Жетем деп жампоз арманға…

Жетем деп жампоз арманға
жайсаңдар жолда шаршады.
Жадаулау мынау жалғанда
салқа жортқандар қанша әлi?
 

Қай уақта тағдыр түс қылмақ‚
қай уақта болмақ аңсары?
Сондайда саған мысқылдап
қарайтын қулар қанша әлi?!
 

Өзiнше ол сырттай мықтымсып‚
өзгенiң түртiп шабына‚
таласад тарпаң жұртқа ұрсып‚
тарланның мiнер тағына.
 

Таласып қана қоймайды-ау‚
тартысып‚ тарпып жортады.
Жуасты жүндеп ойнайды-ау‚
жуаннан жаман қорқады.
 

Айбары мықты бетiнiң‚
бетперде қолдан жасаса.
Тасиды өсек нөпiрiн
ызыңдап сары масаша.
 

Ебi де өзiнiң орасан‚
еңкеймей қойсаң сорыңа‚
етпеттен салар‚ қаласаң‚
керпiш боп жатып ап жолыңа.
 

Өткенменен де сан дөңсең‚
ешқандай оған үкiм жоқ.
құрмалас сөйлем болсаң сен‚
алдыңнан шығар үтiр боп.
 

Үйткенi ол — жаудың жолбарысы‚
жалпақтап жүрген мал шығындап.
Бiреуге бүгiн ол — қамшы‚
бiреудi ол ертең қамшы қылмақ.
 

Менiңше‚ олар әлi де
талаймен болмақ табақтас.
Болашақтардың дәмi де
сыбағасын оның жоғалтпас.?
 

Әзiрге ондай қасқаңды
жоймайсың‚ құрымай далбай дау.
Ертеңгi науша жастарды
тағы да бәрi алдайды-ау?!
 

Сондықтан шығар‚ тереңде
бақылап жұрттың жортағын‚
болашаққа қатты сенем де‚
болашақтан қатты қорқамын…
 

1966 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *