Жасаңдау мынау жалғанда қызықтан бiлмей басқасын,
жабырқап тiпте көрмеген қағылез қанат жас лашын,
тамыздың талай сап-салқын сал түндерiне тамсанып,
дәлудiң долы боранын құшаған жая қарсы алып,
көктемнiң кербез кештерiн қалықтап жүрiп өткерiп,
сарғайып күткен сары таңды, ұйқысын түнгi төрт бөлiп,
жүр едi… Бiрде бәлекет қапияда кеп ұшырасты,
торғайлар еткен топастық топшыдан қағып, сұсы басты.
Бiлмейдi ендi не етерiн, бiлмейдi қалай құтыларын,
кешегi жалын жайсаңға дағдырдың қара шытынауын!
Бақайға мынау жабысып, түнерген тiлсiз қандыауыз
жiбермес жуық арада жәһилден бетер жалмауыз.
Бұлқынып едi, қасарып, қабарси түстi серiппе,
жұлқынып едi, мазақтап шырылға басты шегiртке.
Торғайлар дағы той жасап, дарақы, дәмсiз ән салды,
қарақұс байғұс қалбаңдап, қалтылдап әзер жер шалды.
Бiрқазан кеттi жөнiне, көкқұтан тайды көлiне,
балпақтар қылт-қылт еттi де, сүңгiдi суық көрiне.
Барлығы қашты. Бiреуi қайрылып тiпте соқпады-ау,
осымен ендi бiтпек пе, жанында, сiрә, жоқ па алау?
Апырмау, алып қуаты опа берместей қашқан ба?
Апырмау, жампоз ақ жанын қайырымсыз найза шанышқан ба?
Апырмау, бастан кешегi бақыты бұла көшкен бе,
апырмау, аспан ағласы бiлмей ме ендi не iстерге?
Қой, болмас мұным, кәнеки, бұлқынып тағы көрейiн,
ұктылып барып, оймақтай қанымды жерге төгейiн.
Төгейiн дағы, теңкиiп терiскей қарап жатайын,
жатайын дағы, қайырымсыз жандарды кекпен атайын,
дедi де, лашын бiр күшпен ғаламаттай боп тартты алға,
азулы жауын жiбермей, қасара түстi қақпан да.
Құлады ол қайта, пәрменмен өзеурей келiп ұмтылды,
өзегi қатты өртенiп, мың құлап барып, мың тұрды.
Сол мезет көктен шәулiнiң лашынды көрiп соққаны-ай,
сұмдықты сезiп бұлттар мен жасырына қалды көктегi Ай.
Маңай да үркiп, марғаусып, бiр сәтке ғана тiл кестi,
мазасын алған атырабтың бимаза даусы қырда өштi.
Кенеттен бiр үн саңқ еттi:
— Уа, жабырқау, жасық ұл,
есiңде болсын, аяққа қақпанның түскен басы бұл!
құтылсаң бұдан, тұзақтың тоқсаны күтiп тұр алда,
тоқсанын талқан етпеген, тәйiрi, тарғақ қыран ба?
Мына сөз лашын қасқаның ақ жанын кеттi пәршалап,
марғасқа құстың алдында дәрменсiздiгiн ар санап,
қуатты күшпен қайтадан қап-қара көкке атылды,
ғаламат қанат сусылдап, ауаның көлiн сапырды.
Сапырды дағы, шырқаудан зымырап барып жарқ еттi,
еркiндiк алған жанарда лағылдай тамшы жалт еттi…
Ал жерде жатыр сұм қақпан қайтадан құпия тың тыңлап,
еншiсiне оның тигенi — боялған қанға бiр тырнақ.
25.03.1967