Көп iшiнен көзiң маған түсiптi…

Көп iшiнен көзiң маған түсiптi,
ойлайсың ба сен таптым деп пысықты?
Бар ма кәзiр бағалысын шын сүйген,
жiгiтi үшiн қыз қашан у iшiптi?
 

Мұның бәрi мәсәлә ғой жұртқа айқын,
ғашықтықты адам бар ма құптайтын?
Жастай бiлгем Мәжнүн менен Ләйләнi,
сүйгенi үшiн сонша жылап-сықтайтын.
 

Олай болу… қызық өзi бұл, Алла-ай,
менi көрдiң неге жанды ұғардай?
Жүрмейсiң бе бармақ тiстеп кейiннен,
артық айтсам кәдiрiңдi бiле алмай?
 

Кәзiр менiң ойым көптен басқарақ,
бұ тiрлiкке тәнiм сондай ашқарақ.
Қиялымды қайдағыға бастап ап,
жамандарды мен боламын жастамақ.
 

Бұрындағы қалған қалып бұйығы,
көздi арбайды қыздың не бiр киiгi.
Түнiменен тыншытпайды жанымды,
қара көздiң бiр жалт еткен қиығы!
 

Сен қарайсың, соны жақсы бiлсең де,
жаңқадайсың iлесетiн құр селге.
Сүйсем бе екен сенi өтiрiк мен әлде,
аз ғана күн сенiменен жүрсем бе?
 

Менiң бiрақ ол келмейдi қолымнан,
өткен қыздар оңым менен солымнан.
Сен де соның бiрi болып, басылшы,
қалма, жаным, қам жасайтын жолыңнан…
 

19.07.1964

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *