Бұл өмiрдi сүйем дейдi бiреулер‚
мен ондайды дайындалам iреуге.
Сүйетiнiн айтқан кiсi айқайлап‚
шын сүйерде сыртын берiп‚ қайқаймақ.
Сүйген кiсi ормайды орақ тiлменен‚
шын махаббат оның тiлiн күрмеген.
Шоқтай жайнап жатқан бiр ой көздегi
сездiредi сан мағынаны сөздегi.
Содан шыққан ұшқын отқа ұласпақ‚
ондай сүю шын ардақты‚ шын асқақ.
Ал айғайың…
мен оныңа сене алман‚
бiрақ соның шыға беред неге алдан?
Адам әлде айту үшiн өтiрiк
алты алашты алдайды ма көпiрiп?
Бұл өмiрдi сүйем деген немене?
Сүймей қойса‚ сонда байғұс өле ме?
Өлу бiрақ жоқ бiрiнiң ойында‚
жортпақ қайта тығып тасын қойынға.
Ал мен болсам бiрге жүрмей көппенен‚
бұл өмiрдi жақсы көрiп‚ жек көрем.
Тiршiлiктi сонда жақсы көрерiм‚ —
ол өркенiм‚ менiң өсiп-өнерiм.
Жек көрерiм‚ — уақыт ағып аялсыз‚
бүгiнгiнiң болмақ бәрi баянсыз.
Сондықтан да қу тiрлiктi сүйе алман‚
сүю сөзi жаратылған қиялдан.
Кейбiреулер басқанменен күңкiлге,
мағынасы оның өзгермекшi бұл күнде.
Өмiр — өзiң. Өзiң — өмiр. Бiлдiң бе?
Сонда өзiңдi өзiң сүю… мүмкiн бе?
Оны ойламай ойсыз баспақ зiркiлге.
Не дауа бар заман дейтiн шiркiнге?!
1966 жыл