Пілден қашқан Фирдоуси

Жыл сайын Жаңа жылдың алдында ел дүрлігіп, желпіне жүгіріп жатқанда Мемлекеттік сыйлықты беру туралы хабар–ошардың баспасѳзде елеусіз түрде жариялана салатынын кѳрген сайын менің есіме Мәһмуд Ғәзнауи заманында болған осы бір уақиға түсе береді. Атақты «Шәһнамасын»  отыз жылдан астам уақыт бойы жазып, падшаға ұсынғанда, сарай маңындағы Мәнучихри және де басқа, бүгінгі тілмен айтқанда, «әдәби алаяқтар»  шын мәнінде сол заманда исламның қорғаны боп, әділеттілігімен дәрпі шашылып тұрған падишаны азғырып, ұлы шайырға неше түрлі жала жауып, оны пілге таптатып ѳлтіру керек деген пәрмән шығартқан еді. Содан қорыққан Фирдоуси сыйлық алмақ түгел шыбын жанын қайттап, Һиджаздың адам құлағы естімеген бір түкпіріне қарай қашқан болатын. Содан біраз уақыт ѳткен соң Гәзнәуи «Шәһнаманының» шын құны мен мән–мағынасын біліп, санын бір соғып, тѳрт түйеге алтын–күміс арттырып, кедейшіліктің тақсыретін тартып, бір үзім нанға зар боп отырған Фирдоусиге жібереді. Содан шолақ керуен Тус шәһарының бір дарбазасынан кіре берген кезде, қаланың екінші бір дарбазасынан ұлы Фирдоусидің денесін жерлеуге  шығарып бара жатады. Бұл уақиғаның рас–ѳтірігін ешкім де білмейді, бірақ мұндай жағдайдың күнделікті ѳмірде үнемі болып жататына еріксіз сенесің. Бұған мысал іздеп алысқа барудың қажеті де жоқ. мемлекетіміздің басты сыйлығының Ш.Қалдаяқов, М.Мақатаев, Т.Айбергенов, Ж. Нәжімеденовтерге о дүниялық боп кеткеннен кейін берілуінің ѳзі біздің бүгінгі қауымымызда әлі де «пілден қашатын фирдоусилердің» болатындығына, ѳнердегі ѳлермендер мен әдәби алаяқтардың әлі де салтанат құра беретіндігіне еріксіз сендіреді. Шындығына келгенде, олай болмаса ѳнердегі ѳмірдің шынайы қызығы да қалмас еді. Ѳлермендер мен алаяқтар үшін руһани ѳмір кәдімгі кѳкбазар ғана. Олар онда сауда жасайды, біреуді алдап, біреуді арбап, уақытша болса да екі жеп биге шығуды кѳздейді. Ал ал бұ кәсіп шынайы дарындардың қолынан келе бермейді, келсе де, олар мұны жасамайды. Олар халықтың руһани қазынасына қосылатын жәуһарларын кѳз майын тауысып жасап, оны жүз қырнап, мың түзеп жұртшылық алқасына ұсынам дегенше, әлгі ѳлермендер мен алаяқтар «тѳбеби», басқаша айтсақ, шенді шенеунек боп шыға келеді. Енді бар тағдыры соларға қарап қалған дарындылардың «пілден қашқан фирдоусидің» кебін киюі боқтан да оңай. Біздегі талантты кісілердің о дүниялық боп кеткеннен кейін сыйлық алып, марапатталып жатуының бірден бір себебі осы ғана. Бұ жердегі ең қиыны, сондай дарындыларға кезінде қысым кѳрсеткендердің, баспаларда отырып ап, кітәбтарын қиқалағандардың, іштаршылық жасағандардың енді кеп «бауырым», «достым» т.б. еді деп, «кѳз жасын кѳл етіп», естеліктер жазатындығы. Бір ғана мысал. «Жалын» жорналында істеген аз ғана уақытымда М.Мақатаевтың ѳлеңдерін «ішіп жүр ғой», «үйтіп жүр ғой», «бүйтіп жүр ғой» т.б. баспай қойған бір бастықтың бірде үлкен мінберден жылап тұрғанында, кѳзілдірігінің әйнегінің малмандай су боп қалғанын кѳріп, еріксіз қайран қалғанмын. Кәзір, кеңірек алғанда, осындай қолайсыз жағдай  «кѳркейіп, ѳсіп–ѳркендеп, гүлдеп, мәуелеп» отыр. Бұған жақында мемлекеттің сыйлығы туралы жарық кѳрген конкурстың материалы дәлел бола алады.

Бас–аяғы екі беттен аспайтын мәтінді оқи бастағаннан оның әуелі орысша жазылып, соңынан қазақшаға аударылғанын айқын кѳресің. Ең қиыны, қазақша мәтін нағыз, шынайы қазақша емес, мұны тәржімәлаған кісінің не орысша, не қазақша жақсы білетіндігіне күмән келтіресің. Бұ жерде ескеретін бір жәйт, бүгінгі Ресейде ресми материалдар жазылатын орыс тілінің шынайы орысша еместігі. Оны айтпағанда,  Ресейде шығатын баспасѳз бен теле–, радиоарналардың тілі де нағыз  орыс тілі емес. Бұған себеп 1 Петр заманынан бермен қарай Ресейді батыстандыру саясатының әрекеттің әсерінен, неміс, француз, ағылшын, одан әрі латын, грек т.б. шет тілдеріндегі сѳздер мен грамматикалық оралымдар күштеп енгізілген бүгінгі орыс тілін орыс халқының қарапайым мұжығы түгел, жоғары оқу орнын бітіріп, қатырма қағаз алған қулары да толық түсіне бермейді. Мұны айтпағанда, 19 ғасырда әр түрлі орыстанып кеткен халық ѳкілдері жасаған орыс әдәбиятын орыс халқының ұлт әдәбияты деуге болмайды. Ол, шын мәнісінде, «орыстілдестер жасаған орыс тіліндегі әдәбият» («русскоязычная литература») ғана. Ал бүгінгі Ресейдегі публицистика мен ғылым тілі адам түсінбейтін қоймалжың бірдеме. Оны оқып–түсіну үшін Батыс Европа тілдерінен тѳбеңнің тесік болуы шарт. Міне осындай «винегрет» тілде жазылған біздегі конкурстың материалы «қазақшаға» аударылғанда, қазақша емес, «мазақша» боп кеткен. Мысалды басынан бастап келтірейін.

1. «Әдебиет пен ѳнер саласындағы(?) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы(?) отандық(?) мәдениетті дамытуға ерекше бағалы үлес(?) деп танылған(?) әдебиет пен ѳнер саласындағы(?) аса үздік шығармалары(?) үшін беріледі.» — Осы сѳйлемді  19 ғасырдың қазағы емес, ѳзіміздің Жамбыл ақсақалға оқып берсең,  Жәкең  біздің жігіт кезімізде мәтелге айналып кеткен бір «тұшымды» сѳзін айтып (ол «тұшымды» сѳзді Жәкенің әдәби хатшысы болған, аудармашы шайыр Қ.Тоғұзақов «текесақал Калининге» қалай айтқаны туралы қызық қып айтушы еді,— Б.А.), бір боқтар еді. Біріншіден, бұл сѳйлем шынайы қазақша ойламмен құрылмаған. Фразалар мен фразалардың арасы буынқұрт ауруына ұшырағандай сықыр–сықыр етеді, логиканың заңы әбдән бұзылған, қазақ тілінің синтаксисі орыс тілінің синтаксисіне бағындырылған. Баяғы ҚазТАГ–тың қатып–семген тілі! «Әдебиет пен ѳнер саласындағы… сыйлық» деп қай қазақ айтады? «Отечественная культура» дегеннің қазақша тәржімәсы басқаша. «Ерекше бағалы үлес» деген не сѳз? «Үлес» сѳзінен кейін «қосылған» т.б. деген сѳз керек–ақ. Ал «танылған» деген сѳздің шын мағынасы бізде бұрмаланып жүр. Бір заманда миы «орысшаланып» кеткендердің «ведение», «веды» деген сѳзді осылай деп білместікпен қолданып, «әдебиеттану» т.б. деп кеткені бүгінде вирустан да жаман боп отыр. Шындығына келгенде, «веды», «ведение» деген сѳз «білу», «білім» деген мағынаны білдіреді. Ал «танудың»  мағынасы басқа. Кісі бір бірін таниды не танымайды. Бұл сѳздің бұдан басқа мағынасы жоқ. Ол ѳз алдына. Осы сѳйлемнің соңындағы «…аса үздік шығармалары үшін(кімнің?) беріледі» деген тіркес күрделі сѳйлемнің  қазақ тілінің заңдылығымен құрылмағандығын анық кѳрсетеді. Осы абзацты аяқтап тұрған «Конкурстық(?) шығармаларды қабылдау 2012 жылдың 1 ақпанына(?) дейін жүргізіледі(?)» деген сѳйлемді оқып тѳбе құйқаң шымырлайды. «Конкурсные произведения» деген тіркес орысшаның ѳзінде дұрыс емес. Мұның қазақшасы «конкурсқа, бәйгеге қатынасатын шығармалар». «2012 жылдың 1 ақпанына дейін» деген жәнә қазашқа емес. Қазақ мұны «2012 жылғы ақпан айының 1–іне дейін» дейді. Ал мына мәтін де «бірінші ақпан» боп тор. Сонда екінші, үшінші ақпан т.б. бола ма? Оны айтпағанда, «жүргізіледі» деген не сѳз? «Принимается», «производится» деген сѳздердің мағынасы мүлдем басқа. Сонда немене конкурс «жүргізілетіндей»  мәшине ме әлде қоқанарба ма?

