Есiңде ме, аға, далаға
кетушi ең түнде ертiп те.
қарайса алдан бағана,
қалушы ем қорқып мен тiпте.
Ақырын ай да шығатын,
қазбауыр бұлтты талақ қып.
Сонда бiр әз нұр тұратын,
көзiңе сенiң қарап тiк.
Жатушы едi-ау темiр жол,
сұлудай қаса керiлiп.
Қалушы едi-ау менiң де өр
кеулiм бiр сырға көмiлiп.
Бiр уағы түннiң. Балғаны ап,
жатқанда қонып көңiлге ой:
— Келдi ме ұйқың? Ал, балам,
қайтайық! — дейтiн едiң ғой!
Қайтушы едiк-ау сонда бiз,
кiшкене панар жылтылдап,
салақтап күрек, балғамыз,
даладан түнгi сыр тыңдап…
Өттi ғой ол кез. Сен ендi
үн-түнсiз жатсың қабiрде.
Ұлыңа кеттiң өлеңдi,
дүнияны тастап… бәрiн де.
Бұ күндi жаным бiлген бе,
көзiмдi көмдi жар құлап.
Баяғыдай айлы түндерде
өтедi пойыз салдырлап.
Составтар жүйрiк әлi аз ба, —
ағады заулап жасылдай.
Дөңгелек үнi қағазға
тырсылдап тамған жасымдай.
Бәрi де бүгiн орнында,
дала, ай, мен де… керексе.
Тiрлiктен мынау тоңдың ба, —
сен ғана жоқсың ерекше…
Отырмын жылап мен үнсiз,
өзiңнен күдер үзбеймiн.
Өтсе де күнiм кеуiлсiз,
өңiңдi жылы iздеймiн.
Iздеймiн әлi, жан аға,
досыма бiр сыр айтылса.
Iздеймiн әлi, жан аға,
баяғыша толық ай туса.
Iздеймiн ендi кәйтермiн,
күрсiнбей ғана қалшы, аға.
Тек баяғыша түндер-ай керiм
өмiрде әлi қаншама?!
10.09.1967