Соншама сәндесiң, ақсары қыз…

Соншама сәндесiң, ақсары қыз,
қынаға боялады шаштарыңыз.
Помада ерiнiңе жаққан — қалың,
пудра салад бетке басқа бiр iз.
 
Қасыңды күнде-күнде сен жұласың,
соныңмен көрiнбестей елге ласың.
Омырауың осыншама кеткен өсiп,
дегендей керiлуге келдi жасым.
 
Сен, мiне, тұрған көптi өттiң жарып.
Клубтың төр жағына жеттiң барып.
Жiгiттер тракторшы бұлт-бұлт еткен
бөксеңе қарап тұрды көп сұқтанып.
 
Шынында, аңқау олар iзгi ниеттi,
ашық боп iштерiнен бiр дiр еттi.
Сары қыз екенiңдi ұмытты олар,
көргендей қиссадағы қыз Жiбектi.
 
Мен болсам… ауыштарға күлем iштей,
сен де бiр пойыз жүрген рельстей.
Ашылса шын ажарың, болар едiң
комбайн орып кеткен құр егiстей.
 
Сәтiнде сол егiндi мен де орғанмын…
Бiрi едiм бұғағыңды сорғандардың.
Бөксеңдi бұлт-бұлт еткен сипағанды,
иманы ұшар едi көрген жанның.
 
Мұндайда адалдыққа дерек — бiреу.
Табылса, жақсы жiгiт желөкпелеу.
Сенi әуре еткендерге қызық керек,
ал саған тиiп алар керек күйеу.
 
Бiр тиiп алғаннан соң… жар қылары
шаруа емес. Қоймашыдай елге ұраны
көп ашқан, сен де талай ашыласың…
Айтпаймын, белгiлi ғой арғы жағы.
 
Ол қасқа, онда артық сөз қылмайды,
мiнiңдi бетiңе айтып, көзге ұрмайды.
Көзге ұрса, қатырасың сотқа берiп….
Аяймын аңқау, ауыш бозымбайды.
 
Қу болса абайсызда алған егер,
көрсете сен алмайсың қолдан өнер.
Әйтеуiр, алдап өмiр сүрсем дейсiң,
не дейiн, бояп беттi, сәндене бер…
 
1963 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *