Құрдас-ау, құйшы шарапты…

Құрдас-ау, құйшы шарапты‚
қалайық тағы бiр iшiп.
Жазайық қатқан қабақты‚
арқаны да жатқан құрысып.
 

Үйтпесек‚ сiрә‚ болар ма‚
өтедi-ау зырғып құс өмiр.
Жүргенше ез боп‚ онан да
жарылқап жанды‚ iше бiл.
 

Осы күн көзден бiр ұшып‚
кетермiн ертең ауылға‚
кетермiн жұртқа сiңiсiп‚
арманды сабап бауырға.
 

Көрiнбей абзал iсiм де‚
шалғайға шауып барармын.
Даңғаза шудың iшiнде
ұмытылып‚ бәлкiм‚ қалармын.
 

Дегенмен шандоз бақтарға
жанымды сыйлап жүдеген‚
кетермiн келмес жаққа анда‚
артыма тастап бiр өлең.
 

Кетермiн‚ бәлкiм‚ өнерден‚
арманда кеткен басқадай‚
шарапты iшу дегеннен
артыма түк те тастамай.
 

Со кезде менi ұмытып‚
сырыңды iшке бүгiп сен‚
жаныңды даңқпен жылытып‚
стаканға қолды жүгiртсең‚
 

түсермiн‚ бәлкiм‚ жадыңа‚
өте деп жүрген жол хақын.
Айтарсың сонда жарыңа‚
өткен деп сондай сорлы ахун.
 

Бар сырым осы‚ iркем бе‚
құрыса да кеуiл орманы‚
кейiннен менi бiр пенде
есiркеп жүрсе болғаны.
 

Құрдас-ау, құйшы шарапты‚
қалайық тағы бiр iшiп.
Жазайық қатқан қабақты‚
арқаны да жатқан құрысып.
 

25.09.1967

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *