Еркiндiк жоқ. Жоқ ешкiмнiң таласы…

Еркiндiк жоқ. Жоқ ешкiмнiң таласы‚
неден еркiн адамизат баласы?
Бұ дүнияға келу мына көркiңде
емес сенiң еш уақта еркiңде.
Алғаш рет тәй-тәй қадам басқаның‚
мектеп барып‚ алғаш дәптер ашқаның —
бәрi ерiксiз. Еш әлтiң жоқ бармасқа‚
бармай қалсаң‚ жамалады сор басқа.
Көрiп тұрып қиянатын бiреудiң‚
таба алмайсың жөнiн сөзбен iреудiң.
Жоқ болса егер бiр дөкейдiң сауаты‚
табылмайды оны емдерлiк дауа аты.
Билiк құрса даналарға бiр надан‚
ол ма сөзiн озықтардың тыңдаған?
Сынамақ боп‚ оны ойласаң шақпақты‚
ауызыңа қояды кеп қақпақты!
Содан кейiн көре қойшы еркiндеп‚ —
аяғыңды ол көктен бiр-ақ келтiрмек!
Сен боласың жұрт көзiне дау қуған‚
не нәпақаң кетедi аулақ аузыңнан.
Ой да құлаш ұрмайды ендi айдында‚
кемдiк көрiп‚ қалыңдайды қайғың да.
Еркiн емес ендi жасар қимылың‚ —
қайт қылмайсың сен бастықтың бұйрығын.
О кiм өзi? Түрi‚ түсiн бiлмейсiң‚
оңашада өзiңдi өзiң жүндейсiң.
Мұндай қылып бiреу‚ сiрә‚ қорлап па?
қайда барсаң‚ алдыңда тұр тор қақпа!
Еркiндiк жоқ — соның өзi еркiндiк.
Ерiксiздiк бар деп талай желпiндiк.
Шын еркiндiк бола қалса үйтер ме ек?
Тор болмаса‚ адам неге сүйкенбек?
Еркiндiк пен ерiксiздiк — таразы‚
адам болмақ оған мәңгi наразы.
Ерiксiздiк соны бәндә соры ма?
…Мен қуанам еркiндiктiң жоғына.
 

1966 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *