Әппақ ең‚ әдемi едiң аруанаша…

Әппақ ең‚ әдемi едiң аруанаша…
Не етем деп сұмырай соны саудаласа‚
ернiңдi найзағайдың отты iзiндей
көре сап‚ құлдық ұрғам пәруанаша.
 

Iзiнше жанды жайқап күй тамаша‚
таңырқап төсiңдегi миуаға аса‚
көркiңдi күмiс шалған ақша бұлттай
көре сап‚ құлдық қылғам диуанаша.
 

Ол аздай‚ келеңсiзге кетер ме есе‚
лебiзiң болар ма екен шекер десе‚
шашыңды гүл шығарған құртқашаштай
көре сап‚ құлдық ұрғам әпендеше.
 

Ақыры соның бәрi болды қарап‚
тастаған тәрiздiсiң сен дуалап.
Бiр жақта қалып сөзге жаланған тiл‚
бiр жақта дара шабар домбыра қап‚
 

найзағай нас сөз атып шатырлады‚
ақша бұлт сұп-сұр болып жақындады.
Құртқашаш құлай бердi гүл ұшырып…
Бұл‚ сiрә‚ бар бақыттың қапылғаны.
 

Жақсы едi-ау диуаналық‚ пәруаналық‚
жақсы едi-ау әпәндәлiк‚ арман арық.
Дүния-ай‚ сол бiр жындар қойды келмей‚
кеткесiн не бiр қасиет таңғаларлық…
 

1968 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *