Ертеңгi бiр дүрмектiң бастауындай…

Ертеңгi бiр дүрмектiң бастауындай
тып-тымық болады екен кеш те мұндай?!
Ақша бұлт тұр байланып бiр орнында
iшiне жел үрлеген жас қарындай.
 

Бұтағы талдың құдды бiлек талған‚
жапырақ сол бiлекке сыр ақтарған.
Алматы ажарына Күн сұқтанып‚
қос қолын көкжиекке тiреп қалған.
 

Шыңдар тұр одан әрi жоталанып‚
ұқсайды шаш — шыршасы қопаға анық.
Түртiнген көк емшегiн шоқы бетiн
әрлейдi сарғыш сәуле опа жағып.
 

Ал сыртта жасыл жүзге рең кiрiп‚
керiлген кiлең газон — кiлем күлiп.
Танауы таксилердiң таңырайған‚
дем жетпей‚ автобустар тұр ентiгiп.
 

Асылған трамвай да арқандарға
самарқау‚ шын ұқсайды қары талғанға.
Көшеге кеткен шығып бүгiн халық‚
шал-кемпiр кеткен шығып балкондарға.
 

Бәрiнiң жұтқысы жоқ ауа ласын‚
кередi кербездене қала қасын.
“Боп жатыр шайтан кино!” — деп айтпасаң‚
сұқпастай үйге бүгiн бала басын.
 

Осының барлығына қарап тұрып‚
жүредi‚ деймiн‚ елдер неге аптығып?
Еменнiң бiлем-бiлем жас бұтағын
жөн бе иген кедiрелi садақ қылып?
 

Күн еркiн не болмақшы берсе түнге?
Жұрт құмар неге жөндi ерсi етуге?
Қызығып мына кешке тұрғанда мен‚
оқ сайлап тұр ма бiреу жер шетiнде?
 

Ол мүмкiн. Кемақылды‚ көп күнәсi‚
жетпейдi жас ойшылдың‚ көпке расы.
Бiлерiм‚ бар қазынасын берген бiзге
бұ жерде табиғаттың жоқ кiнәсi.
 

Өзiмiз орнататын заманақыр‚
тауда тұр‚ өз орнында‚ дала да тұр.
Бастағы билiгiңдi бiл дегендей
сырғанап Күн жиекке бара жатыр…
 

1971 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *