Мен мынау өмiрде үш рет туылдым,
үш рет туылдым, белiмдi буындым.
Үш рет далаға айқайлап жүгiрдiм,
үш рет пәнидiң құдiретiн ұғындым.
Бiрiншi туылдым асыл жан анамнан,
кеуiлi қуаттан, шұғладан жаралған.
Сол ерек қасиеттен бiр қуат алдым да,
ұмтылдым асуға қасқайған қамалдан.
Екiншi туылдым кер көктем келгенде,
қып-қызыл қызғалдақ өскенде белдерде,
тозғанда тымырсық қатыбас тоң көлде,
бөлмеме пiрлi өлең именбей енгенде.
Үшiншi туылдым… жоқ, оған жеткем жоқ,
үйткенi бұ фәни жалғаннан өткем жоқ,
Ақыры өтермiз, жылаумен кетермiз
тiрлiкте алысып, ақымақпен көк тер боп.
Мен, бәлкiм, сонан соң қайтадан гүл ашып,
жатармын дарияша жырақпен ұласып.
Болмаса қираған белдiгi арбаша
қалармын жете алмай… бiрнеше қыр асып.
Осындай үмiтпен, досымдай өлеңмен
ойлардың маржанын терсем деп тереңнен,
үшiншi туылар мезгiлге — көмбеге
асығып, шашылып, жүгiрiп келем мен…
1968 жыл