Қалса дағы қабағы тас түнерiп…

Қалса дағы қабағы тас түнерiп,
жүрушi едiм мен оны жақсы көрiп.
Ендi, мiне, ес енбес есiрiгiң
тiлiн маған сүйкедi бақсы болып.
 

Оған мен де сүйкенбей әзер қалдым,
бұрқырадым, iшiмнен азарландым.
Жақсы кеулiм жаныма жат боп қайтып,
суық сорған қауындай жазамды алдым.
 

Әрине, есе қайыру керек едi,
маған бiрақ ол шiркiн не бередi?
Сонда басын көтерген құрғақ ақыл
кеуiлiмнiң маңдайын төбеледi.
 

Сенсiң, дедi ол, кезiнде даурықпадың,
шындық үшiн шадырдан сәл бұқпадың.
Таспен ұрмай, жүргенде аспен ұрып,
бұ тiрлiкте бұлдардай бар ма ұққаның?
 

Кеуiл сонда бердi ерiк көз жасыма,
құлақ түрдiм өкпенiң боздасына.
Жаттым жаңғыз жай соққан дарақтай боп,
дақ түскендей азбасым, тозбасыма.
 

Сонда сабыр сыр шерттi: дүрлерге арман
болған бұл да, олар да мүлде алданған.
Жақсылыққа жамандық — әр кез жайыз,
жақсылыққа — жақсылық… кiмнен қалған?
 

Қуат бердi бойыма сол ақыры,
рас, дедiм, мұндайдың болатыны.
Қотыр тiлге қынжылған жөн бе, дедiм,
көрiп жүрiп не қисық, дарақыны.
 

Ең бастысы — болғаны бүтiншiлiк,
шабдал болып шыға ма мықыр шiлiк?
Тiл кесу мен тiл тарту жоқтығына
ет iшiңнен шамданбай шүкiршiлiк.
 

Бұ да дұрыс. Мұнда жөн тұнып тұр-ау,
жамауды тек жандағы ұмыттым-ау.
Қырық тесiлген кеудемдi кәйтсем екен,
кәйтсем екен кеудемдi қырық құрау?
 

29.03.1968

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *