Ойпырмай‚ мынау күндерiң…

Ойпырмай‚ мынау күндерiң
омырауынан қан атқылап‚
барады жүйткiп тұлпарша
қоңырауын қатты қаққылап.
Баяғы шабыс бiр шабыс!
Жан терi шыға шапқылап‚
зымырайды торқа топырақтан
iлезде жасап ақ құмақ.
Барады ол қажығасына
бүткiл арманды бөктерiп.
Барады төбе тозаңын
бiр төбелерге жеткерiп.
Көз қадап соған кей кезде‚
батамын запыран ойларға.
Жатамын жоқтап уақытты
жоғалған дырду тойларда.
Жатамын жоқтап у себер
жазылмас ағат жараға
жастық шағымды тығылып‚
қап қойған шарапханада.
Жатамын жоқтап сөзбенен
салғыласқан сан майданды‚
ойларды тұздай қыжылдатқан‚
қаршыға қанат айларды.
Жатамын жоқтап сәттердi
КазГуд-дың iшiн дүрiлдеткен‚
шақтарды жосқан шайқалып‚
уақтарды алға бұрын кеткен.
Жатамын жоқтап алғаусыз
айтылған бала сөздердi‚
қосауыз мылтық аузындай
қадалған қара көздердi.
Не пайда‚ бәрiн солардың
қоя ма уақыт қақшымай?
Мен жүрмiн кәзiр жортақтап
жындары қашқан бақсыдай.
Айналама кейде үңiлсем‚
бәндәны көрем пәтуасыз.
Сүрнiгiп бәрi жүредi
қалғандай болып қақырасыз.
Амалын тапса‚ биiктеу
мiнiп-ақ алмақ мiнберге‚
жыландай жылжып жанаспақ
қол жете бермес бiр белге.
Ыржиып қарап бетiңе‚
сөйлегенде кеп күлiп ұрын‚
қос қалтасында сақтайды
қан сасыған жұдырығын.
Күндердiң күнi болғанда‚
баурыңды қалсаң жаза алмай‚
жалт етiп шыға келедi-ау
қайраңнан қашқан сазандай.
Осыларды көрiп‚ аңсаймын
баяғы аңқау шақтарды.
Санаймын түскен сорымнан
шаштарымдағы ақ талды.
Әрине‚ мiнер мойынға
күнәларым да жоқ емес.
Майданында ойдың масайрап‚
жасамақ болдым төбелес.
Ертерек шығып мiнберге‚
айтпақшыландым бiрдеме.
Ақылым аз-ды‚ барымды
шашыпты өлең‚ сұм неме!
Ендi мен қалдым есейiп‚
ақылым басқа оралды.
Алыста жүрiп байқаймын
аяқтан қағар томарды.
өмiр дегенiң осы ғой
кәләндарларым жерiнген.
Әу баста көздi сиқырлап‚
маған да арманың көрiнген.
Бүгiнде дағы жетектеп
келе жатыр-ау сол арман.
Ордалы жылан сықылды
ұшырасады сансыз жол алдан.
Қайсысына соның түсем деп
мағынасыз маза таппаймын.
Белсенiп белдi шешуге‚
расымды айтсам батпаймын.
қой‚ ендi құрысын барлығы‚
балаң шағыма жетейiн.
Ақылды мынау тiрлiктен
ақымақ болып-ақ өтейiн…
 

1966 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *