Соғып та қалды ол допты алып,
сәл дiр еткiзе балтырды ақ.
Ойынға тұрды оқталып,
мәз болдың кенет жарқылдап.
Көрермен у-шу. Төзбейдi үн,
шығады түрлi тембрде.
Отырмын ба әлде, сезбеймiн,
жүрмiн бе ойнап мен бiрге.
Қарай да берем ұрлана,
алғандай үлес мол бақтан.
Қанадй жан нәзiк тұлғаңа
ғажайып көрiк орнатқан?
“Сұлу қыз” деген ат iлез,
жан-жаққа жатты шашылып.
Киiмдер не еткен қатыгез,
көркiңдi тұрған жасырып!
Кеудемде тұнды бал арман,
көңiлде сырлы iз қалып.
Көздерден сансыз қадалған
отырмын сенi қызғанып.
Бетiңде тұрған арман ба,
қызылы ма әлде алманың?
Тек қиын екен аңғармау,
өзiңдi сүйген жан барын.
Қуандым сол сәт мен үнсiз,
бақ па деп алға бастаған.
Жыладым iштей көңiлсiз,
қол созды ма деп басқа адам…
19.06.1963