Осы он шақты абзацтан тұратын кішкене хабарламаның келесі сѳйлемдері бұдан да «қызық».

2. «Мемлекеттік сыйлыққа(?) үміткер авторлар, олардың конкурсқа ұсынған еңбектерінің («работы»–дың калькасы —?) тізімдері (бұл сѳздің кѳпше түрі жоқ, — Б.А.) және үміткерлерді ұсынып (қайда, неге?— Б.А.)  отырған ұйымдардың аттары( «ат» сѳзінің кѳпше түрі жоқ, дұрысы — аты–жѳні болар, — Б.А.) ашық (?) жариялылық(?) түрде кеңінен талқылану(?) мақсатында республикалық(?) бұқаралық ақпарат құралдарында(?) жарияланады». — Мұндағы «сыйлыққа үміткер» емес, дұрысы — «сыйлықтан үміткер», немесе «дәмесі барлар», «дәмеленушілер». Қалған соңғы тіркес орысшадан калька, сіресіп тұр. Оны қазақшаға басқаша, «кеңейтіп» аудару қажет. «Ашық, жариялылық түрде» деген фраза ѳте орашолақ құрылған, мұның орысшасы да таза орысша емес.

3.«…Мемлекеттік(?) сыйлықты алуға(?) жұмыстарды(?)  қабылдау аяқталғанға дейін бес жылдан әрі(?) емес және(?) кемінде бір жыл бұрын кѳпшілік айналым(?) үшін орындалған(?) бір автордың немесе авторлар ұжымының жұмыстары қабылданады». —Мына сѳйлемнен не түсінуге болады? Біріншіден, «государственная премия» деген  «мемлекеттік» емес, «мемлекеттің сыйлығы». Екіншіден,  «бес жыл әрі мен бір жыл бұрын» деген тіркесті іштей орысшаға аудармасаң, түсінбейсің. Үшіншіден, «кѳпшілік айналым үшін орындалған» деген не сѳз? Немене «орындалған» ол дүние сауда айналымына түсе ме әлде ипподромда «айнала» шаба ма?

