Отырмын, түн бүркеген қала бағын…

Отырмын, түн бүркеген қала бағын,
жырлайды жәйiменен самал әнiн.
Селт етпей барша ғалам тыңдай қапты,
ырғағын зырылдаған замананың.
 

Жұлдыздар жыпыр-жыпыр жанады үстен,
алтын нұр сау-сау етiп қалады үстен.
Алматы жаңа ғана көзiн iлдi,
арудай ұйқыдағы шараб iшкен.
 

Бұлттарды айдынының қаймағы ғып,
көк аспан көз тастайды майда күлiп.
Ару Ай екi бетiн опалайды,
ақ қарын Алатаудың айна қылып.
 

Отырмын, әндi үзбеймiн, сырды үзбеймiн,
жылытқан жас жанымды нұрды iздеймiн.
Түн бойы тыным таппай, қыяндардан
жақұттай жылтыраған жырды iздеймiн.
 

Осылай арманға деп жетем, жетем,
ақбозды астымдағы тепеңдетем.
Қайнарды көкiрегiмде тұнып жатқан
мен, бәлкiм, бұрқылдатпай-ақ өтер ме екем?
 

Кiм бiлген? Арманымның пәлегi бой
түзесе деген iзгi бар едi де ой.
Мен бәрi бiр жазбасам да бақыттымын,
асылды қозғамаған әдемi ғой.
 

1969 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *