Еткен кезде ескi жолмен бiз талап…

Еткен кезде ескi жолмен бiз талап,
жолатпайсың жанабыңа, сыздап ап.
Мыржыққара миығынан күлсе егер,
күлiмдейсiң. Мұның қалай, қызталақ?
 

Жатқызар ма жiгiттердi бұл тыныш?
Мыржимаса айыпты ма тұрқымыз?
Күлкiсi оның құрт түсiред кеулiңе,
сонда бiздiң құртсыз ба едi күлкiмiз?
 

Оның шашы май жаққандай жылмиған,
сәл жанасып шаштарыңа тұр қиған.
Бiздiң бұйра шаштарымыз шеңгел ме?
Шыққаны ма сенде жоқ боп мүлде иман?
 

Оның қолы тие қалса егерде,
жымиясың, көрсетпестен оны елге.
Бiздер тисек, бұлқан-талқан боласың,
сонда бiздiң қолымыз күс, егеу ме?
 

Қойдық бәрiн. Құтты болсын мыржығың,
оның көзi құдды құрдым бiр жылым.
Ендi бүгiн неге сонша жүнжiдiң?
Ықыласыңды iрiктi ме әлде ынжығың?
 

Ау, оныңыз кеше едi ғой ұнаған?
Кеулiң соған емес пе едi құлаған?
Тiршiлiкте таңдап алған жолымен
жүрмейдi ме жалтақтамай, сiрә, адам?
Мен нелiктен айнымпазды құп алам?
 

Әлi отырсың көрсетумен мұзқабақ.
Мен де отырмын. Ете алмаспыз бiз талап.
Iзгiмiн деп iштен қатты күйгенше,
жақсы емес пе кеткен қара тұз жалап?
 

Дедiң бе әлде түк бiлмейтiн бiз дорақ?
Мен не дейiн, қызталақ…
 

03.04.1694

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *