— Ойбай-ау, сiздi табу қиын болды ғой. Звандағаныма пәленбай күн болды, үнемi сiздi жоқ дейдi, — деп, телефонда саңқылдай шыққан дауыс жылап қоя бердi. Трубканы көтергенiне Жаңабай сонда өкiндi. Анада бiр тойдың үндінде танысқан Мырзағұл деген орташадан сәл биiктеу бойлы, сопақ бастау, қара сұр шашын бiр жағына жығып қайырған, ұзын мұрын, ақ сұр жiгiттiң түрiне қарап тұрып, бұл iшiнен әлденеге: «Мынауың барып тұрған жылауық болар. Жанына жолап кетсең болды, ақырзаманды орнатып, зар илей жөнелдi. Өзiнiң кiсi арасында сөз таситыны да бар шығар», — деген бiр күнәһар ойға батқан едi. Артынша өзiнiң бұрын кездеспеген, танымайтын адамы туралы бiрден терiс пiкiрге келгенiнен қайтып, қарсы алдында отырған оның одан-бұдан сөз қашырғанына құлағын онша қоймаған едi. Сосын бұл оның жанында отырған ұзын бойлы, дөңес мұрынды, қоңыр шашын әлсiн-әлсiн қолымен тарағыштап отырған, өзiн журналистпiн деп таныстырған, Алматыдағы бiр үлкен газетте қызмет iстейтiн, мұнымен жерлес боп шыққан Көкетаев Төребаймен аракiдiк жөн сұрасып отырды. Ол жауап берiп жатып, неге екенi белгiсiз, арасы ашықтау екi күрек тiсiн көрсетiп: «Бiздiң Мырзағұлдар оратор ғой. Бiлмейтiн нәстесi жоқ. Өзi әрi батыр, батыр болғанда бар ғой, мұны ана Көтiбармен ғана теңестiруге болады», — деп, оның астына көпшiк қойып отырды. Соны естiген Мырзағұлдың жағы талмады. Сирек мұртын жыбырлатып, төр жақта отырған үлкен кiсiлерге қарап, қолын сiлтеп: “Өй, оны қой!”, — деп, жұрттың бәрiн жақтырмай отырды. Ол бiрде сөз сөйлеп, тост көтерiп жатқан тапалдау денелi, жалпақ бас сарыға қарап: «Өй, мынаған не жоқ? Бұ да адаммын деп… Оның қасынадғы ананың паңқуын қараш! Ау, ау, ол деген обкомға ананың арқасында барды емес пе? Болмаса оған өсу қайда? Ал ана сумұрынды өзi өсiп жүр дейсiң бе? Оның қатынының бетiне былай… ас құйып iшерлiгi бар… содан кейiн», — деп әлдененi гөйiтiп, отырып алған-ды. Содан кейiн ол мұнымен бiрнеше рет хабарласты. Бұл қашқалақтап, сөзге ықылас қоймай құтылған едi. Содан кейiн үй iшiндегiлер ол сұраса, жоқ деңдер деп қатты тапсырған болатын. Ендi трубканы алғанына өкiнiп қалды.
— Иә, жәй ма? — дедi Жаңабай сыр бермеуге тырысып.
— Өй, жәй ғой. Былай, ағамызға сәлем берiп қояйын деп…
— Ә, алдыраз болсын.
— Сосын денсаушылығын сұрап дегендей…
— Рахмет.
— Сiз анада өткенде қасымызда отырған ана… ше… ана… иә, сол жiгiттi бiлетiн бе едiңiз?
— О қайсысы? — дедi Жаңабай таңғалып.
— Өй, ана журналис ше?
— Ана кiм бе? Көкетаев па?
— Иә, дәл өзi.
— Иә, оған не бопты?
— Болғаны бар болсын, оның бүгінгi нөмiрде дiн туралы мақаласы шығыпты. Онда бар ғой… онда…
— Не онда?
— Ол өзi… былай алжиын деген бе, әлде жынданған ба, исламға тiл тигiзiп, қазақтардың жуық арада шаманизмге, тәңiршiлдiкке көшуi керек. Көк тәңiрiге сену ара-бабамыздан жалғасып келе жатқан дәстүр, соны мына дамыған социализм заманында зерттеу керек дептi.
— Ол… өзi… — дедi бұл не дерiн бiлмей, жорта кекештенiп. Сосын трубканың қытырлай бастағанынан секем алып қалды.
— Он ол өзi жоқ, бұған атпор беру керек, — дедi Мырзағұл трубканың әр жағынан микрофонды ұрып жiберердей боп сөйлеп.
— Ояғын қайдам… кiсiнiң неге сенем десе де өз еркi емес пе?
— Мәссәған! Сiз осы не деп тұрсыз, а? Ондай да бола ма екен? Ислам дiнiне Сәбет үкiметiнде зәпрет жоқ, мешiт бар, қаласаң, барып намаз оқы. Ал мынау соған зәпiрет жасағысы келедi. Сондықтан да мұндайлардың алдын алмаса… ертең оның соңы…
— Мырзеке, — дедi Жаңабай даусын қаттырақ шығарып, оның сөзiн бөлiп. — Менiң бұ жерде… таңғалып отырғаным… мен идеолог не дiндi зерттеушi кiсi емеспiн, бар-жоғы хирургпын. Сонда…
— Мiне, бiзге керегi де осы хирургтыгыңыз.
— Сонда қалай?
— Оның iж қалайы жоқ. Ау, баланың мұсылман ету үшiн қазақтар пiштiрмей ме?
— Иә, сүндеттейдi, — дедi бұл түкке де түсiнбей.
— Оны бұрындары ана надан, сауатсыз молласымақтар пiшетiн едi, кейiнгi жылдары, айналайын, Сәбет заманының арқасында, балаларды маман хирургтар пiшiп жүрген жоқ па? Бұл, бiр жағынан, қауiпсiз, екiншi жағынан, залалсыз. Сiздiң анада пiшкен балаларыңыз бiр апта болмай дамбалдарын киiп, доп теуiп кеттi. Сiздiң қолыңыз жеңiл екен…
— Ендi… ол, — дедi Жаңабай оның сөзiн бөлiп. Сол арада есiне танысқаннан кейiн Мырзағұлдың талақша жабысып, iзiнен қалмай жүрiп, бiр танысының екi баласын пiштiрткенi түсе кеттi. «Қап!», — деп iшiнен өкiндi де, тағы да сөлйей берген оның сөзiн бөлiп: — Мен… онда сiздiң сөзiңiздi жерге тастамай… былай… кәзiр онымен айналыспаймын, — дедi осы кезде телефонның қаттырақ қытырлай берген трубкасын құлағынан сәл алыстата түсiп.
— Өй, сiз де бiр қызық екенсiз ғой. Ау, ол деген сауап емес пе? Оны қойғаны несi?
— Ол ендi… маман кiсiлердiң айналысатын шаруасы емес қой.
Сол екен, Мырзағұлдың әр жақтан:
— Сонда қалай? — деп, таңданған даусы шықты. — Қойғаны нас? Кәзiр оған зәпiрет жоқ.
— Сiз мұны маған неге айтып тұрсыз? — дедi сол арада Жаңабай қабағын шытып.
— Айтқанда былай… Мен жаңа ана Төребаймен ерегiсiп қалдым. Былай бәстесiп…
— Бәс?
— Иә, бәстесiп. Ол маған, шаманизм артық, дедi. Ал мен оған, ислам артық, дедiм. Содан ерегiсе-ерегiсе кеп, екеумiз бiр нәстеге тоқтадық.
— О не сонда?
— О не болсын, ол хирургтың қызметi. Бiзге кәзiр сол керек боп тұр.
— Е-е, не үшiн? — дедi Жаңабай таңғалып.
— Ойбай, оның не үшiнi жоқ. Бiз сол арада кiм бәсте жеңiп шықса, соған бiр ырыстран қоятын болдық.
— Ресто-о-ра-а-н?
— Ырыстран болғанда, ана жерма бес этажды “Қазақстан” гәстнисәсы бар емес пе, иә, соның ырыстраны…
— Қызық екен.
— Оның қызығы мынау. Мен Төребайға: «Сөзiңе тұрасың ба?» — дедiм. Ол: «Тұрам», — дедi. Мен оған: «Онда сенл мұсылкманшылықтан безiп, шаманизмге көшесiң», — дедiм. Ол: «Көшем», — дедi. Мен оған: «Онда көшсең, былай, — дедiм, — Сенi баяғыда молла пiшiп пе едi?» Ол: «Пiшкен», — дедi. Мен оған: «Онда сенiң исламнан безiп, шаманизмге көшетiнiң рас болса, онда ана пiшкеннен бас тарту керек», — дедiм. Ол: «Қалай?» — дедi. Мен оған: «Сiз баяғыда пiшiлген артық еттi сақтап қойып па едiңiз?» — деп сұрадым. Ол: «Қайдағы», — дедi. Сосын мен оған: «Онда шаруа былай. Менiң бiр таныс хирургым бар, әгәр шынымен шаман болғыңың келсе, онда хирургке барып, қоң етiңiзден терi сылып алып, ұлы мүшеңiзге жапсырып тiгу керек», — дедiм. Ол қуанып кетiп: «Болсын», — дедi. Мен оған: «Әгәрдә осыдан бас тартсаңыз, ырыстран қоясыз», — дедiм. Ол соған келiстi.
— Бәстiң түрi осы ма?
— Ойбай, оның жәнә бiр қызығы бар. Әлгi мұрны қолағаштай шаман менiң әйелiме звандап, бала кезде сүндеттеген кезде менiң молладан қашып кеткенiмдi естiп қойыпты. Сүйтiп шатақ шығып тұр.
— Шатағы несi?
— Өй, сiз де бiр…. жорта дымды түсiнбей қалады екенсiз. Ол менiң ана әйелiмнен сүндеттелмегенiмдi бiлiп алыпты. Сосын ол маған: «Шын мұсылман болсаң, сен сүндетке отыр, ал мен хирургке терi кестiрiп жаматам”, — дедi. Ендi соның талабына көнбеске амалым қалмай отыр. Әгәр көнбесем, онда мен ырыстран қоятын болам. Сол сәбәблi, әзiретiңiзге құллық, Сiзге звандап тұр едiм.
— Ол ендi… менiң қолымнан келмейдi…
— Келмегенi қалай?
— Ау, ол өзi… кiшiгiрiм операция ғой, оған жататын адамдардың, туған-туыстарының келiсiмi керек.
— Өй, ол болады. Оған келiсiмдi оны мен менiң әйелiм бередi.
— Одан тыс… ол операцияға басшылықтың рұқсаты керек.
— Өй, өзiңiз бiр қызық екенсiз ғой. Бұ жерге басшылықтың қандай қатынасы бар? Оны үйде жасаймыз…
— Ой, ол болмайды… Үйдегi жағдай белгiлi ғой. Сосын… оны басшылық естiп қалса… Жо-о-оқ, ол болмайды.
— Өй, болмағаны нес? О деген соншалықты сложный нәсте ме? Ол деген бар-жоғы титiмдәй ет емес пе?
— Жоға-ай, оны былай… анестезия жасау керек…
— О не пәлә?
— Былай… уколмен жансыздандыру керек дейiм.
— Өй, сiз де бiр, — деп Мырзағұл қарқылдап күлдi. — Соған бола… жансыздандырып…. ана Көтiбар деген батыр баяғыда бiр шынашағын шауып тастағанда, күйдiрген киiз бастырып жүре берiптi дейдi ғой. Бiз немене содан кембiз бе? Әнестизия дейдi ғой… Бiзге оның керегi жоқ. Рәспескi керек болса, сол арада жазып беремiз. Сосын бар ғой… айтпақшы, — дедi ол сол арада сәл тоқтай қап. — Ұмытып барады екенiмiн ғой, мұның құны қанша болады, а?
— Ненiң құны?
— Сүндеттеу мен терi жапсырудың құны да…
— Өй, сiз қойыңыз, мен ондаймен айналыспаймын.
— Ау, сiз деген осы… баяғыдан берi таныс емеспiз бе? Аулымыз да онша қашық емес дегендей… Сонда қорқатындай не бар? Шынымен қорықсаңыз, онда… анада балаларды неге пiштiрдiңiз? Әгәр осы секәның құлағына жетсе ғой, оның кiмдi пiштiретi анық. Одан да әңгiменi асқындырмай…
Жаңабай оның сөзiнен шошып қалды. Iшiнен: «Қап, сонда неге бардым?» — деп, аздап өкiнiп тұрып:
— Ендi ол… баяғыда болды ғой. Балалар жақсы, арыз жоқ, — дедi не дерiн бiлмей.
— Арыз болмаса, оны ұйымдастырамыз. Сосын… көремiз…
Жаңабай үндемедi.
— Сонымен не iстейтiн болдық? — дедi Мырзағұл салмақпен сөйлеп.
Жаңабай сол арада қулық ойлап:
— Ол өзi қашан едi? — дедi.
— Осы алдымыздағы жұма күнi, жұманамаздан бұрын. Мешiттен молла шақырып, куәләндырамыз. Сөйтiп, сiздiң арқаңызда мен — мұсылман, ол — кәпiр… тойыст… шаман боп қалайықшы бiр…
— Жарайды, — дедi Жаңабай қынжылып. Iшiнен: «Содан бiр күн бұрын пойызбен ауылға кетiп қалу керек», — дедi.
— Өй, жақсы болды ғой. Сүйтiп ол сболышты бәсте жеңiп, ырыстыранға барып шалқиық, — дедi Мырзағұл қуана сөйлеп.
«Атаңның басын, барарсың! Операциядан кейiн ырыстырандатып жүрерсiң», — деп, Жаңабай iшiнен ызалана сөйлеп, телефонның трубкасын орнына қойды. Сосын үстелiне кеп отырып, календарьдың беттерiн ашып, алдыңғы жұманың қай күн екенiн қарады. Бұл кезде күз дендеп енiп, көк теректердiң жапырақтары түсiп, дiңдерi сидиып та қалған едi. Ол терезеге қарап, Алматының аспанында тұтасып тұрған сұрғылт бұлтты көрдi. Оның еш жерiнде саңылау жоқ. Аспан көрiнбейдi. Сүйтiп отырғанында, телефон тағы да шыр ете түнді. Трубканы алмайын деп тұрды да, ол туған-туыстары шығар деп ерiксiз көтердi. Әр жақтан Төребайдың қарлығыңқы даусы шықты:
— Сiзге Ана Мырзағұл телефон соқты ма? Рас, рас, сүйтiп ерегiсiп қалдық. Мен деген…. Платондарды быт-шыт қып оқыған ойшылмын ғой. Менiң бағамды мына надандар бiлмей жүр. Ертең бәрi де бiледi, мен туралы естелiктер жазады. Ендi мына бiр… қырсық тап болып… оны ана Мырзағұлға неге айта қойдым деп өкiнiп отырмын. Ол адамның iзiнен қалмайды, сосын… ол өсек айтады, екi араға сөз тасиды. Соның арқасында өсiп те жүр. Сiзге өтiрiк, маған шын, кәзiр бар ғой, құдай бiледi, осы сөз ЦеКаға жетiп тынды. Онда танысыңыз жоқ па едi? Ә-ә, жоқ болғанының өзi жақсы, былай… бiлмейдi дегендей… Сонымен, келiстiк қой, ал жақсы, — дедi де, ол трубканы қойды.
Жаңабай дың-дың еткен трубканы қолына ұстап, аз-кем тұрып қалды. Сол арада есiне өзiмен көптен берi қырбай боп жүрген бөлiмше меңгерушiсi түсе кеттi. Егер ол мына сөздi естiсе, мұның шаруасының тынғаны. Ол сол арада ертең не деп жауап берем, мыналардан қалай құтылам, меңгерушi ауылға жiбере қоя ма, ол жiбере қойса, пойызға билетпұлды қайдан табам деп ойланып, төсегiнде төңбекшiп, ұйықтай алмады. Қаншама тырысып ұйықтайын десе де, дүмелген неше түрлi ой бiрiнен соң бiрi, құдды колбасаның кезегiнде тұрған кiсiлердей боп, келе бередi, келе бередi. Ол өзiнiң миының қатты жұмыс iстеп жатқанын сездi. Содан соң орнынан тұрып, ваннаға барып, жылы суды легенге құйды да, екi аяғын малып отырды. Аздан кейiн барып мұның iш толқыны басылып, дүмелген ойдан арылып, басы ауырлап, есiней бастады. Сосын тез төсегiне кеп жатып қалды.
Ертеңiне Жаңабай ұйқысы қанбай, қабағы кiртиiп тұрды. Кiсi лық толы автобуста келе жатып ол: «Адамдар осы неге бiр бiрiнiң мазасын ала бередi? Олар бiр бiрiне сүйкенбесе жүре алмай ма? Ендi мыналардың мұнысы несi? Жастары қырыққа тақағанда… операцияға жатып», — деп қойды. Сосын iшке кiрiп, киiмiн шешiп, халатын киiп жатыр едi, көмекшi қыз кеп:
— Сiздi меңгерушi шақырып жатыр, — дедi.
— Жәй ме?
— Оны бiлмедiм. Бар бiлетiнiм — ашулы.
Жаңабайдың iшi қылп ете қалды. Сосын есiне түндегi әңгiме, Төребай мен Мырзағұлдың сөздерi түсiп, әлденеге iшiнен: «Хирургтың қызметi… хирургтың қызметi», — деп, әндете айтып, меңгерушiнiң кабинетiнiң есiгiн аша берiп, iште қызыл кеңiрдек боп айтысып жатқан Мырзағұл мен Төребайды көрiп, қалт тоқтай қалды.
— Сiздiң үйтуге хақыңыз жоқ, — дейдi бетiнен қаны қаша сұрланып алған Мырзағұл айқайлай сөйлеп.
— Операция жасату өз хақымыз. Сiздiң бұған қарсы болғаныңыз — адам хақын аяққа таптағаныңыз, — дейдi ұзын бойлы, зор мұрынды Төребай гүжiлдеп.
— Жолдастар… олай болмайды ғой…
— Неге болмайды? Болғанда қандай! Бiз онымен… өзiмiз келiсiп отырмыз… Тек қана сiздiң рұқсатыңыз керек. Бәрiн де былай… заңдастырып алуымыз қажет… Сiз немене… былай… дiнмен ойнайсыз ба? Әлде…
Есiктi ашып, оларға аңтарыла қарап тұрған Жаңабай кенет… сақ-сақ күлiп, есiктi тарс еткiзiп жаба салды да, ауруханадан қаша жөнелдi…
1970 жыл