Қызықты қыз бен қуалап,
өткерген ойсыз кездерiн,
тастаған даңқ дуалап
жазғыштар сылдыр сөздерiн,
жырым деп жұртқа ұсынар,
сырым деп соғар жалғанды.
Оқыған кiсi ұшынар,
тұмау ол улар бар маңды.
Таңқы өтер оны даңқ деп,
ойлы өтер оған тiс жармай.
“Шауыпкел”, шолақ, “барыпкел”
өнерге кәзiр дұшпандай.
Шынында, ойлы, отты өлең
күйттей ме қыз бен қызықты?
Гүмпiлдеп жүрген көп керең
нағылсын жақұт жүзiктi?
Нағылсын сұлу сөзiң мен
тебiренткен терең пайымды?
Еңсенi кәйтсiн езiлген,
нағылсын жас пен уайымды?
Нағылсын қатаң ғұмырдан
жабырқап қашқан жырыңды?
Нағылсын қызға ұсынған
шәшмәдай шыққан сырыңды?
Адамға керек өзге жыр,
сезiмi қалмас оянбай.
Тұрар ма соны сезген ұл
омырауы жасқа боялмай?
Ақыры жазар бiр жампоз,
қаламы қанына малынар.
Көмейге келiп тұрған сөз
дұғадай түнгi ағылар…
15.02.1973