4.«Жұмыс(?) Мемлекеттік сыйлыққа бір рет қана ұсыныла(?) алады». — Мұндағы «жұмыс» орысшадағы «работаның« сѳзбе сѳз аудармасы ғана, бұл қазақша түсінікке мүлдем оғаш. Ал «ұсыну» деген етістіктің ырықсыз райы құлаққа түрпідей тиеді. Жалпы осы ырықсыз ырай да Сәбет заманында орыс тілінің ықпалымен зорлап енгізілген еді. Тәуелсіз ел болғанымызға 20 жыл толды деп далиғанымызбен, әлі де руһани жақтан тәуелсіз бола алмағанымызды мына сѳйлем тайға таңба басқандай етіп кѳрсетіп тұр! Мұның қазақшасы « кез келген автор ѳз шығармасын мемлекет сыйлығын алуға бір–ақ рет ұсына алады» ғой.  Сонда осылай деп жазсақ, жоғарыдағы шалажансар, не орысша емес, не қазақша емес «винегреттің» мағынасы ѳзгеріп кете ме?

5.«Бұрын Қазақстан Республикасы(?) сыйлықтарына ие болған(?) жұмыстар(кѳпше түрі жоқ?) Мемлекеттік сыйлық алу конкурсына(?) жіберілмейді(?). —  Бұ жерде де анық емес тұс кѳп. «Бұрын ие болған не сыйлық»? Дұрысы – «бұрын мемлекет сыйлығын алғандар» болар. «Сыйлық алу конкурсы» деген не сѳз? «Жіберлмейді» деген сѳз және теріс. Мұның қазақшасы мүлдем басқа.

6.«Тұлға(?) мемлекеттік(?) сыйлық алуға ұсынғаннан(?) кейін қайтыс болған жағдайды (?) қоспағанда(?),  Мемлекеттік сыйлық қайтыс болғаннан кейінберілмейді». —  Мұндағы «тұлға» деген сѳз «личность» деген сѳздің мағынасын бермейді. Ол «бәдән», «жисм», «дене» латынша «корпус» деген сѳз. Басқа түркі халықтары, фарсылар мұны «шахс» дейді. Мұның қазақшасы «кісі». Ең басты айтатыны, мына сѳйлемнің басқы жағын адам түсініп болмайды. Дұрысы «мемлекет сыйлығына ұсынылып жатқан кезде, уақытта кісі қайтыс болса…». Ал бұл абзацтың қалған жағының дұрысы  — «о дүниялық боп кеткен немесе қайтыс болған кісілердің шығармаларын т.б. мемлекеттің сыйлығына ұсынуға болмайды». Шынында да, кѳзі тірісінде бағасын ала алмаған суреткерлерді ѳткеннен кейін жамбарсып, дәріптеп жатудың қажеті шамалы. Оларға мың жерінен бір кѳзе алтын берсең де,  ешкім де о дүнияға хабар–ошар жеткізе алмайды. Нағыз «пілден қашқан Фирдоусидің» кебі осы емес пе?

