Боран, жел қалай соғады, —
қуалап малды жазыққа,
қойшылар жолды табады,
қарап ап Темiрқазыққа.
Жұлдыздан оның мүлде өңге,
көрiнiп бұлдыр сағымнан,
тұрады ылғи бiр жерде,
қазықтай қатты қағылған.
Айналсын остен Жер қанша,
Күн қанша жүрсiн шеңбермен,
өзгерген сәтiн, долбарша,
өмiрi емес ел көрген.
Болмайды оны көрер күн,
жоқ оның жұртқа жазығы.
Дәл сондай әр бiр өнердiң
болады Темiрқазығы.
Ескермей оны, жол жүрсең,
болғаның надан, көрсоқыр.
Дүниядан кәзiр, мен бiлсем,
бар ма екен кiтәб сонша оқыр?
Соны iздеп, елдi ақтардым,
ақтардым қалың томдарды.
Темiрқазықты таппадым,
шаң басқан жадта жол қалды.
Кеттi ақыр шырқап алысқа ой,
Фирдоуси, Гомер… кiм қапты?
Тургенев, Бунин, Толстой
көрiндi болып бiржақты.
Жасанды сынды Шекспир,
Толстой қылған тас-талқан,
берердей билiк оқыс Лир
бар ма екен себеп — басты арқан?
Онан соң шолдым Шығысты,
Саади, Хәййәм, Хафиздар…
егерде жаңа күрiштi,
жыртылған сынды атыз дәл.
Келдi оны жыртқым жаңадан,
тұтпадым бәрiн қанағат.
Таңғалып жүрген көп адам
мықтының бәрiн жағалап,
оқыдым, бiлдiм, зерттедiм,
әр түрлi қисын қажытты.
Таба алған жолым жоқ менiң,
таппадым Темiрқазықты.
Ақыры… Пушкин мен Чехов
дегендей шалғын жазық көп,
жүретiн жолды көрсетiп,
көрiндi Темiрқазық боп.
Сол екен, өстiм, өзгердiм,
көрiндi ашық атырап.
Ортасы олар безбеннiң,
тең түсiп тұрған екi жақ,
жина, деп, шашық бөлшектi,
айтпа, деп, ашық қуға сын,
жұлдызша жанып көрсеттi,
жүретiн жолдың турасын.
Сақтады ол не бiр қауiптен,
сақтады не бiр құрдымнан.
Келемiн жолды тауып мен,
арылып көзiм бұлдырдан.
Батыс пен Шығыс, Оңтүстiк
арбаса, бар, деп, не жақсы,
қайда, деп, сонда Солтүстiк,
қайда, деп, Жетi қарақшы,
жолдарды жаман не баспай,
жат жұрттан алмай азықты,
келемiн әлi адаспай,
табам да Темiрқазықты.
Күн, Жердiң, қоям кейде ойлап,
не етем, деп, жолы өзгерсе?
Онда ойран ғалам болмай ма,
ел оған не етед кез келсе?
Оңбайды оған күлгендер,
табиғат демес, қажыдым.
Мәңгi айнал ұлы Күн мен Жер,
тұр мәңгi Темiрқазығым!
1965 жыл