Аспаны Алматының қойды ашылмай…

Аспаны Алматының қойды ашылмай,
бұлттар тұр көктi жауып қорғасындай.
Тұмшалап Күннiң көзiн көрсетпейдi,
айрылмас ала тұман жолдасындай.
 

Сырт сұрқай. Кетпейдi ешбiр бұлтың көшiп,
таңғалып сiбiрлiк жүр шiркiн десiп.
Адасқан, орындықта, қос тырнаша
әлi отыр шал мен кемпiр күңкiлдесiп.
 

Бiреу-ақ айтар сөзi күнде-күнде,
тауысқан көргенiн де, бiлгенiн де.
“Дедушка!”— немересi деп асылса,
байғұстар байқамайды күлгенiн де.
 

Балалар одан әрi тасырлаған.
Алаң бос. Жоқ ешқандай қасында адам.
Бiреулер ана жақта көшiп келiп,
мебелiн жатыр алып машинадан.
 

Жәшiктi қабат-қабат жинағандай
көп қабат таққаласын үйге қандай!
Жаныңды сұрқай сырты жылытпайды
түсiрген «Қазахфильм» кинолардай.
 

Тұрғанмен өзiн өзi зорлап күлiп,
жас қыздың көзiнде жоқ салмақтылық,
Ыржақай бұл шiркiндi кең далада,
ойлаймын, қояр ма деп мал бақтырып.
 

Отырмын. Бiр күш алып, түңiлдiм мың,
тiрлiктiң қағидасын бүгiн бiлдiм.
Сүруге кеуiлдi өмiр тиiстiсiң,
қаншама созылса да бұлыңғыр күн.
 

Содан ба, қынжылмастан күнәға түк,
қызыққа балконында жүдә батып,
құшақтап бұйра басты, айтып өлең,
әлi отыр көршi қатын сыралатып.
 

Бұлыңғыр ескермейдi ол күндi мүлдем,
басқаша балдар да алаң тiрлiгiмен.
Көмiлген алшақ-алшақ бағандардай
iсi жоқ кiсiлердiң бiр-бiрiмен.
 

Бұл қызық! Тауың да жоқ табындырған,
бiр түрлi құр қалғандай жаным нұрдан.
Ұлы тау еңсемiздi баса бермес,
күн нұры шығар әлi сағындырған.
 

1973 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *