Гитаршы жiгiт, кәнеки,
күңiрентшi “Керуендердi”!
Күмiс күлкiңдi және тый,
әкелшi өлi белдердi!
Сыңғыр да сыңғыр сыбызғылы үн
сыңсиды жасы бұршақтап.
Керуен күндер ырыздығын
құба құм, бәлкiм, тұр сақтап?
Жосыла жортқан жұрт мынау…
Шақырады екен қай өлке?
Лағыл көздерiн сүрттi ме-ау,
алаулап жанған Ай ерке?
Болмаса бала ботасы
бозғылт белдерде адасып,
қақырап шерден жотасы,
қайғыра ма iнген жаны ашып?
Немене ақ нұр күлiп өпкен
ботаның нала-назы ма?
Түпкiрiн түннiң күңiренткен
қоңыраудың сыңғыр сазы ма?
Бәлкiм, ол көзден тостаған
төгiлгенде ақық тамшылар,
киелi кеуде қоштаған
шемендi, шерлi зар шығар?
Бәлкiм, ол өшкен мекенi,
болжамас алғы жолды да,
еңiреген кезде етегi
жас болған әлде сорлы ма?
Бiлмеймiн, қатал қамшы ұрды,
отырмын өксiп сезiммен,
көңiлiм жаман жаншылды,
боздап бара атқандай Бозiнген.
Сыңсыды-ау саздар тағы да,
сарғайып қапты төңiрегiм.
Келгендей жетiп жаныма
күмбiрлi күндер — керуенiм.
Әнеки, бәрi қарайлап,
барады тартып iлгерi.
Шертедi күйiн абайлап,
кеудемнiң бозiнгендерi,
Көрiнбей кетсе кенеттен
әлгiлер жолда ноташа,
көзiмнен жасым шелектеп,
күңiренер ме екем боташа?
Кiм бiлген, сiрә, жеңiл ме,
қасiретiңе бүкiл күлгенде ел?
Әлi де көп қой өмiрде
аңырап жүрген iнгендер.
Гитаршы жiгiт, кәнеки,
келтiршi керiм саз нәшiн.
Шертшi тез жайсаң жаңа күй,
көңiлдер шоқ боп маздасын!
1967 жыл