7.«Үміткерлердің кандидатураларын(?) мемлекеттік органдардың(?) алқалары(?), шығармашылық(?) одақтар және ұжымдар ұсынады». — Мыне орысша ойланып, сѳлекет құрылған сауатсыз сѳйлемді оқып отырып, біз осы қай заманда ѳмір сүріп отырмыз деген ой келеді. Мына тәртіп социализм дәуіріне тән нәрсе. Ал бізде кәзір «жабайы капитализм». Басқаша айтсақ, «балапан басына, тұртымтай тұсынаның» заманы. Ол ѳз алдына. Неге шығарымпаздық шаруаға мемлекет мекемелерінің қатынасуы тиіс? Сонда о нағылған мекеме? Олардың әдебиет пен ѳнерге қандай қатынасы бар? Олар ѳзі бұ мәселені дұрыстап түсіне алар ма екен? Күдігім бар. Екіншіден, «одақтар мен ұжымдар» деген де  баяғы сәбет заманының жалған «коллективизм» дейтін ѳрескел бір әдетін еске түсіреді. Мысалға, Жазушылар Одағын алайық. Шындығына келгенде, кезінде Мемлекеттің сыйлығын дауыс берген кісілердің кем түскендігіне қарамастан әр түрлі құйтұрқылыққа сап, заңсыз алған, жібі түзу бір ѳлең де жазбаған, Одақтын «алтын тѳрінде» отырып, маңайына жақтастары мен «қайынжұртын» жинап алған Н.Оразалиннің бұл беделді сыйлыққа кімдердің шығармаларын ұсынуы мүмкін? Әрине, жортақшыл жағымпаздар мен әдәби алаяқтардың шатпақтарын. Ол шындықты бетіне айтқан әдәбиятшыларды сыйлыққа ұсынбақ түгел, Одақтың маңайынан да жүргізбейді. Оны айтпағанда оңған бір қарасѳзшісі не шайыры жоқ бұл Одақтың ѳзі қандай Одақ? Ѳздері әдәбиятта жоқ, түсінігі тайыз, шала, дүмбілез кісілер қандай жазушының  шығармасын таңдап алады? Бұл айтпаса да түсінікті. Ал қалған «ұжым» деген сѳз де ұйғырдың соза илеген қамырындай ұбақ–шұбақ  түсініксіз нәрсе. Жалпы әдебиет пен ѳнер саласында жарық кѳрген мойны озық дүниелерді соларды бағалай білетін, түсінетін шығарымпаздық одақтар, ұйымдар ғана ұсына алуға тиіс. Қалғанының бәрі жәй алдамшы нәрсе. Бұл ѳз алдына. Осы жерде менің бір таңғалатыным, — жекелеген жазушы, композитор, суретші т.б. кіс ілер ѳз шығармаларын сыйлық алуға неге ұсына алмайды? Ау, бүгіндері патша, ел басшысы болам деп, ѳзін ѳзі таққа ұсынып жатқандар бар емес пе? Сонда ол ѳрескел болмағанда, жеке суреткердің мемлекеттің сыйлығынан дәмеленуі неге ѳрескелдік болуға тиіс?

Ѳкінішке орай, осындай келеңсіз жағдай әдәби қауымды әбдән қажытып бітті. Бұл жағынан алғанда Жазушылар Одағы табансыздық пен жалпақшешейліктің классикалық үлгісін кѳрсетіп отыр. Мәселен, ѳткен жолы «Мың бір түннен» басқа бір кітәб та оқымаған, Европаның озық прозасының исі мұрнына да бармайтын бір шетелдік  жазушының бізде әлі де кеңінен тарамаған, жұртшылық оқымаған бір дүниесі осы сыйлыққа ұсынылды. Оны Қ.Жұмаділов бастаған бір топ «Жас қазақ» газетінде, ѳйдәй, кеп дәріптеді. Бұ жердегі бір түсініксіз нәрсе, Қытайда ѳз отбасында қамауда отырған, Қазақстанның азаматы емес кісінің (ол не қылмыс жасаған, мен оны білмеймін,—Б.А.) біздің мемлекетіміздің сыйлығын алуға неге ұсынылуы тиіс? Оны ұсынып отырған кімдер? Ау, ол кісінің біздің елімізде шығармасының жеке кітап боп шыққанының ѳзі үлкен шаруа емес пе?  Қытай үкіметі қылмысты деп отырған кісіге бізде сыйлық беріліп жатса, не болады? Бұл үлкен саяси шатақ қой! Бірақ «автобиографиялық роман» деген жаңғыз білетін әдәби терминін айтып, ѳз жазғандары ѳз айтуынша «қара жартастай»,  шын мәнінде, кѳркем прозадан, соның ішінде роман жанрынан аулы алты кѳш жерде жатқан ѳлі нәрселерді жазған, руһани деңгейі жағынан екі аяғымен бірдей 19–ыншы ғасырдың жуан ортасында жатқан Қ. Жұмаділов бәрін де белден басып кетті. Абырой болғанда, ол талап іске аспады. Жалпы бүгіндері екі жыл сайын бір болатын осы ѳнер сайысына бір–бір «хун–вей–бин» қатыспаса,  қазақ әдәбиятының қара шаңырағы ортасына түсіп қалатын сияқты бір індет пайда болды. Бұ жерде ашық айтарым,  шетелдердегі деңгейі тѳмен, дамымаған, қарадүрсін әдеби дүниелерді Қазан тѳңкерісі кезінде Батыс Европаға кетіп қалған орыс зиялылары жасаған әдәбиятпен мүлдем салыстыруға болмайды. Бұлардың арасы жер мен кѳктей. Бұл бір. Екіншіден, мына жарнамада Мемлекет сыйлығының кімге, қай елдің азаматына т.б. берілетіні неге ашық айтылмаған? Шындығына келгенде, басты сыйлығымыз әдәбиятымыздың ыстық–суығына кѳніп, әл–шамасынша еңбек етіп жүрген, қолайсыз кез туа қалса, Такламакан қайдасың деп тарта жѳнелмейтін,  құба қалмақ түгел, қара қалмақ келсе де, ѳз туған жерінде қалатын, соны қорғайтын, соның мұң–мүддесін кѳздеп, сол тұрғыдан кітап, музыка шығармаларын т.б. жазатын, бүгін мұнда, ертең онда боп жылтыңдамайтын, жібі түзу бір әңгіме жазбағанына қарамастан телеайнаның мониторына сыймай, түгі бетіне шығып сыздана қалатын Смағұл Елубаевшылап кеудесін кермейтін,  ѳнер шығармасын жасасам деп тер тѳгіп жүрген нағыз Қазақстан азаматына (келімсектер мен кетімсектерге емес!) берілуге тиіс. Міне, осы басты шарт мына хабарламада жоқ! Неге? Сонда тәуелсіз болғанына 20 жыл толғанын жақында ғана атап ѳткен біздің мемлекетіміз немене кім кѳрінген келе сап, сыйлық алып, жѳніне кете баратын, тоқсан жолдың тоғысында тұрған жайдақ керуенсарай ма? Бұ не деген саяси бибастақтық? Мынадай ресми маңызды үлкен хұжатта осы баб неге жоқ?

Конкурстың келесі шарты тіпте «қызық». Ѳткен жолы ѳнер бәйгесіне қатынасу үшін керек деген хұжаттың саны бұ жолы одан да кѳбейіп кетіпті.  Мұнда ең алдымен, «1)Мемлекеттік органның немесе шығармашылық одақтың ұсынысы, 2) жиналыс хаттамасы, 3) Шығармашылық мінездеме…» т.б. қажет делініпті. Бұл да Сәбет заманынан қалған індет. Бүгінде (бұрында да сондай болатын,— Б.А.)   ешқандай ұжым белгілі бір шығарманы оқып, талдап, пікір айтып, жиналыс жасап, хаттама жазып жатпайды. Оларды автордың ѳзі жазып әкеп, «әке–кѳкелеп» жүріп, болмаса «әдәби пара» беріп (әдәби бастықты мадақтаған мақала жазып, қолшоқпар болып! т.б.),  «ырыстырандатып», қол қойдырып алады. Бұл бүгінде кѳпке аян жәйт. Енді келесі керек хұжаттардың тізімін оқығанда, Сәбет заманында ЦК–аға хатшылыққа ұсынылатын кісілерді кѳргендей әсерде боласың. Сурет те, тѳлқұжаттың кѳшірмесі де, мінездеме де, жеке бастың іс қағазы да т.б. қажет! Тек қана бұ жерде сыйлықтан дәмелі кісінің тайпасы мен руының ұранын айту ғана жетіспей тұр!  Келесі жолы мұның да талап етілетініне шәк жоқ.

Ең қызығы, сыйлыққа ұсынылған дүнияның 20 данасының талап етілуі. Баспа шаруасы соншалықты ақсап тұрған мына кезеңде қай жазушы кітаптың сонша данасын таба алады? Неге ол дүниелердің электрон нұсқасын пайдалануға болмайды? Осы жерде бір мысал келтіре кетейін. Ѳткен жылдары осы сыйлықты алған біраз шығарманы сынаған кезімде, комиссияның бір мүшесінен жай–жапсарды сұрап ем, ол әлгі кітаптары оқымағаны, жалпы ешкімнің оқып қарық қылмайтыны, баяғы болыстыққа таласқанда болатын «шар жинау» тәртібінің үстемдік ететіні, қарапайым тілмен айтсақ, «мынаған беру керек» т.б. деген ұйғарымның бел алатыны  т.б. жѳнінде ашық айтқан еді. Соған кѳп ұзамай кѳзім жәнә да жетті. Сол жылы осы сыйлықты алған бір танысымның «романын» оқып, жағамды ұстадым. Оны дереу кѳшедегі қоқысханаға апарып лақтырып жібердім. Одан тыс, үлкен сыйлыққа ѳз шығармаларын ұсынатындар кѳпшілікке таныс, белгілі қаламгерлер, композиторлар, суретшілер, актерлар, театр, кино қайраткерлері ғой. Олар жѳнінде осыншама мәліметті жинап жатудың не қажеті бар? Бұл бір. Екіншіден, сыйлық алатын автор емес, оның туындысы емес пе? Бұ жерде бар мәселені шығарманың жақсы–жамандығы ғана шешуге тиіс. Егер Сәбет заманындағыдай автордың «моральдық бет–бейнесіне», «саяси тұрақтылығына» т.б. қарап жатсақ, онда Ш.Қалдаяқовтың сыйлық ала қоюының неғайбыл болар еді.

Мына хабарламаның Жаңа Жылдың алдында елеусіздеу түрде ғана жариялануы(ол жайында әдәби жұртшылық қаңтардың ортасында ғана біледі!) мен  бар–жоғы бір ай мерзім ішінде бар шаруаны бітіре салынуының астарында жымысқы «қытайы қулық» жатыр. Сонда бұ не деген асығыстық? Немене жау қуып келе ме? Ол неге екі ай, үш ай т.б. уақытқа созылмайды? Әлде бұл «асығыстық» конкурсқа қатынасуға  басқа кісілер үлгере алмай қалсын дегендік пе? Оны айтпағанда, бас–аяғы он шақты абзацтан аспайтын хабарламада қазақша дұрыс, жібі түзу бір сѳйлем де құра алмаған «мамандардың» ертеңдері шынайы кѳркем шығармалардың жақсы–жаман жақтарын т.б. қалайша сараптай алуы, қалайша терңінен түсіне алуы мүмкін?

Осы арада ойланатын нәрсе жетерлік. Біріншіден, Мемлекетіміздің сыйлығынан дәмелі кісілердің хұжаттарын Мәдениет министрлігінің дайындайтыны қызық.  Ау,  осы сыйлыққа кандидатураларды ол уәзірліктің ѳзі де ұсынбай ма? Екіншіден, «комиссия» дегенді қалай түсінуге болады? Бұл ѳзі тұрақты ма, әлде тұрақсыз бірдеме ме? Оның мүшелері кімдер? Олардың тізімі неге белгісіз? Бұл соншалықты құпия болатындай нәрсе ме? Олардың кімдер екенін әдәби алаяқтар онсыз да біліп алмайды емес пе? Осы жерде Сәбет заманында болған Ленин және СССР Мемлекеті сыйлығын беру жѳнінде арнаулы комитеттің тұрақты түрде жұмыс істегенін еске ала кеткен жѳн.  Оны кѳп жыл бойы шынайы коммунашы, орташа шайыр болса да, талғамы жақсы Н.Тихонов басқарды. Сол кезде осы екі сыйлықты алған шығармалардың қай–қайсысы да белгілі бір кезеңнің жақсы дүниялары ретінде кѳрінді. Ол кезде Ленин сыйлығы 2 жылда бір рет, ал Мемлекет сыйлығы жыл сайын беріліп тұратын еді.  Бұған дейін бірнеше дәрежесі бар Сталин атындағы сыйлық та болған–ды. Осы сыйлыққа шығармаларды ұсыну 3 айға созылатын, туындылардың 5 данасы ғана тапсырылатын. Енді осы жақсы тәжірибені бізде неге қолданбасқа? Неге Елбасы атындағы сыйлықты тағайындамасқа? Неге оны 2 жылда бір рет, Мемлекет сыйлығын жыл сайын беріп тұрмасқа? Осы шаруаны ұйымастарып. сарапқа салатын, Президент жанынан неге арнаулы комитет құрмасқа? Неге қазынаның қай–қайдағы Крутойлар мен дарақы, әнші деуге аузың бармайтын бәтуасыз Пугачеваларға бостан босқа шашылып жатқан қыруар қаржысын ѳзімізге жұмсамасқа? Неге сыйлық беру шаруасын мынадай баланың ойыншығындай қылмай, салауатты іске айналдырмасқа?

Сѳз жоқ, «Илиада» да, «Шәһнама» да ешқандай сыйлық үшін жазылмайды. Жұрттың бәрі Гомер не Фирдоуси емес. Бүгінгілерден ондай дәрежені дәмету ѳзіміздің А.Асылбековті арнайы сапармен Ла–Скалаға жіберіп, белькантоны меңгеріп ал да, Э.Карузо, М.Ланца, Л.Паворотти, П.Доминго немесе Х.Карейростай боп ария айт деумен бірдей нәрсе ғана. Одан да «әбдірахмандардың» ауыл арасында «әшуләсын» айтып жүре бергені дұрыс. Әдәби сыйлық та сондай. Оны алсам деген ѳлермендер бәрі бір алады. Мен бұл ѳмірімде талай бұйқыт пен талай тәйтікті кѳрген кісімін. Енді Айтовты кѳріп отырмын. Ѳткен жылдары оның «Жас Алаш» газетінде жарияланған мемлекет сыйлығы турасындағы мақаласы бар болмысының қандай екендігін анық кѳрсетті. Мұндайлар кәзір ѳте кѳп. Осы сыйлыққа жыл сайын ұсынылатындардың тізімінен жарбаңдап, Жәркен Бѳдешов құрдасым да қалмайды. Рафаэльдің ырсылдай жүгіріп жүргені анау! Осы сыйлықты 8 рет ұсынылып, «сұрап» алғандай болған Иранбектердің ѳзін ѳзі «ірі» тұтып жүргені мынау! Қазақ халқын «қандала», «мәңгүрт», «құрт–құмырсқа» т.б. деген кітапсымағы үшін осы сыйлықты алғандардың дүмді боп тұрғанына не заман? Мұндайларға, «аузы қисық болса да, байдың ұлы сѳйлесіннің» заманында, бірдеңе деудің ѳзі  қиын.

Бірақта Мемлекетіміздің басты сыйлығы шынайы да дарынды ұл–қыздарымыздың жақсы шығармаларына беріліп тұруға тиіс. Бұ жерде сыйлықпен қатар, әдебиет пен ѳнердің түрлі саласының ѳз ерекшеліктерін ескерген жѳн. Бұрындары ѳнер саласында еңбек етіп жүрген ѳнерпаздарымызға еңбегі сіңген әртіс, халық әртісі т.б. деген атақтар беріліп тұрушы еді. Сол, неге екені белгісіз, жабылып қалды. Мұны бұрынғы қалпына келтіргенен еш зиян жоқ.

Еңбек Ері деген атақ жѳнінде де қатты ойлану керек. Егер Еңбек Ерін әдәбият пен ѳнерде түк те бітірмеген, бар–жоғы шенеунік қана болған қыржалқау, «Парасат» орденін ѳресіз парасатсыз алып жатса, әдәбиет пен ѳнер қауымының ішінде алауыздық туады. Қысқасын айтқанда, руһани жағынан жақсы дамыған қандай да болмасын кемелденген қоғамда «пілден қашатын фирдоусилердің» мүмкіндігінше аз болғаны, шама жетіп жатса, мүлдем болмағаны мақұл. Ѳкінішке орай, «ұлы фирдоусидің» үлкен орнын «қыртѳшкі хун–вей–биндер» басып кетіп отырғандай боп кѳрінетін бір бимәлім заманның зарпы байқалады.

Сол есіме түскенде, бір кездері Мәһмуд Ғәзнауидің қаһары мен алпамсадай пілдің қож–қож табынынан қорқып қашқан Фирдоуси бүгіндері бола қалса, қай елден виза ала қояр екен, ѳмірден озғасын, оған кімдер Мәһмудшылап, бір қап алтын–күміс артып, шолақ керуен жібере қояр екен деп қайдағы бір қолайсыз ойға батам.

Әй, қайдам!?

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *