Аттанарда әлдекiмдi ол көрiп,
қоштасуға бiр батпады қол берiп.
Жалтақтады ол, қозыдай ғып менi бiр
өзiн алып қашатындай өңгерiп.
Қасқырлыққа беретұғын мен бе ерiк?
Менде қайда өйтiп оны күштемек?
Ана қудың көзқарасы сұсты, ерек.
Басыңдағы орамалдың бiр ұшын,
тұра бердi ол, абыржумен тiстелеп.
Байқап соны, алдым iштей күмән мен:
“Осы, — дедiм, — жүре қалсаң бұлармен”.
Таразының бiр басына қосақтап,
салса сенi, шындығында, шыдар ма ең?
Мен қалаймын? Мен қараймын әлгiге,
мен толғанар түпсiз түртпек бар мiне.
Мынау нағыз алқа қылған Аннаны,
болғалы тұр Чехов жазған әңгiме.
Шынында да, қызық болды-ау мүлде өзi!
Маған тұман — кiммен жүрдi, қыз кезi.
Бiр көзi онда қалмақыбет қызымның,
менде қысық, қушыкештеу бiр көзi.
Бiлдiрмейдi. Кейде өтiрiк аң-таң ғап,
вокзал жаққа жапақтайды жалтаңдап.
Жүрмiн десем қамажайды мен таңдап,
жүр екен ғой жағажайды… ол таңдап.
Болады ма ұстауға оны арқандап?
Кетсем бе әлде, барлығын да талқандап?
Қалғандай-ақ қалмақыбет қыз құрып,
жүргенiмнiң сиқы осы ма жар таңдап?
Барады анау бiрдеңесiн өткiзiп
қойғандай-ақ, вокзал бойлап талтаңдап.
Қыз қысылды. Мен түсiндiм. Перронда
жүрген жан кiм? Қандай мақсат бар-ды онда?
Қыздың жаны не еткен сонша қараңғы, ә?
Жүрдi пойыз. Қарғып мiндiм вагонға.
Тұра бердi сол перронда ол жаңғыз.
Жұлынғандай сияқтанды шын жалбыз.
Түстi есiме “Солдат жайлы баллада”…
сары Алеша.. жүгiрумен қалған қыз…
Неге бiздер соншалықты жалғанбыз?
Бет ду еттi. Тұла бойым от-жалын.
Дөңгелектiң тыңдап тақ-тақ соққанын,
рахмет айттым қыздан пойызға құтқарған,
және iшiмен… оны сыбап боқтадым…
17.07.1964