Бiр кiсi бар-ды жоқ ұлы,
керiсiнше керiм қызы көп.
Ұл көрмей қойды ол өмiрi,
алса да әйел “жүз” рет.
Қол сiлтеп айтқан елге сын,
ақыры ол үмiтi жоғалып,
қызының тәлпiш кенжесiн
өсiрдi еркекшора ғып.
Ақсары, қой көз, шып-шымыр,
шыбықтай бойы ол ырғалса,
таңғалтып жыртақ жұртты бұл,
киiнiп жүрдi ұлдарша.
Онысын мүлде ол қоймады,
төбеге шашын түйiп ап,
бiздермен асық ойнады,
кәстөм мен шалбар киiп ап.
Мектепке барды ол солайша,
солайша жүрiп ер жеттi.
Ұлға өзiн санап тек ойша,
қыз болды ол керiм келбеттi.
Айтпадық оған “қызсың” деп,
бiрақта жүрдiк ұрынып.
Қызғалдақ шықты жүз гүлдеп,
құлпырды ол мың-сан құбылып.
Бiр күнi… шықпай қасынан,
ойынға ерсi басып ек,
кепкасын оның басынан
мазақтап, ала қашып ек,
сәуледе сарғыш кешқұрым,
кiм екенi анық көрiнiп,
төбеге түйген қос бұрым,
тiрсекке кеттi төгiлiп!
Қымсынып қатты қалды қыз,
жiбердi жылап ызадан.
Бойымыз сол сәт болды мұз,
кепкасын бердiк бiз оған.
Ол содан бастап жүрдi бiр
бойжеткен науша қыздармен.
Ысқырсақ кезде түнгi бiр,
кеудеден тептi бiздi әрмен.
Кешегi еркекшорамыз
осылайша кеттi жат болып.
Кездеспей қойды бала қыз,
жүрсек те жолын көп торып.
Ақыры… мектеп бiттi де,
жан-жаққа бiздер тарадық.
О қызды алдан күттi не, —
бiлмедiк тiпте оны анық.
Бар бiлген бiздiң сырымыз:
табиғат әдiл жаратқан!
Батады шығып Күнiңiз,
осы заң көптен келеатқан.
Ерсi оны деуiң өзгертем,
күнәһәр онда боламыз.
…Есте әлi тұнық, көз көрем,
есте әлi еркекшора қыз…
1965 жыл