Құдай шiркiн де шебер-ау…

Құдай шiркiн де шебер-ау,
қапияда қас қып құлатты.
Жанымда бүгiн жоқ алау,
көздегi кәйтем сынапты?
 

Кәйтемiн мынау шаш жайып,
күрсiнген кербез жарымды?
Өзiмде жатыр басты айып,
өзгертiп алдым әнiмдi.
 

Бұрынғы бақыт жоғалған,
бұрынғы бақыт жоқ қолда.
Жол тауып шықпай бораннан,
айналып кеттiм көкпарға.
 

Бiреудiң содыр сойылы
сарт ете түстi аямай.
Сұмдардың сасық ойыны
жанышты, таптап, маядай.
 

Ендi мен сынық пендемiн,
еңiретер есте арман көп.
Тоқудан жырдың өрмегiн
тамаша, қызық қалған жоқ.
 

Кеуденi қайғы сөгiлтiп,
көтердi қатыгез шәңгектi.
Қап-қара шашын төгiлтiп,
қайрылмай қатал жар кеттi.
 

Апырмау, қайта ол оралар ма,
отырар ма тағы қасымда, ай?!
Сағыммен әлде жоғалар ма,
сусып кеп түскен жасымдай?
 

Қайтадан оның ақ төсiн
кеудеме басып тұрар ма ем!
Сезiмнiң сылқым пәк көшiн
жетелеп, аулақ шығар ма ем!
 

Дәриғай, ол шақ ендi алыс
дүркiреп көше жөнелдi.
Жаралы мен де жолбарыс,
оқ тиген құлан мен ендi.
 

Барады, әне, ол қайрылып,
бұрылар ма екен бiр рет?
Кетпекпiз қалай айрылып,
қайдасың, қайран, құдiрет?
 

Қисық боп шықты дүзiгiм,
келмедi шын саз құлаққа.
У болып шықты қызығым,
жат жаннан көрген жырақта.
 

Түңiлдiм соның бәрiнен,
шошыдым жейтiн қайғыдан.
Қаймықтым дағдыр кәiрiнен,
асылдан қалай айрылам?
 

Әнеки, әне, ол бұрылды,
күлгендей болды кештетiп.
Ақымақ боп шайыр жүгiрдi,
аласапыранда есi кетiп.
 

Баяғы бақыт сол шақта
жалтылдап келiп жұбатты.
Көзiмдi көмiп моншаққа,
жанымды бор ғып жылатты…
 

12.07.1969

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *