Төңкерiлген қос кеседей томпиып…

Төңкерiлген қос кеседей томпиып
тұр кеудесi. Қарамайды қатты қыз.
Арық жақта тұрмын қарап, селтиiп.
Алдында оның жатыр толқып ақ күрiш.
 
Шалт-шалт орып, үйiп жатыр бау-бауды,
атыздарға тақыр бастай, дестелеп.
Ол бiлмейдi жiгiт кеулiн аулауды,
ойлайды ма менi дәйiс, бөспе деп.
 
Салысында оның маған жоқ қызық,
шын ойымды қайдан бiлсiн, сормаңдай?
Салыны ұстап, орады сыр-р-р еткiзiп,
құдды менiң тамағымды орғандай.
 
Оның кеулi кеткен екен қатты өсiп,
кәрiқыз боп, жүрмен дейдi кеш қалып.
Кеудесi оның — бұлдырықтың ақ төсi
бара жатыр байқатпастан естi алып.
 
Сездiрместен соны тұрған көпке мен,
қарағандай болам сарғыш алапқа.
Ол қарайды маған сонша жек көре,
мен қараймын сәл тершiген тамаққа.
 
Қой, мына қыз мына түрмен оңдырмас,
қолы түрпi, бетi жарғақ, жармадай.
Жастайынан жұмыс iстеп балғын жас,
қол-аяғын етiп апты балғадай.
 
Ол түйедi сары маңдайын, кiлт етсе,
ұстағаны — пiшен, қамыс, самылтыр.
Сол аяқпен серiппеше бiр тепсе,
майыспай ма болып кеудем қаңылтыр?
 
Соны ескермей, “қыз-қыз” деймiз әлi бiз…
Қой, кетейiн! Тұр екен ол кiмдi ойлап?
Қош болып тұр! Атанғанда кәрi қыз,
бiр келермiн мен де атанып сүрбойдақ…
 
27.09.1963

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *