып, пошташсы боп жүрген жiгiтке бердi. Сәлден соң қыздың хаты келдi: «Қарсы емеспiн». Әбен қыздың өзiне тағы да бiр-екi рет қарап қойғанын аңғарды. Ол соны көрiп тұрып, iшiнен: «Таныса салайын, нем кетiп бара жатыр», — дедi.
Отырыспа соңында Майнаш мас боп, өзiне онша илiге қоймаған қызды жақтан тартып жiбердi. Әбен шыдамады, жетiп барып, өңкиген Майнашты иек пен iштен қоса қабат ұрды. Майнаш жерге екi бүктетiлiп түсті. Бұл қызды қолынан ұстап сыртқа шықты. Танысты. Қыз бұрын ешкiммен жүрген емеспiн деп ант-су iштi. «Жарайды, көрермiз». Шынында, ол көрдi. Әуелгiде оған сенбей, толқып, бiраз жүрдi. Ақыры ел-жұрттан ұялып үйлендi. Бiрақ ол әйелiнiң қаншама өзiн өзi ақтағанымен бұрын талай жiгiтпен жүргенiн, бұл мәселеде әбден тақыс боп қалғанын бiлдi. Әйелi болса, Әбендi ажырасып кетер деп, бiрiнен соң екi бала тапты. Содан кейiн тас тиылды. Тек кәзiр ойланып жүр. Оны бұл да сезедi. Ажырассам, жұмыстан шығарады-ау, ә? Бiрақ жазатын машинкамды ешкiм менен тартып алмайды ғой.
— Хелло, Хем, — дедi Гәуһар. — Осы Хемингуэй жұртқа неге ұнайды?
— Оны бiле алмадым.
— Мен оны түпнұсқасынан талай рет оқыдым. Его слог корявый. Сонда да адамды арбайтын бiр нәрсесi бар.
— Бақсы шығар? — Әбен күлдi.
— Маг шығар.
— Қайдағы? — дедi Кәдiрбек ұнатпай.
— Он не разбирается в литературе. — Гәуһар тағы да көзiн төңкере қарады. — Он же мещанин.
— Қойсайшы, — дедi Кәдiрбек даусын қатайтып.
— Шындық түбi бiр айтылады ғой.
Әбен iшiнен: «Менiң әйелiм де мещанка», — деп ойлады. Ақымақ басым басқа қыз құрып қалғандай, соған неге үйлене салдым? Алма қандай едi?! Тiк қабақ. Оның мойыл көзi үнемi жаңбыр шайғандай мөлдiрейдi де тұрады. Бұл оған бiрге оқып жүргенде сөз де айта алмады. Қыздың ыңғайын бiлсе де, дүниеде сөз айта алмаған жаман екен. Кәзiр ол басқа бiреумен тұрады. Бақытты ма, кiм бiлсiн. Бiлетiнi өз әйелi ылғи маңдайым ашылмады деп, мұның құлағының құрт етiн жейдi. Кейде шарылдағанда…
Әбеннiң жанында тұрған сұр телефон ұз-а-ақ шарылдады. Кәдiрбек қолын соза берiп едi, Бәуһеар ұстай алды:
— Тоқта, кiм екен, оны ортадағы битарап кiсi бiлсiн. — Ол Әбенге бұрылды. — Хелло, Хем, телефонды алыңыз.
— Ыңғайсыз емес пе?
— Алыңыз.
— Жақсы. — Әбен трубканы алды. — Әллө, кiм керек едi?
— Кәдiрбек бар ма? — Әйел даусы саңқыладп естiлдi. Оның көшедегi телефон-автоматтан соғып тұрғаны жан-жақтан зуылдап өтiп жатқан машиналардың шуылынан байқалды.
— Бұ кiм екен?
— Жәй, танысы.
Әбен iшiнен: «Мәссаған!» — дедi. Ол Шәмшияның дауысын бiрден таныды. Ол ендi қалтасына бет орамалын ала сап, трубканың төмендегi тiлiкшелi тесiгiне жапсыра салды. Ондағысы — өз даусын танытпау
— Ол мұнда бiр кiсiмен отыр. — дедi Әбен даусын жорта қирағаттай сөйлеп.
— О кiм болды екен? — Шәмшияның даусынан абыржығаны байқалды.
— Бiр танысы.
— Жiгiт пе?
— Жоқ, прекрасная леди.
— Кiм, кiм? — Шәмшия түсінбегендей қайталап сұрады.
— Қыз, — дедi Әбен. «Мещанка!»
— Сонда да телефонды өзiне берiңiзшi.
— Жақсы, берейiк.
Әбен трубканы Кәдiрбекке бердi. Кәдiрбек трубканы ала салысымен өзгерiп сала бердi:
— Иә, тыңдап тұрмын.
— Ана қасыңдағың кiм? — Шәмшияның даусы, қатты сөйлегендiктен бе, бұған анық естiлдi.
— Бiр таныс қыз ғой.
— Таныс болғанда… баяғыдағы мендей…
— Жоқ, басқа.
— Ал ана жiгiт кiм?
— Хемингуэй.
— Кiм, кiм?
— Хемингуэй деймiн.
— О кiм, қазақ па?
— Жоқ, американдық.
— Ау, ол қазақша тақылдап тұр ғой.
— Ол — Нью-Йорктан келген студент, қазақша үйренiп жүр. Мұнда практикаға келген, — дедi Кәдiрбек бұларға қарап көзiн қысып қойып.
— А-а? Ал ана қызың кiм?
— Таныс қой.
— Ал қашан барайын?
— Кейiнiрек.
— Кейiн, кейiн дейсiң. Немене менен қашқақтай бастадың ба? Бүгін анау ит-шошқа үйде жоқ едi, кезекшi. Қашан келерi белгiсiз.
— Жоқ, кәзiр болмайды, үйде қонақтар бар.
— Онда ертең…
— Жақсы.
— Хелло, жетер, — деп Гәуһар қолымен телефонның тiлшесiн басып жiбердi. — Оның кiм екенiн сұрамаймын, алғашқы махаббатың ғой, шамасы?
Кәдiрбек ұзын бойы өңкиiп тұрып, құлағына дейiн қызарып кеттi:
— Жәй, жерлес, кластас қыз ғой.
— Сонда бiрге оқыдыңдар ма? — Әбен қысыла отырып сұрады.
— Мектепте бiрге оқығанбыз. Қойшының қызы болатын. Мектептiң интернатында жатып оқыды. Ана жылы осы жақтағы бiр әуiм-сәуiм бiреуге күйеуге шығып кеткен едi, осыдан бiр ай бұрын ЦУМ-да кездестiрiп қалдым. Сосын…
Әбен оның жүзіне барлай қарады. Оның Шәмшияның күйеуi өзi екендiгiн бiлмейтiн сияқты.
Гәуһар әңгiмеге араласты:
— Мiне, бұл джентельмендiк емес. Жасырғаныңмен, бәрi белгiлi. Давай, вино әкел, разрядка керек.
Кәдiрбек кухняға кеттi. Бара жатып, iшiнен Шәмшияға ызаланды. Осы әйел өмiр бойы iзiнен қалмай қойды. Рас, мектепте бiрге жүрдi, бiрге тұрды. Кейiн ол техникумда оқып жүргенiнде де араларынан қыл өтпедi. Бiрақ бұл оған сенбедi, бiрде отырыспада мас қыла шарап iшкiзiп, сыртқа шыққасын, дарияның жиегiне апарып зорлады. Сүйтiп, Шәмшияны өзiмнен кетпес деп көңiлi тоғайып жүргенде, техникумды бiтiрер кезiнде, оны басқа бiр жiгiт зорлап алып қашып кеттi. Шәмшия барған жерiнде шу шығарып, әлгiге көнбей, ауылға қайтып келдi… Кейін ол басқа бiр жiгiтке тұрмысқа шықты. Оны содан кейiн бұл осында оқуға түскесiн, бiр күні ЦУМ-да көрдi. Бұл онымен қысылып амандасып едi, Шәмшия түк те болмағандай, бұған жабыса түсті. Соның соңы… ол осы бөлмеге бiрнеше рет келiп кеттi. Оны ана күйеуi бiлмейдi. Бұл бағана машина iшiнде отырған Әбендi бiрден таныған едi. Сол себептi де оны үйiне шақырды. Ондағы ойы — алъбомдағы суреттердi көрсетiп, оны қатын алдың деп мазақтау болатын. Соны бiлгендей, Шәмшияның бүгін ойда-жоқта телефон соға қалғанын қарашы! Әрi оны мына жазушы алды. Ертең ол бұл жайында әңгiме жазып жүрмесiн. Оның үстіне Гәуһар да…
Гәуһар айғайлады:
— Хелло, вино қайда?
Кәдiрбек шарап алып шықты. Бөтелкенiң аузын тiсiмен ашып, шарапты рюмкаларға лықылдатып құя бастады.
— Хелло, Хем, iшейiк! Жаңағы қыздың… то есть, ол өзi қыз ба, әйел ме?
— Тебе какая разница?
— Ну и к черту! Сол үшін iшейiк.
Әбен рюмканы ернiне тигiзе бердi де, iшпей, оны орнына қайтып қоя салды. «Ақымақпын ба? Не үшін iшем?» — дедi iшiнен. Iзiнше сыр бiлдiргiсi келмей, рюмканы қайптадан алып, iшiп қойды. Бұ жолы ол шараптың дәмiн сезген де жоқ. «Мәссаған!» Осы әйел суық жүрісiне қарамастан, мұның үлкен жұмыс бiтiруiне талай рет кедергi жасады. Бұл машинкасын алдына алып отыра қалса болды, жоқтан өзгеден ұрыс шығарып, шаңқылдайды, ызаланып жылайды. Содан кейiн басылып: «Уһ, шерiм жаңа тарқады ғой», — дейдi. Кейде бұл жазуға отырғанда, қасақана басқаша бiрдеме iстейдi, болмаса баланы ұрып жылатды. Ақыры Әбен өзiнiң қажи бастағанын сездi. Екi рет Шәмшияны есiнен тандыра ұрды да. Екi рет айрылам деенiнде, ол мұның аяғын құшып, жылап-еңiреп, жаздым, жаңылдым, бәрiн қойдым дедi. Бiрақ кейiнiнен уәдесiн ұмытып кете бередi. «Сонда ажыра салу керек едi. Ендi мынадай жағдайдан кейiн… онда қалуға болмайды». Әбен ызалана бастады.
— Алло, Хем, — дедi Гәуһар сумкасынан кiшкене бiр кiтапты алып жатып. — Мынаны танисыз ба?
Кiтаптың сыртқы мұқабасында Хемингуэйдiң таныс суретi көрiндi. Оның көзiнен жiгер байқалады.
— Әрине.
— Мен мұны сiзге сыйладым. Ал маған Эрнестiң мына суретiне қол қойып берiңiз.
— Мен Хемингуэй үшін қол қоя алмаймын.
— А, сол да бар екен ғой, — деп Гәуһар сықылықтап кѕлiп жiбердi. — Онда тағы да алып тастайық.
Олар мас бола бастады. Гәуһар қызып алған. Ол кенет сигарет шегiп, аузынан көк түтіндi сыздықтатып шығарды да, бұған көзiн төңкере қарады:
— Хем, осы бiздiң не iстеуiмiз керек?
— Не, не?
— Қазақ интеллигенциясының деймiн…
— А-а? — Әбен оған күле қарады. Iшiнен сақтанғысы келдi. — Оны… ендi.… заман басқа ғой… Шынымды айтсам, бiле алмадым.
— Мәссаған!? Халықтың не iстеу керектiгiн жазушылар бiлмесе, басқа кiм бiледi? Жоқ, сiз мұны бiлуге тиiстiсiз. Айтпақшы, айып етпесеңiз, сенге көшейiк.
— Жарайды.
— Сонда бiздiң не iстеуiмiз керек?
— Көп оқу керек шығар.
— Оқығаннан не пайда, — дедi сол арада Кәдiрбек сөзге кiрiсiп. — Жастық шақта, күлiп-ойнап, қызбен жүріп қалу керек болар.
— Әй, қойшы, — дедiт Гәуһар оны жаратпай. — Сосын?
— Қой баға бермей, қалаға кеп, еңбек ету, жұмысшы табын қалыптастыру керек.
— Ол дұрыс, — дедi Гәуһар ойланып. — Бiздiң қалаға жиналуымыз керек. Сосын… бiзде кәзiр еркектер жетiспейдi. Ауылдан келгендер қаланың қыздарына үйленбейдi. Үйленсе де, үйренiсе алмайды. Сонда бiз қайда барамыз?
— Оны… бiлмедiм.
— Бiздi… аналар… — Гәуһар иегiмен терезенi нұсқады, — аналар қабылдамайды. Сонда не iстеуiмiз керек?
— Қазақша үйрену керек шығар. — Әбеннiң есiне бүгін жарияланып жатқан мақала түсті. — Бүгін бiздiң нөмiрде осы жайлы мақала бар.
— Онда… — Гәуһар бұған телмiре қарады. — Хелло, Хем!
— Хам де, — дедi Кәдiрбек кенет түсі бұзылып.
— Веди себя прилично, — дедi Гәуһар оған ашулана қарап.
— Жiгiт, әлгi сөзiңдi қайтып ал, — дедi Әбен түсін суытып.
— Қайтып алмасам ше? — дедi Кәдiрбек нойыстанып.
— Қайтып ал.
Кәдiрбек мұның бiлем-бiлем бұлшық еттерiне қарады да, оқыс жырқылдады:
— Жарайды, қайтып алдым. Одан да сурет қарайық. — Ол альбомды ашып, өзiнiң Шәмшиямен құшақтасып тұрған суретiн мұның алдына тастай салды. Әбен оған көзiнiң қиығын да салған жоқ. Сөзсiз ажырасу керек. Мына салаңбаймен шатасып кәйтем?
— Хелло, — дедi Гәуһар тағы да, — сiз неге половой вопросқа келгенде қысқа жазасыз? Әңгiменi оқып келгенде адамның құмары қанбай қалады.
— Мен әдейi солай iстеймiн.
— Неге?
— Ол — құпия
— Құпия емес, ол оның әр жағын жақсы бiлмейдi, — дедi Кәдiрбек кекетiп.
— Бұл оңбағиандық, — дедi Гәуһар қабағын түйіп.
— Бала, қойсайшы, — дедi Әбен олы дiрiлдей бастағанын байқап. Оны ұрып жiбергiсi келдi, сiрақ өзiн өзi шаққа ұстады.
— Хелло, Хем, сен үйленгенсiң бе?
— Иә.
— Неге?
— Үйлену керек қой. — Әбен күлдi.
— Жазушылардың үйленуiне болмайды. Мопассан сүйткен, — дедi Гәуһар. — Егер олар үйленсе, оның өзiне серiк болуын ойлау керек. Онсыз қиын. Әйел оны бостандығынан, еркiндiгiнен айырады. Солны ойламай үйленгендер, от басы, ошақ қасынан шыға алмай қалады.
Телефон тағы да шырылдады. Әбен трубканы көтердi:
— Әлө!
— Кәдiрбек бар ма? — Шәмшияның даусы қалтырай шықты.
— Бар, бiрақ трубканы бермеймiн.
— Сен мұнда нағып отырсың? Өй, оңбаған, ана бұзыққа ерiп… сен де бұзылайын деген екенсiң… — Шәмшия шаңқылдай жөнелдi.
— Бұзылғанда қандай. Сенiң онымен құшақтасып түскен суретiңдi көрген кiсi қалай бұзылмайды? — Әбен трубканы қоя салды. — Ал мен кеттiм.
— Онда мен де бiрге кетем, — деп Гәуһар да орнынан тұра бастады.
— Кетпейсiң, — деп Кәдiрбек оның жолын кес-кестедi.
— Пошел ты к черту, развратник!
Әбен коридорда тұрып, аяқ киiмiн, жадағайын кидi. Сосын Гәуһарды киiндiре бергенiнде, Кәдiрбек кеп қызды итерiп жiбердi. Әбен шыдамай кеттi, қолындағы киiмдi тастай сала, Кәдiрбектi иек астынан салып кеп жiбердi. Ол басы тасқа соғылғандай керi қарай серпiлдi. Осы кезде Әбен оны iшiнен бiр қойды. Кәдiрбек екi бүктетiле бердi. Соны пайдаланып, Әбен оны iшiнен бiр теуiп, есiнен тандыра құлатты. Мұның ызаланғаны соншалық, тағы да бiр-екi рет тептi. Сол арада мұны Гәуһар құшақтай алды:
— Жетер! Жұдырықпен ешкiмдi де жөндей алмайсың. Есiңдi жи.
Әбен басын шұлғып-шұлғып қалып, есiн жиған болды. Бұлар сыртқа шыққанда, айнала тып-тиыш бола қап, қар жапалақтап жауып тұр екен. Аяқ асты шылп-шылп етедi. Гәуһар мұның қолтығынан ұстап келедi. Екеуi көшеге шығып, такси күтіп бiраз тұрды. Ауадан аздап дымқыл сезiледi. Бұл бiр ретте өзiне жабысып тұрған Гәуһардың ернiнен сүйдi. Қыз да бұған жабыса түсті.
Аздан кейiн екеуi такси ұстап, Тастаққа келдi. Гәуһар мұны жiбермей, үйіне алып барды. Оның бiр бөлмелi пәтерi бар екен. Iшке кiргесiн, Гәуһар қысылып-қымтырылып жатпай, шешiндi де, төсек салды. Бұл да шешiнiп жата кеттi. Оның қимылынан жол көрiп қалғандығы байқалады. Әбен ендi қысылғанды қойып, оны қатты құшақтай алды…
Аздан соң екеуi душқа түсіп алды да, төсекте бiр бiрiне жабысып жатты.
— Сен осы неге жұмыс iстейсiң?
— Күн көру керек емес пе?
— Шын жазушының қолы бос болуы керек. Ал ана газет деген кiсiні жеп қояды.
— Ол рас.
— Сосын… қазақ жазушылары не орысша, не қазақша бiлмейдi. Өрелерi төмен. Бiлiмдерi аз.
— Ол… ендi…
— Мына Мәскеудегi алпысыншы жылғылар бiраз шаруа тындырып тастады. Бiзде ол жоқ.
— Сен немене әдебиетшiсiң бе?
— Жоқ, ағылшын тiлiнiң маманымын. Ара арасында орысшаға аударылған қазақ жазушыларының шығармаларын оқып қоямын. — Ол бұған жабыса түсті. — Сен маған келiп тұрасың бае?
— Кел десең. келейiн.
— Ұнасам, маған үйленесiң бе?
— Оны қайдам. — Әбен күлдi. — Мен өзi… ойланбай үйленем деп, қиындыққа ұшырадым.
— Жаңағы телефон соқққан сенiң әйелiң ғой деймiн.
— Оны қайдан бiлдiң?
— Бiздер, әйелдер, ондайды бiрден аңдаймыз. Ананы… қой, өзiнше дон-жуансымақ. Күйеуi бар әйелдердiң ойнас жасайтыны несi? Одан да…
— Сен неге… оны…
— Менiң күйеуiм жоқ. Ол болса, кiсiнi жаныма жолатпас едiм.
— Оны кезiнде көре жатармыз. Оған дейiн… — Әбен оны тағы да құшақтай алды…
Әбен ертеңiне сағат тоғыздан өте тұрды. Гәуһар ерте тұрып, бұған жеңiл тамақ жасап қойған екен. Әбен тез-тез жуынды да, асханаға кеп, столдың жанындағы орындыққа отырды. Сосын Гәуһар құйып қойған қырлы стакандағы шарапты бiр-ақ тартты.
— Енде тамақ же. Түндегi шараптан кейiн, қан қойылып қалады. Басты жазу соған жақсы. Жалпы арақ дегендi қою керек.
— Мен де солай ойлаймын. Тек қатарымнан қалмайын деп… Болмаса, арақ iшкеннен кейiн, бiр апта бойы жаза алмайсың.
— Бүгін кешке келесiң бе?
— Жұмысқа барып көрейiн.
Аздан соң екеуi сыртқа шықты. Гәуһар шет тiлдер институтына кеттi. Бұл трамвайға мiнiп, ЦУМ-ға жетiп алды да, бес қабатты көне сары үйдiң бесiншi қабатында орналасқан редакцияға келдi. Iшке кiрсе, ел абыр-сабыр. Редколлегия мүшелерi бас редактордың кабинетiнде жиналып отыр екен.
— А, сенсiң бе? Дер кезiнде келдiң, — дедi жауапты хатшы, сылыңғыр, көксiл қара Таңат кiр-кiр тiстерiн көрсете күлiп.
— Немене бiрдеме болып қалды ма?
— Оны нағыласың. Iшке кiр.
Бұл iшке кiрiп, жұртпен амандасты да, орындыққа отырды. Елдiң бәрi әкелерi өлгендей түнерiп отыр. Шортан сөздi қысқа қайырды. Ол бұған сүзетiндей боп қарап тұрып:
— Сен бiздiң үмiтiмiздi ақтамадың, — дедi. — Бәкеңнiң мақаласы түбiрiмен қате. орыс тiлiн мектепте қазақша оқыту деген не сандырақ? Бұ барып тұрған ұлтшылдық, орыс пен қазақ халқының арасына жiк салу. Бiздiң ондайға жол беруiмiззге болмайды. Жаңа ЦК-дан телефон соқты. Оларға Социалистiк Еңбек Ерi Нұртазина бiздiң мақаладағы қателiктi айтыпты. Жаңа ғана өзiмiздiң бiрiншi хатшымыз Жәнiбеков телефон соғып, осы қателiктi баса көрсеттi. Жолдастар, сiздер қалай ойлайсыздар?
— Бұл саяси қате, — дедi бас редактордың орынбасары Түтінбай қабағын түйіп.
— Қазақша оқыту деген не осы? Сұмдық қой, — деп Оралбаев аузын қисаң еткiздi. Өзi орысша мүлдем бiлмейтiн.
— Бұл деген масқара, — дедi Кәрiбаев жыламсырай күлiмсiреп, бет-аузы бiр уыс боп тұрып.
— Шынында да, қиын екен, — дедi ыржақай Қуанышбаев жырқ етiп.
— Саясе кәте екенi рас, — дедi Сарбала басын жерден көтермей, мұның бетiне тура қарамай.
— Мұны қатаң жазалау керек, — дедi Таупиқов. Ол үнемi жау тиiп жүргендей даурығатын да жүретiн, күні бойы бiр жол жазбайтын.
— Мiне, көрдiң бе, редколлегияның пiкiрi осылай бiр жерден шығып отыр. — Шортан құрбақа бетi көгiстенiп тұрып, сөздi шорт қайырды. — Жұмыстан шығасың.
— Бiр ауыз сөзiм бар, — дедi Әбен қолын көтерiп.
— Сөзiңнiң керегi жоқ, — дедi Шортан шорт кесiп.
Әбен онымен тәжiкелесiп жатпады. Сыртқа шықты. Есiк алдында отырған секретарь қыз толық денелi Fазизадан еңбек кiтапшасын алып қараса. Онда: «Советтiк идеологияға жат алашордашыл, буржуазиялық сасық идеологиямен уланғаны үшін… қызметтен қуылсын», — деп жазылыпты. Соны көрiп Әбеннiң жыны қозып кеттi. Кiтапшаны ала сап, кабинетке қайта кiрдi. Шортан бiр жаққа бармақ боп, жиналып жатыр екен, — бұған алая қарады:
— Не керек?
— Мына бұйрығыңызды өзгертiңiз. Болмаса…
— Не сабайсың ба? Ол өзгермейдi.
— Өзгертiңiз.
— Сен сияқты халық жауына… мен неге… қайта сенi соттау керек едi.
— Ә, солай ма? — дедi Әбен ызаланып. — Онда бәрi бiр болды ғой. Түбi сотталатын болсам, — дедi де, ол кiтапшаны жыртып-жыртып, Шортанның бетiне лақтырды. Шортан қорғанып, қолын жоғары көтердi. Сол арада бұл өзiне не болып, не қойғанын бiлмей де қалды. Талай рет рингке шыққандағы қалып алған қимылына басып, оның қорғанғанын көрiп, көзi қарауытып кетiп, жетiп кеп, Шортанды иектен бiр салып өттi. Шортан шкафқа барып соғылды. Әбен ендi оны сол қолымен шықшыттан ұрды. Шортан теңселiп кетiп, жанында тұрған көк мауыты жапқан үлкен столға етпеттей құлады. Оны тағы да ұра берейiн деп едi, осы кезде iштегi у-шуды естiген жiгiттер iшке айғайлап, асып-сасып жүгірiп кеп, араларына тұра-тұра қалды. Оралбаев барқырап:
— Мынау көлигән ғой! — дедi.
Әбен оны да бiр соқты. Оралбаевтың мұрны дал-дал боп, қан екi бетiн жуып кеттi. Сол арада бұл есiн тез жиып, сыртқа жүгіре шықты да, милиция келмей тұрғанда кетейiн деп, столындағы қағаздарын, Бәкеңнiң мақаласын ала сап, бесiншi қабаттан сыртқа жүгіре шықты.
Мұның iзiнен Таңат жүгірiп келедi:
— Әй, әй, тоқта, Бәкең мақаламды әкеп берсiн деп жатыр! Қорықпа, ешкiм де милиция шақырмайды. Менiң де Бәкеңе баруым керек едi, бiрге барайық.
Бұл оған сенбей, көшенiң әр жағына өтiп, қалың жұртқа араласып кеттi. Қасында Таңат жампаңдап келедi. Олар Фурманов пен Комсомол көшелерiнiң қиылысындағы үлкен тас үйге келдi. Екiншi қабатқа көтерiлгесiн, Әбен қоңырауды басты. Есiк ашылып, iштен Бәкеңнiң түксиген қабағы, шалғысы салбырап кеткен мұрты көрiндi. Оның мiнезiн жақсы бiлетiн Әбен:
— Ассалаумаликүм! Здравия желаю, товарищ гвардии полковник, — деп, әскерде үйренген дағдысына бағып, саңқ ете түсті.
— Заходи! — дедi Бәкең.
Кезек Таңатқа келдi. Ол ақырын дауыспен:
— Сәлеметсiз бе? — дедi.
— Что-о-о? — дедi полковник түнерiп.
— Сәлеметсiз бе?
— Что-о-о? — дедi полковник даусын қаттырақ шығарып, күдірейе түсіп.
— Ассалаумаликүм, — дедi Таңат сасқанынан.
Бәкең оған жауап берместен керi бұрылды. Аздан соң бұлар оның кең кабинетiне кiрiп отырды. Әбен оған газет пен өзi дайындаған оның мақаласын алдына қойды. Полковник газеттi жайып, өз мақаласын көрiп, ырза боп:
— Жұрт не деп жатыр? — дедi Әбенге қарап.
— Ол жағы…
Сол арада Таңат қарап тұрмай:
— Бәке, сiздiң орыс тiлiн қазақша оқытсын дегенiңiз саяси кәте ғой, — деп қалды.
— Что-о-о? Саяси қате! Дур-рак, олай деп кiм айтып жүр? — деп Бәкең жұдырығмен столды қойып кеп қалды.
— Ана бас редактор…
— Он же тупой.
— Ана Социалистiк Еңбек ерi мұғалiм әйел де…
— Что-о-о? Старая проститутка да маған ақыл айта ма? — Полковник орнына тұратындай боп көтерiле бастады. — Сен өзiң орысша оңдырып бiлесiң бе, а? Ал мен оны ана тiлiмдей бiлем. Оның грамматикасын қазақша түсіндiрiп, орысша сөз жаттатқанның несi саяси қателiк? Оны мына балам маған айтып едi. Сол да қате ме? Отвечай!
— Ендеше соны қате деп… менi жұмыстан шығарды, — дедi Әбен бiр түрлі боп ыңғайсызданып.
— Что-о-о? Вот, оңбағандық! Мен оған көрсетейiн, — деп Бәкең трубканы алып, әлдеқандай нөмiрлердi тердi. Әр жақтан Шортанның даусы шықты. — Алло, бұл мен. Сен неге мына баланы жұмыстан шығардың?
— Онда сiздiң шаруаңыз болмасын. — Дың-дың еткен дыбыс естiлдi.
— Ах, ты подонок! Көзiнiң етi өсейiн деген екен. Менiң қолыма қырық бiрiншi жылы Москва түбiнде мұндай сволочтар түссе ғой, былай, атып тастап… — деп, қарт полковник ызаланып, саусақтары дiрiлдеп, басқа бiр нөмiрдi тердi. — Кәзiр саған шаруаны көрсетейiн. Әлө, ЦК ма, Бастығың бар ма? Менiң кәзiр қабылдасын. Что-о-о? Бiр айдан соң? Жо-оқ, менiң онымен кәзiр сөйлесуiм керек. Телефонмен болмай ма? Сонда бiр ауыз сөз үшін бiр ай күтуiм керек пе? — Бәкең қалш-қалш етiп, трубканы рычагқа сарт еткiзiп қойды да, айқайлап: — Қатын, а, қатын! Әкел! — дедi. Сосын алдында тұрған транзистор-қабылдағыштың кнопкасын басып қалып едi, Катюша әнiн айтып жатқан әншiнiң даусы естiлдi:
Расцветали яблони и груши.
поплыли туманы над рекой.
Выходила на берег Катюша,
на высокий, берег на крутой…
Iшке арықшалау келген қара сұр әйел подносқа салған бiр бөтелке ақ арақты алып кiрдi. Оның жанына үш қырлы стакан бар. Бәкең подносты алдына қойдырды да, әйелiне қарап:
— Үшеумiзге толтыра құй! — дедi.
Арақ құйылғасын, Бәкең Әбенге қарап:
— Балам, саспа. Бiрдемесi бола жатар. Ал кеттiк! — дедi де, өзi қырлы стаканды басына бiр-ақ көтердi.
Әбен де iшiп қойды. Таңат стаканды ұстамай:
— Гастритiм бар едi, iше алмаймын, — дедi.
— Гастритiң болса, маған неге келдiң? — Бәкең оған түнере қарады.
— Менiң келген себебiм… Жақында Кубаға туристiк сапармен баратын едiм.
— Ну что?
— Бәке, сiздiң даңқыңыз дүние жүзіне жайылған. Сiздi барша Совет халқы бiледi. Сiз, сiз…
— Покороче, — дедi полковник шыдамай.
— Сiздiң жазған кiтаптарыңызды ел таласып оқиды. Оларды дүкендерден табу мүмкiн емес. Соның бiрiн Кубадағы достарыңызға апарып берейiн деп едiм, бiрақ кiтаптарыңыз еш жерде жоқ…
— Врешь ты, дурак! Менiң кiтаптарым ана дүкендерде өтпей тұр. Сен неге өтiрiк айтасың, а?
— Бәке, шынында да, жоқ…
— Молчатъ! Дур-рак плешивый, твои глаза мне не нравятся, өлген қалима балықтың көзiндей боп мөлиiп ап…
Сол екен, Таңат кенеттен көтерiлiп кеттi:
— Бәке, сiз немене батыр, батыр дегенге ақиып…
— Что-о-о?
— Шынымен батыр болсаңыз, Совет Одағының Батыры деген атақты неге алмадыңыз?
— Что-о-о-о?
— Немене, соғыссаңыз мен үшін соғыстыңыз ба? Сiз өзiңiз үшін соғыстыңыз.
— Ах, ты подлец, сукин сын, мен сенi кәзiр атып тастайын… — Бәкең орнынан атып тұрып…
* * *
…пистолетiн кабурасынан суырып алып, Таңаттың кеудесiне кезей бердi де, оның оқсыз екендiгi есiне түскендей, қалш-қалш етiп, көзiне келiп қалған ызалы жасты көрсетпейiн деп, жалт бұрылды…
1967—1972 ж.ж.