Сұмдық соғыс жеткен бiзде тамызда
қуанышты бермей қойды қарызға.
Асыр салып жүрген сонда балалық
көз жасы боп сiңе бердi аңызға.
Бiтес деумен тез арада майнады
бұғанамыз бекiместен қайғы алды.
Кеше ат қылып мiне қашқан қара тал
ендi қатал шыбыртқыға айналды.
Ең қиыны — жас қиялды жоғалттық‚
ерте есейген ойға жүктi көп арттық.
Торғайларды топырлатқан садақты
егiн ордық‚ ертесiне орақ қып.
Ең жаманы — тиыштықты шайқаған
сұрапылда күрт үзiлдi айтар ән.
Жасырынбақ ойнап жүрген сәби шақ
жасырынып‚ келмей қойды қайтадан.
Ол кеткесiн‚ азамат боп аңғарлы‚
көрiп өстiк өшкен менен жанғанды.
Көрiп өстiк жесiр қалған келiндi‚
көрiп өстiк қыз құшқан шалдарды.
Бiлiп өстiк жаңғыз үзiм нан құнын‚
жастай бiлдiк бар екенiн әңгiнiң.
Анық бiлдiк не хикметтi тартатын‚
анық бiлдiк қиындықтың барлығын.
Балалық шақ өскен сонда оқ көрiп
бiр-ақ сәтте шашы ағарып‚ кеттi өлiп.
Со жылдары Жердiң басын жарылған
үлкендермен бiз де бiрге көктедiк.
Соғыс бiттi. Ендi «жеңiс» айтар ән‚
қалпын тапты тиыштық жел шайқаған.
Садақ‚ шыбық‚ жасырынбақ келгенмен‚
балалық шақ… келмей қойды қайтадан.
Сол бiр кездi бiз қимаймыз расында‚
өте шықты-ау ұқсап аққан жасынға!
…Сонау жылы шашы ағарған балалық
жүр көлбеңдеп баламыздың қасында.
1975 жыл