Талай боздақ таласса да бәс тiгiп,
жер тiзгiнiн қоймады оған тапсырып.
Бұ дүнияны жеке-дара билейтiн
бiр ұлы бар. Оның аты – жақсылық.
Тағдырыңа — талайыңа кез келген
мың құбылса өргек өмiр өзгерген,
барлығын да бiз бағалап өлшеймiз
соның ғана қолындағы безбенмен.
Жорта күлiп, жабағыша түтiлген
жалған айтып, шықса кермал күпiнген, —
барлығын да айыптаймыз аямай,
соның қана қолындағы үкiммен.
Сын сайыста қодық озса күлiктен,
жалтақ туса жау қайтарар жiгiттен,
барлығын да дүрелеймiз тiстенiп,
соның қана қолындағы шыбықпен.
Бұ не сонда? Әлде сөз бе сырғытпа?
құр қиялға өлде құлдық ұрдың па?
Әлде айқындар замананың астарын
мұның бәрi жетсем деу ме шындыққа?
Кiм бiлiптi. Көп пе сондай әз адам?
Халық қашан құтылған-ды назадан?
Сол ұлының елшiсiмiн жердегi,
Сол ұлының елшiсi боп сөз алам…
1975 жыл