Газетте шығар жырақтан
басылған тұңғыш жыр қандай.
Құрбыңды алғаш ұнатқан
боласың көрiп тұрғандай.
Онда мен балаң жас едiм,
келе атқан шығып көктемдей.
Хат келдi одан. Әсем үн
сөздерден болды жеткендей.
Ұғындым қыздың көңлiн де,
тебiренткен сәби жыр ендi.
Есенин томын ол бiрде
поштамен салып жiбердi.
Бұл да бiр бейне орамал
тон болған емес, жол болған.
Бiраз жыл өттi арада,
жарқ ете қалған сонда роман,
сол кiтап, сол хат, сол сөздер
жадымнан ұзақ шықпады.
Ақыры өштi ол кездер
асықтай қалған жұрттағы.
Кiнәлi кiм деу тым қиын,
iздеудiң жоқ еш керегi.
Өткендей бұрқап бiр құйын,
жоғалды оның дерегi.
Жоғалды бiрге сонымен
алғашқы ыстық оқырман.
Жақсының кәзiр көбiнен
пiкiрi жадта тоқылған,
жүрсем де естiп сөз жылы,
бiр түрлi жанды елтпейдi.
Баяғы қыздың көз қыры
көңiлден мүлдем кетпейдi.
Не сыр бар мұнда? Жәй не бұл
өткенге сонша опынған?
Алғашқы едi, әйтеуiр,
алғашқы едi оқырман…
1965 жыл