Соттың тергеушiсiнiң алдында үстiнде алабажақ көйлегi бар, шалбарына жамау түскен, тырыли арық, кiшкене кiсi тұр. Оның өсiп кеткен шашы, шешек дағы бар бетi, қабағын жауып тұрған қалың қасының астынан әзер көрiнетiн көздері түрiн сұсты етiп көрсетедi. Оған қоса оның көптен берi алынбаған, таралмаған, шатасып, алба-жұлба болған шашы да тұр-түсiн онан әрмен суыта түскендей. Ол жалаңаяқ тұр.
— Денис Григорьевич! — дедi тергеушi. — Берi, жақынырақ келiңiз де, менiң сұрақтарыма жауап берiңiз. Осы жылғы июльдiң жетiсi күнi темiр жол күзетшiсi Иван Семенов Акинфов таңертең жол бойын шолып жүрiп, қырық бiрiншi шақырымда сiздi рельстi шпалдарға бекiтетiн гайканы бұрап алып жатқан жерiңiзде ұстап алыпты. Ол гайка, мiне, мынау! Сiздi ұстаған кездегi гайка! Осы рас па?
— Неме-е-е-не?
— Акинфовтың жаңағы айтқаны рас па?
— Ондай жағдай болған.
— Жақсы. Сен сонда гайканы не үшiн бұрап алдың?
— Неме-е-е-не?
— Әй, сен неменеңдi қысқарт, сұраққа тура жауап бер! Сен гайканы не үшiн бұрап алдың?
— Бұрап алсам, ол керек болған шығар, — дедi Денис төбеге қарап қойып, даусы қырылдай шығып.
— Сен ол гайканы неңе жаратпақ болдың, а?
— Гайканы ма? Өй, бiз оны тоқпаққа пайдаланамыз.
— Сенiң бiз дегенiң кiмдер?
— Бiз дегенiм халық та… Климовск мұжықтары ғой.
— Әй, сен бар ғой, өп-өтiрiк милау бола қалма, сұраққа дұрыстап жауап бер. Сенiң тоқпағың не?
— Мен бар ғой, өмiрi өтiрiк айтып көрген жан емеспiн. Ендi өтiрiк айтып… — дедi Денис мiңгiрлеп, көзiн жыпылықтатып. — Тақсыр, бұ жерде… өзi тоқпақсыз бола ма? Мәселен, қармаққа құртты немесе жәндiктi қадап, оны тоқпақсыз тереңге қалай батыруға болады? Сонда бұ да өтiрiк пе… — деп, Денис мырс ете қалды. — Егер қармаққа қадалған жем судың бетiнде қалқып жүрсе, онда не болады? Ана алабұға, шортан, лақа дегендер тереңде жүзiп жүредi, ал судың бетiне таман бiзде тек қана шилишпер жүзiп жүредi, ол қармақты онша қаба қоймайды, жемдi жесе де, өте сирек… Оған қоса бiздiң өзендерiмiзде шилишпер жоқ. Ол ашық айдынды жақсы көредi.
— Әй, сен неге шилишпер туралы соғып тұрсың, а?
— Неме-е-ене? Ау, ол жайлы өзiңiз сұрап отырған жоқсыз ба? Бiздiң бай-бағландарымыз да балықты осылай ауламайды ма? Тiпте ана боқмұрын бала да тоқпақсыз балық ауламайды ғой. Нағыз ақымақ болмаса, кiсi тоқпақсыз қармақ сала ма? Тек қана дәйiс кiсi сүйтедi.
— Сен сонда мына гайканы тоқпақ ету үшiн бұрап алдың ба?
— Ендi қалай деп едiңiз? Немене мен оны асық ойнау үшiн алды дейсiз бе?
— Әй, сен мұның орнына басқа нәрсенi неге пайдаланбадың, а? Немене ана қорғасын, темiр, шеге дегендер құрып қалды ма?
— Өй, сiзде бiр… Кәзiр қорғасын деген далада жатқан жоқ, оны сатып алу қажет, ал шеге дегенiңiз тоқпаққа жарамайды. Ең дұрысы — мына гайка… Оның ортасында тесiгi бар, әрi салмақты…
— Әй, сен жорта, өтiрiк ақымақ бола қалма! Сен немене кеше туылдың ба әлде аяғың салбырап аспаннан түсе қалдың ба? Ақымақ-ау, сен мұның аяғының неге соғатынын түсiнбейсiң бе? Егер де күзетшi көрмегенде, пойыз рельстен тайып кетер едi, қаншама кiсi қырылар едi! Сен сонда кiсi өлтiрген бiреу боп шыға келетiн ең!
— Құдай сақтасын, тақсыр, ондай ой басыма кiрiп те көрген емес. Адамдарды мен не үшiн өлтiрмекпiн? Мен сонда дiнсiз, жауыз бiреумiн бе? Құдайдың өзi кешiре көрсiн, қадырданды тақсыр, азды-көптi жақсы өмiр сүрдiк, соның iшiнде кiсi өлтiрмек түгел, ол туралы ой басыма кiрiп те шығып көрген емес… О құдай, өзiң бәле-жаладан сақтай гөр! Сiздiң мұныңыз не?
— Әй, сен немене сонда пойыздың неден құлайтынын бiлмейсiң бе? Дәл мынадай екi-үш гайканы бұрап алсаң болды, апат болады!
Денис жақтырмай мырс ете қап, тергеушiге көзiн қыса қарады:
— Қайдағы! Осындай гайканы бұрап алып жүргенiмiзге пәленбай жылдың жүзi болды… ендi кеп апат… кiсi өлтiру… туралы айтасыз. Егерде рельстi суырып алып кетсем, болмаса жолдың үстiне кесiлген бөрененi кесе-көлденең қойсам, онда әңгiме басқа… Пойыз сонда ғана құлайды. Ал мына гайкадан… тiпу, со да сөз бе?!
— Әй, түсiнесiң бе, жоқ па, мына гайкамен рельстi шпалдарға бекiтедi ғой.
— Оның түсiнбейтiн несi бар?.. Ау, бiз барлық гайканы бұрап алып жатқан жоқпыз ғой… олардың бiр-екеуiн ғана аламыз, қалғандарына тимеймiз… Өйтiп iстейтiндей, кiм ақымақ?
Денис аузын кере ашып, есiнеп қойды.
— Өткен жылы осы арада пойыз құлап едi, — дедi тергеушi, — демек, түсiнектi болды…
— Неме-е-е-не?
— Өткен жылы пойыздың қалай құлағаны ендi түсiнектi болды дейiм…
— Ау, сiздер көзi ашық бiлiмдi кiсiлер емессiздер ме? Мұны сiздер түсiнбегенде, кiм түсiнедi? Сiздердiң ақыл-ойларыңыз жетiк дегендей… Сiз о жағын дұрыс, түсiнiп айтып отырсыз. Ал ана күзетшi деген миы жоқ мұжық қой, ол келдi де, жағамнан алып, былай… дырылдатып сүйрей жөнелдi… Өзi ештеменi түсiнiп болмай жатып, сүйрей ме екен? Ол, қалай десең де, ақылы қысқа мұжық! Сосын, тақсыр, ана қағазыңызға жазып қойыңыз, ол менi аузым мен кеудемнен екi рет ұрды…
— Сенi тiнткенде, тағы да басқа гайканы тауып алыпты ғой… Оны сен қай жерде бұрап алдың?
— Сiз ана қызыл сандықтың астында жатқан гайка туралы айтып отырсыз ба?
— Әй, оның қайда жатқанында шаруам жоқ, мен оның сенi тiнткенде табылғанын бiлем. Сен оны қай жерден бұрап алдың, а?
— Жоға, мен оны бұрап алған емеспiн, оны маған ана ақсақ Семеннiң баласы Игнашка берген. Ол сандықтың астында жатқан. Ал ана ауладағы шанадан тауып алған гайканы Митрофан екеумiз бұрап алғанбыз.
— Ол қай Митрофан?
— Ол ана Петрдың Митрофаны… Сiз немене ол жайлы естiмеп пе едiңiз? Ол деген ау тоқып, оны тақсырларға сатады. Сол себептен де оған көп гайка керек. Санап көрiңiз, бiр ауға он шақты гайка байланады…
— Әй, сен осы… Тыңда, кәнеки… Жаза туралы жинақтың бiр мың сегiз жүз сексен бiрiншi бабында темiр жолға қасақана зиян келтiрiлсе, соның салдарынан көлiк апатқа ұшырайтын болса, оның аяғының қиынға соғатынын қаскүнем бiлсе… деп жазылған. Әй, түсiнiп тұрсың ба осы, онда бiлсе деп жазылған? Гайканы бұрап алып жүрген сенiң мұны бiлмеуiң мүмкiн емес… мұндай қылмыс жасаған айтыпты кiсi каторгаға айдалады… Сен соны бiлесiң бе, а?
— Бiз деген қараңғы, надан адамдармыз, оны қайдан бiлейiк… Оны сiздер жақсы бiлесiздер…
— Сен оны жақсы бiлесiң, өтiрiктi соқпа!
— Ау, өтiрiк айтып нем бар? Маған сенбесеңiз, ана деревнядағылардан сұрап көрiңiз… Мынадай тоқпақсыз бiзде тек үкішабақты ғана аулайды, ал мөңке… дегендердi тоқпақсыз аулау қиын.
— Сен, бәлкiм, шилишпер туралы айтарсың? — дедi тергеушi мысқылдай күлiп.
— Шилишпер деген бiздiң өзендерде жоқ.. Бiз тоқпағы жоқ қармақтың жiбiн көбелек қадап судың бетіне тастаймыз, оған тек құсбасты ғана аулауға болады, о да сирек.
— Әй, қысқарт сөздi…
Бөлме iшiн үнсiздiк басты. Бiр аяғынан екiншi аяғына мiнiп, қозғалақтаған Денис жасыл сукно жабылған үстелге қарады, сосын қарсы алдында сукно емес, күн тұрғандай, көзiн қайта-қайта жыпылықтата бердi. Тергеушi жазып жатыр.
Шамалыдан соң Денис:
— Мен… мен… кете берейiн бе? — деп сұрады.
— Кеткенi несi? Мен кәзiр сенi тұтқындап, түрмеге қамаймын…
Денис көзiн жыпылықтатқанын қойып, қалың қасын жоғары көтерiп, тергеушiге таңдана қарады:
— Сонда… қалай… түрмеге қамағаны несi? Қадырданды тақсыр! Кәзiр менiң уақытым жоқ, менiң жәрмеңкеге баруым керек; онда барып, шошқаның майы үшiн Егордан үш сом алуым қажет…
— Өй, өшiр үнiңдi! Жұмысқа кедергi жасама!
— Ау, бұл өзi… түрме дейсiң… Сонда оған менi не үшiн қамайсыз? Менiң не жазығым бар? Бар кiнәм… сол ма? Мен ұрлық жасаған, болмаса төбелескен жоқпын… Егерде сiз кем шыққан нәрсе туралы күдiктенсеңiз, тақсыр, сiз ана старостаға сенбеңiз… Сiз оны тұрақты мүшеден сұраңыз… Ана старостаның иманы жоқ…
— Әй, өшiр үнiңдi!
— Мен онсыз да үнiмдi өшiрiп тұрмын, — дедi Денис мiңгiрлеп. — Ана тексеру кезiнде староста өтiрiк айтты, оған ант етуге бармын… Бiз үш ағайындымыз: үлкенiмiз Кузьма Григорьев, одан кейiн Егор Григорьев, сосын барып мен Денис Григорьевпiн…
— Әй, сен маған кедергi жасап тұрсың… Әй, Семен! — дедi тергеушi айқайлап. — Алып кет мынаны!
Сол арада екi алпамсадай солдат жетiп кеп, камерадан жұлқылап, итермелеп, шығарып алып бара жатқанда, Денис мiңгiрлеп:
— Бiз үш ағайындымыз, — дедi. — Ағасы үшiн iнiсi жауап бермейдi… Жетпеген пұлды төлемеген — Кузьма, сол үшiн Денис неге жауапты?.. Ақ-қараны айырғыш сот дегенiң осы! Кәзiрде ана топырағы торқа болғыр, генерал-баринiмiз тiрi болса ғой, сен сияқты соттардың көкесiн көзiне көрсетер едi… Сендер қалай соттауды да бiлмейсiңдер, бас-көз жоқ… Жасаған қылмысың болса, көк ала торғайдай қылса да сөзiм жоқ. Ал сендер…
1976 жыл