Уа‚ қайран ботагөздер‚
уа‚ қайран ботагөздер!
Мен еткен тентектiктi‚
барлығың кешiңдер де‚
жандарыңмен
болашақтың бағына көшiңдер де‚
бүгiнгiден биiктеп өсiңдер де‚
қараңдаршы зырлаған заманаға‚
қараңдаршы тiрлiкке сала-сала‚
қараңдаршы қоңыраулы керуен күнге
қосшы болған тамам қыз‚ тамам аға!
Қараңдаршы жанымен пайғамбардың‚
қараңдаршы мағынасыз сайранға әр күн‚
сол уақта ұғынып бұл пәнидi‚
сол уақта келедi қайран қалғың.
Сол уақта бiлместер кiсi үлесiн‚
мейлi сенi бiреудiң құсы десiн‚
сен бәрi бiр… пақыр ой пенделердiң
жеп жатқанын бiр бiрiн түсiнесiң.
Түсiнесiң де жiтiлеп жан-жағыңды‚
төгесiң кеп шараңнан маржаныңды‚
төгесiң де өзiмдi есiңе алып‚
тап басасың ойымды… ақ жанымды.
Түсiнесiң ақымақты жорта құшып‚
шайпырлықтан шарапты шалқақ iшiп‚
түсiнесiң керазу қырттарменен
жүргенiмдi жампозша арпалысып.
Түсiнесiң жалғанның қырсықтарын‚
дана мiнер тақтарға кiм шыққанын.
Түсiнесiң тымырсық топастардың
көтерерiн‚ бақ тайса‚ тұмсықтарын.
Түсiнесiң шайырдың бала шағын‚
талайларға тыңлатқан тамаша әнiн.
Түсiнесiң кейбiреудiң қайын алып‚
тарландардың тағына таласарын.
Түсiнесiң торларды жайпап өтiп‚
назбедеудiң жүрмесiн байқақ етiп.
Түсiнесiң сырыңа қаныққасын‚
талайлардың кетерiн қайқаң етiп.
Түсiнесiң мәңгүрттер мазағына‚
мойнындағы мықтының азабына‚
түсiнесiң… түсiнiп‚ жылайсың сен
тымырсыған тағдырдың ғажабына.
Мiне‚ осындай жолдармен мен келемiн‚
маң толқындар iшiнде тербелемiн‚
маңғаз-маңғаз таулардан аттап өтiп‚
марқайғасын шып-шымыр шерлi өлеңiм‚
мықтылықты әзiрге таныта алмай‚
мамырлаған көлдердi шабыт арбай‚
уақтысында қайнарды ағытардай‚
күбiрлейдi iшiнен жағы талмай.
Бiр кездерi… әйтеуiр‚ бiр кездерi
көтерiлер кеулiмнiң күмбездерi.
Көтерiлер де‚ мәңгiлiк ұстап қалар
көкiрегiмдi керiмсал жыр безгегi.
Мен осыған сенемiн жанымменен‚
мен осыған дайынмын барымменен.
Мен осыған жеткенше айдау жолда
жырлай берем сарнақсыз сал үнменен.
Мен әр кезде ешкiмге жағынбаймын‚
мықтыларға бас иiп сабылмаймын.
Жәнә дағы қоқайбас қайын iздеп‚
жезөкшелер желiне табынбаймын.
Ұғыңдаршы мұнымды‚ бозагөздер‚
ұғыңдаршы мұңымды‚ ботагөздер‚
қарғамаңдар қайрылмай кеткенiмдi‚
қарғамаңдар жырымды‚ ботагөздер!
Алғаным бар өзiмнiң некелесiп‚
соны көрсем‚ кеуiлiм кетедi өсiп.
Онан артық бақыттың жоқ қажеті‚
жұрт жүрсе де құбыла‚ Меке десiп.
Ұғыңдаршы мұнымды‚ ботагөздер‚
ұшырасса да алдымнан қапа кездер‚
ұшырасса да нақұрыс нәһан ездер‚
бұрыла алман жолымнан‚ ботагөздер‚
айналайын арулар‚ ботагөздер‚
мен көрмеген сағымдар — ботагөздер‚
арпалыста артық сөз айтып қойсам‚
ауыр алма‚ жалындар — ботагөздер‚
ботагөздер‚ боздақтың шалғайынан
ұстамаған, хабарсыз мән-жайымнан,
жарап жатыр киелi алақанмен
жырларымның сипасаң маңдайынан.
Сосын сынап қарағай аласатта —
кеудесiне ол шiркiн жара сап па?
Жара болса‚ сипа да саусағыңмен‚
жол көрсетiп жiбергей болашаққа!
Сонда саған жаныммен ырза болам‚
базар қылып барыммен‚ ырза болам‚
мен сендердi әлi де қызғана алам‚
жас кезiмде құмарта көз қадаған‚
уа‚ бұлбұл ботагөздер‚
уа‚ дүлдүл ботагөздер‚
уа‚ құрғыр ботагөздер!
18.05.1969
Қармақшы