Шынашақтай, көрдiң бе, бар ұсқынын,
болмаса егер бұрыннан таныстығың,
танымайсың келгендей көйлек киiп,
тағып алып керемет галстугiн.
Жұрт шошиды ол салар қиғылықтан,
мас болғанда ол, қалады ұйлығып маң.
Шашын тарап, тауласа шолақ мұртын,
айнымайды атақты Симоновтан.
Тiл қатпайды түнерiп бөгделерге,
тиiседi парықсыз пенделерге.
Үш қабатын Одақтың шарлап шықса,
тығылады қыз-қырқын бөлмелерге.
Түрi бөлек, дей қалсаң iшкен едi,
сау адамдай дегенi, iстегенi.
Кей кездерi қоразша жер тырнаған,
әлдекiмге сыртынан тiстенедi.
Ақыл айту? Ықылас жоқ оған онша,
сықылықтап күледi балаларша.
Әбдiлдәнi көргенде үндемейдi,
басқаларды боқтайды, көре қалса.
Кiм жүредi қылыққа шыдап мұндай,
сынаса да, жүр кәзiр бiрақ қыңбай.
Халтөршiктiң қарасын көре қалса,
қалшылдайды ол от алған трактордай.
Кежiлдесiп онымен болады да,
бас қояды шетелдiң шарабына.
Ол жазады кеулiне келген сөздi
сигаретке, шырпының қорабына.
Бұ кiм өзi? Би, бағлан, асыл ер ме?
Асырғысы бар ма әлдә бәсiн елге?
Нағылса да бiздiң жұрт даңқ шығарғыш,
сауымен де, осындай масымен де.
Маскүнем деп шайырды бұрындары
жоқ болатын жiмләның ұғынғаны.
Сау боп тұрмай, сау сөздi қалай айтпақ,
қайда қашқан шындықтың шырын дәмi?
Әлдә шарап шайырдың бұйырмысы,
болмақ неге жазушы қиын кiсi?
Осы жолға түсем деп талай өштi,
келсе де одан, күш жетпей, тыйылғысы.
Ойлап соны, қағазға үңiлемiн,
деймiн кейде: сен соның бiрi ме едiң?
Фирдоуси мен Хафизға қарап алып,
жөн сөзiне дананың жүгiнемiн…
1968 жыл